Қазақстан әйелдері: статистика, цифрлар, проблемалар
Қазақстанда экономикалық белсенді тұрғындардың 48,5 пайызы - әйелдер. Мұндай деректі ranking.kz порталы ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Портал дерегінше, осы жылдың басындағы мәліметтерге сәйкес елімізде 9,84 млн әйел бар және ел халқының 51,4 пайызын құрайды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,2 пайызға көп. Еңбек нарығында да әйелдердің үлесі басым. Экономикалық белсенді халықтың 48,5 пайызын әйелдер құрайды. Елімізде жұмыспен қамтылғандардың 48,1 пайызы, барлық жалдамалы жұмыстардың 48,9 пайызы - әйелдер. Жеке кәсіпкерлікте де нәзік жандылардың үлесі зор. 2021 жылдың соңында әйелдер басшылық ететін тіркелген кәсіпкерлік саны 9,1 пайызға, 625,1 мыңға дейін артты. Бұл ретте жеке кәсіпкерлікте қыз-келіншектер өте белсенді. Атап айтар болсақ, 29 жасқа дейінгі әйелдер басқаратын жеке кәсіпкерліктердің саны жыл ішінде 37,2 пайызға артып, 88,7 мыңға жетті. Жалпы, Қазақстанның жалпы ішкі өніміне әйелдер қосатын үлес 40 пайызға жуықтайды. Дегенмен, елімізде әйелдерге қарағанда ерлер жалақының 22 пайызға жоғары алады. Өткен жылдың 4-тоқсанында Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз болды. Оның ішінде ерлер арасында жұмыссыздық 4,1, ал әйелдер арасында 5,1 пайызды құрайды. Бірақ, ерлерге қарағанда әйелдер біршама білімді әрі білікті маман болып келеді. Мәселен, пандемияға дейін Қазақстанда әйелдердің жоғары біліммен қамтылуы 73,2 пайыз, ал ерлер 61,1 пайыз болған.