Еnbek.kz еңбекті ақтай ма?
– Иә, тыңдап тұрмын айта беріңіз.
– Биология пәнінен оқытушы іздеген екенсіздер. Менің мамандығым...
– Түсіндім, кешіріңіз, ол орынға адам алып қойдық, – деді де арғы жақтағы адам қоштаспастан телефон тұтқасын тастай салды. Бұл осымен үшінші рет.
Айжан мұғалімдікті бітіріп келгеніне бір жылдан асты. Қолына қызыл дипломын құшақтап, жұмыс іздегеніне де біраз болды. Аудандағы мектептердің барлығына дерлік барды. Бәрінің айтатыны бір сөз. Құдды ойласып алғандай: «Бос орын жоқ, түйіндемеңізді қалдырып кетіңіз. Керек болсаңыз, хабарласамыз», – деп шығарып салады. Соңғы сөздің салмақсыз екенін мектеп басшылығы түгіл Айжан да сезіп тұрады. «Еnbek.kz» порталын күніне екі рет шолып шығады. Өзінде жұмыс іздеуші ретінде тіркеп қойған. Сол күннен бастап телефонына түскен әр қоңырауды үлкен үмітпен қабылдайды. Алайда күткен жаңалығы еместігін естіп көңілі құлазиды. Мәселе, порталда емес. Оның тілі ұғынықты әрі тиімді тұстары да жетерлік. Елдің бәріне болмағанымен, жолы болғыштарға «Еnbek.kz»-тің көмегі тиюде. Бірақ оған жұмысты енгізіп отырғандардың орынсыз әрекеттері жоқ емес. Қашанда көзбояушылықты қоя алмайтын қасиетіміз бұл жерден де байқалады. Яғни порталға жаңа ғана шыққан хабарландыруға хабарлассаңызда адам қабылданып қойғандығын айтып, асығыс қош айтысады. Бәрі бірдей сондай деуден аулақпыз. Дегенмен тамыр-таныстық «еңбекке де» еніп кеткен бе деп ойлайсың?.
Іздеп жүріп «Еnbek.kz» арқылы еңбекке араластым деген бір адамды таптық. Алғашында «Иә, портал арқылы жұмысқа орналастым. Ешкімнің көмегінсіз» деген кейіпкеріміз сөз арасында алдын ала жұмысқа орналасатын мекеме басшылығымен «Порталға жұмыс іздеуші ретінде өтініш қалдыр. Біз мына жақтан сені қабылдай қоямыз» деген келісімнің болғанын айтып қалды. Аты-жөнін жарияламауды өтінген соң, бізде қызметтік этикамыздан аса алмадық.
Қоғамда осы екі оқиғадағы жанның күйін кешіп жүргендер қаншама. «Бармақ басты, көз қыстылық» барда жең ұшынан жалғасқан жалғандық жойылмасы анық. Осындай олқылықтар «Еңбектің» еңбекті ақтайтынына күмән келтіретіндей.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА