Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Лайкпен бағалау лайық іс пе?

Лайкпен бағалау лайық іс пе?

Заманға сай білім бәйгесі мен өнер додасына түскен өренді лайк басу арқылы бағалау дәстүрге айналды.
Сілтемені жіберіп, артынша «Балам жарысқа қатысып жатыр, лайк басып жіберші», немесе «Мынау менің қызым еді, жақсы пікір жазшы» деген өтінішке толы хаттар қаптап кетті. Күніне кем дегенде біреуі келеді. Ашып қарасаң, анау айтарлықтай айрықша дүние таппайсың. Басқа балалардың бағыты қалай екен деп парақшаны ақтарсаң, бәрі бір деңгейде, бір-бірінен бөле-жаратын ештеңесі жоқ. Тіпті кейбірінің таланты «танысыңдікінен» асып тұрады. Алайда қолдаушысы аз. Жазығы жақын жандарының әлеуметтік желіні аз қолданатындығы.
Әнеукүні бір оқиғаға тап болдым. Көшеде бо­­й-бой болып бір бала жылап келеді. Шошып кеттім. Адамның ойына бірден жамандық оралатыны несі? Бір жақыны бірдеңеге ұшырап қалды ма деп уайымдап қалдым. Жұбатпақ ниетте жанына жақындадым.
– Не болды? Неге жылайсың? – деген сұрағыма бала бастапқыда тосырқай қарады. Кілт кідіріп, білегінің сыртымен көз жасын сүртіп, үнсіз қалды. Қылығына ұялып, жанарын төмен салды. Естілер-естілмес дауыс­пен:
– Жай, – деді.
– Жайдан-жай бұлай адам жылай ма? – деп себебін білмекке тырыс­тым.
– Орын алмадым. Суретті әдемі салып едім, бірақ лайкты аз жинаппын. Анама айттым ғой интернетке кіретін телефон алыңыз деп, – деген бала бұртия сөйлеп, жабырқап қалды. Әңгіменің төркінін түсінгендей болдым.
– Қане, суретіңді көрсетші, – дедім. Арқасындағы ауыр сөмкесінен иығын әрең босатып, сыдырмасын ашты. Кітаптың арасына мұқият қойылған парақты алып, қолыма ұстатты. Өзі айтқандай әдемі салыпты. Көктемгі табиғаттың бейнесін тамаша үйлесімділікпен суреттеген. Бағалауға лайық дүние.
– Керемет, маған қатты ұнады, – дедім қайтарып беріп жатып. Бүлдіршіннің жүзіне сәл күлкі үйірілді. Әңгімеміз осы жерден үзілді. Өйткені ол оң қапталдағы жасыл қақпалы үйге кіріп кетті.
Еріксіз ойға қаласың. Лайкпен бағалау қаншалықты дұрыс. Бұл әрекетімізбен баланың сағын сындырып, меселін қайтарып алмасақ игі еді.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
26 ақпан 2022 ж. 881 0

Келелі кездесу

11 мамыр 2024 ж. 26

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031