Нөмір ниетті бұзбасын
Ата-бабаның бар мен жоқты, аш пен тоқты, адалдық пен сатқындықты бастан өткізген тарихына үңілсек, ашкөз тойымсыздық, қара басының ғана қамын ойлау секілді ұсақ пендешіліктен алыс жүрген. Керісінше ол кездегі адамдар бір-біріне өте қайырым, жанашыр, сүйеніш болған.
Міндетті түрде қолындағы барымен бөлісуді мұрат тұтқан. Халық ынтымақты бірлігімен, шуақты мейірімімен ерекшеленген. Жетімін жылатпай, жекіріп қаңғытпаған. Барлығын ру басшысы, ауыл ақсақалдары шешкен. Халқымыз қол күшін қажет ететін, көпшіліктің қатысуымен іске асатын үй салу, қой қырқу, киіз басу, шөп шабу сияқты қауырт жұмыстар ағайын-тума, ауылдастың жалпы көпшіліктің көмегімен атқарылған.
Ал енді өзіміз өмір сүріп жатқан қазіргі заман адамдарының кісілік келбеті қандай дәрежеде? Нарық заңында бәрі есепке тәуелді қаржы басты рөл ойнайтынын, ақша болмаса ештеңе де бітпейтіні рас. Алайда кейбіреулер тек мен алсам, мен ғана ішіп-жесем, өзім ғана байысам деген ниетпен пейілін бұзып алғандай. Кейбір құндылықтарымыз өзгеріске ұшырап, жаппай ашкөздік пен дүниеқұмарлық қарақан бастың ғана қамын ойлау белең алғандай.
Ғалымдар мен сарапшылардың пікірінше, өткен ғасырдың 60-шы жылдары басталған тұтынушылық психология адамзат баласының ашкөздігіне, тойымсыздығына ұласқан көрінеді. Осыдан 30-40 жыл бұрын күнкөрісі бәрімізбен бірдей болған азғантай топтың миллионер, тіпті миллиардер атанып жүргендері жетерлік.
Айта кету керек олардың көбі салықтан жалтаруды, нақты табысын әртүрлі құйтырқы тәсілмен жасыруды әдетке айналдырып алған. Сондықтан да олардың шетелге шығуына шектеу қойылып, банктегі есепшоттары бұғатталып жатыр.
ҚР Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Айдархан Құсайнов өзінің авторлық сайтында «Қазақстан халқының 1-3%-і ғана үлкен көлемде сауда жасауға немесе ақшалай қор жинауға мүмкіндігі бар. Қалған 97%-і халық жалақыдан жалақыға дейін өмір сүреді. Жоғарыда аталған 1-3%-і бай халық Астананың сол жағалауындағы сәнді үйлерде оқшау тұрады. Олар Қазақстандағы нақты жағдайды білмейді» – делінген.
Демек дәулеттілер 97% кедейлердің тұрмысын сезінбейді деген сөз.
Қарап отырсаңыз, бай-бағландардың ішінде де тартыс жетерлік. Олардың арасында бәсекенің түрі көп. Соның бірі – қымбат көліктеріне тағылатын «крутой» нөмірлер. Бүтіндей отбасы көліктеріне бірдей нөмір тағып жүреді, шыны керек сол арқылы әулетті айыратын болдық. 2014 жылы ҚР Салық кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес «Керемет» нөмірлер ашық түрде сатылымға шығарылып миллиондаған ақша мемлекет пайдасына түсіп жатыр. Ал енді қымбат нөмірлердің бағасына келер болсақ, 2020 жылы 755535 теңге, 2021 жылы 831345 теңге болған. Ал 2022 жылы 872955 теңге болып отыр. Бір қызығы, біздің бай-бағландарымыз қызығын көріп жүрген «қу қаңылтырды» шетелде қоқыс таситын көліктер тағады екен.
Қазір елімізде қалтасы қалың азаматтар жетерлік. Байлардың болғаны өзімізге жақсы, қызғаныш жоқ. Дұрыс, байысын, бірақ жан-жағындағы адамдардың да жағдайын түзесін. Жұмыс орындарын ашсын, қайырымдылыққа көңіл бөлсін. Оларға мемлекет қолдау білдіріп, көмектесіп жағдай жасап жатыр. Ендігі кезекте солардың қайтарымы болу керек деп ойлаймын.
Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қоры құрылды.
Бүгінгі күні аталмыш қорда 125,5 миллиард теңге қаражат бар. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге жұмсалмақ.
Президентіміздің бұл бастамасына қолдау білдіруші азматтар да елімізде бой көрсетіп жатыр. Келешекте солардың қатары артып, жалпақ жұртқа пайдасын көптеп тигізе берсе деген тілегім бар.
Қазақ деген дархан халқымыздың ізет, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, кішінің үлкен алдындағы парызы мен қарызы сияқты ежелгі ұстанымдары табанға тапталмаса, ниетіміз бұзылмаса екен деймін.
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы салық саласының ардагері