Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жанқиярлық еңбекке құрмет

Жанқиярлық еңбекке құрмет

– Алло, сәлеметсіз бе, бұл жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі ме екен?
– Саламатсыз ба, иә, айта беріңіз, сізді тыңдап тұрмын...

Біздің Іскендір ағаймен ең алғашқы таныстығымыз осылай басталды. Жұмыс барысымен індет кезіндегі аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің жай-күйінен, ондағы науқастардың хал-жағдайынан хабардар болып, басылым бетіне жариялау мақсатымен хабарластық.
Ертесіне сақтық шараларын сақтап, дәрігермен жолығуға жұмыс орнына бардым. Себебі мен іздеген маман елде жарияланған төтенше жағдайға орай екі айдан бері үйіне қайтпастан науқастарға ем-дом жасауда. Аурухана алдынан қарсы алған Іскендір аға байыппен сөйлейтін, биязы кісі екен. Білікті басшы бөлім жұмысымен таныстырып, қазіргі ахуалды баяндады. Сол жолы әрбір емделушінің жағдайына алаңдап, олардың дертінен айығуына бар күш-жігерін жұмсайтындықтарын айтқан еді. Бұдан кейін арада бір ай өтер-өтпес уақытта телефон соғып, мәлімет сұрағым келгенде ағай: «Қызым, ауырып қалып едім. Кейінірек хабарласа аласың ба?» деген сөзді қатты жөтел қыстап әрең жеткізді. Сауығып кетуін тілеп, телефон тұтқасын қойдым. Ертесіне «Жұқпалы аурулар бөлімінің дәрігері қайтыс болыпты» деген суыт сөз желдей есті. Өзгелердің өмірін құтқаруға жанұшыра кіріскен антына адал ақ халатты абзал жан арадан осылай кете барды.
Ол ғұмырының 35 жылдан астам уақытын денсаулық сақтау саласына арнады. Еңбек жолын 1986 жылы Қазалы аудандық ауруханасында дәрігер педиатр болып бастаған. Әр жылы «Жетес би» жанұялық дәрігерлік емханасында аймақтық бала дәрігері, балалар бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2015 жылдың тамыз айынан бастап өмірінің соңына дейін жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, дәрігер инфекционист болып еңбек етті. Көп жылғы еңбегінің жемісі – «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Аты жаман ауру өршіген кезде өз iсiнiң шеберi, елінің нағыз жанашыры күн-түн демей жұқпалы аурулар бөлімінде, провизорлық стационарда жұмыс жасап, көптеген науқастың жазылып шығуына себепкер болды.
«Жақсының аты өлмейді» деген. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 13 шілдедегі Жарлығымен Қазалы ауданаралық ауруханасының жұқпалы ­аурулар бөлімінің меңгерушісі, ­дәрігер-инфекционист, марқұм Жұмағазы Іскендір Жиенбайұлы «Құрмет» орденімен награтталды. Сәрсенбі күні аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Іскендір Жұмағазыға тиесілі «Құрмет» орденін әкесі Жиенбай Жұмағазиевке табыстады.
– Осындай қиын-қыстау кезеңде біздің дәрігерлер азаматтардың өмірін аман алып қалу бағытында ештеңемен ­санаспай ауыр дертке бетпе-бет келді. Өкінішке қарай, бұл күресте біз алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлерімізден де айрылып қалып жатырмыз. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өмірінің соңына дейін борышын адал өтеген дәрігерлердің еңбегін жоғары бағалады. Солардың қатарында Іскендір Жұмағазыға да қайтыс болғаннан кейін «Құрмет» орденін беру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл денсаулық сақтау саласы қызметкері үшін берілген әділ баға, – деді аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
18 шілде 2020 ж. 506 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930