Тоқаев жемқорлық жайлы: министрлік пен әкімдер жауап беруі керек
Президент сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу құқық қорғау органдарының жұмысынсыз мүлде мүмкін емес деп санайды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығындағы былыққа министрлік пен әкімдер жауап беруі керек екенін айтты, деп хабарлайды Ақорда.
Президент сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу құқық қорғау органдарының жұмысынсыз мүлде мүмкін емес деп санайды. Көп жыл бойы олар мәселені терең зерттемей тұрып, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап келді.
Әртүрлі адам бір лауазымды атқарып отырып, бірдей мәселелерді шешкені үшін кінәлі деп танылған. Жемқорларды тұрақты түрде ұстап, түрмеге тоғытып отырған.
Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған. Тек соңғы жылдары ғана осы мәселеге назар аударыла бастағаны байқалады.
"Бұл жерде ауыл шаруашылығындағы субсидияларға байланысты жемқорлық деректердің анықталғанын атап өтуге болады. Кейінгі бес жылда мемлекет аграрийлерді қолдау үшін екі триллион теңге бөлді. Осы уақыт ішінде аталған салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батуда", - деді Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңесте.
Айтуынша, соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған.
"Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті, кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек", – деді президент.