Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақ халатқа дақ түсірмеген

Ақ халатқа дақ түсірмеген

Ақ халатты дәрігерлердің қоғамда алатын орны ерекше. Солардың бірі әрі бірегейі, өзінің саналы ғұмырын толығымен медицина саласына арнаған, яғни 38 жылын бас дәрігер болып, халыққа сапалы қызмет атқарған, әріптесім Махат Жансейітов адал әрі тиянақты еңбегімен алғыс алған жан еді.
Махат Еңсепбайұлы – Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылында дүниеге келген. Әкесі Еңсепбай көп жылдар сауда саласында еңбек еткен, әулетімен қоса бір ауылдың қамқоршысы һәм сүйеніші болған. Өз балаларын баласы жоқ ағасына, нағашысына беріп, солардың жүректеріндегі жарасына шипа жасаған кісі.
Ол Қазалы қаласындағы Ғ. Мұратбаев атындағы 17 мектепті 1957 жылы бітіргеннен кейін, Бекарыстан би ауылындағы селолық тұтынушылар кооперациясында 3 жыл жұмыс жасап, 1960 жылы Алматы медициналық институтының емдеу факультетіне түсті. Оқуды 1966 жылы бітіріп шығады. Артынша көп ұзамай Қазалы аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансеріне жұмысқа орналасты.
Сол кезде ауданға қазақ медиктері көптеп келе бастаған болатын. Олардың Қазалыдағы көш бастаушысы Файзрахман Жұмағұлов бас дәрігер боп 1963 жылдан бері еңбек етті. Оған дейін бұл жұмысты басқа ұлттың өкілдері атқарыпты.
1966 жылы аудандағы саусақпен санарлықтай дәрігерлерге: Қорезм Баймұратов, Оңғар Бекетаев, София Досмаилова, Әжмәдин Дербсалин, Бітім Елеуова, Нұрқасын Сейітбаев, Сержан Берденов, Қапиза Берденова, Аманғазы Айнанов, Пазылбек Қадырбаев, Жарылқасын Мырзалиевтерге Махат Жансейітов қосылып, қатарын толықтырды.
Ауданда туберкулездің өршіп тұрған кезі еді. Бас дәрігер Г. Ф. Кузьмин, дәрігерлер Қ. Берденова, Сәуле Шоқпытова, Мақаң төртеуі осы індеттің азаюына зор үлес қосты. Білімді жас дәрігердің қабілетін ескеріп, үш жылдан кейін 1969 жылы осы диспансерге бас дәрігерлік қызметке көтерді. Бас дәрігерлікті 17 жыл абыроймен атқарды. Бұл жылдары еңбектегі табыстары үшін Одақтың «Ерен еңбегі үшін» медалімен, КСРО-ның «Денсаулықсақтау ісінің үздігі» және «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен, Облыстық денсаулықсақтау бөлім меңгерушісі С. Ө. Мақашеваның «Алғыс хатымен» марапатталды. Бірнеше мәрте Қазалы қалалық Кеңесі халық депутаты болып сайланды.
Ал 1986-1997 жылдар аралығында он бір жыл, өзі тұратын Қазалы қаласының халқына медициналық көмек көрсетуді басқарды. Кеңес үкіметінің ыдырап, Қазақстанның тәуелсіздік алған өтпелі де, ең ауыр кезеңде, қала статусынан айрылып қала жаздаған Қазалы қаласында, қалалық аурухана бір жабылып, бір ашылып тұрғанда, мекемені ұстап тұру қаншама қиын болғаны кім-кімге де түсінікті болар.
1997 жылы аурухана жекешелендіруге жіберіліп, орнына «Салтанат-Денсаулық» ЖШС құрылып, осы аурухана серіктестікте 10 жыл атқарушы директор болып, 2007 жылы зейнетке шыққанға дейін еңбек етті.
Қалалық аурухананы басқарып жүргенде, тұрғындар Мақаңның жеке басының, дәрігерлік қызметінің кемшілігі туралы қала халқының атынан ешбір арыз-шағымдар болған жоқ. Оның адаммен тіл табысуы, сөйлесу мәнері, кісінің көңіліне тимейтін көркем, жібектей мінезі нағыз дәрігерге тән болатын. Үш жыл мектепте, үш жыл институтта және қырық жыл жұмыста – жарты ғасыр сырымызды, жақсылықты да, қиындықты да бірге бөлісіп, айнымас дос болғанда мен Мақаңның басқа адамға артық сөз, біреудің сыртынан өсек айтқанын, тыйым салынған нәпсіге ергенін, мадақ пен марапатқа қызыққанын көрген де, естіген де емеспін.
Мақат Еңсепбайұлы жұмысқа орналасқаннан кейін, келесі жылы ол ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Бибайша Тілеубергеновамен отау құрды. Қолымыздан үйлендіріп, бір бөлмелі пәтерінде күнара қонақта болатынбыз. Бибайша Тәткейқызы екі жылдан кейін, партия-совет қызметіне ауысып, 2007 жылы зейнетке шыққанша үлкен қызметтер атқарды. «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағынна ие болды. Жоғарыда Мақаң мансап пен марапатқа қызықпайды дегенімнің айғағы, ол осы жылдары жұбайының мансабын өзіне және өз әулетінің мүддесіне пайдаланған емес. Үкіметтің жұмысына берілгені, халық үшін қызмет ететіні сонша, мекеменің көлігін жеке басына пайдаланбай, жаяу жүретін немесе автобустарға мінетін. Оның көптеген жағымды мінездерінің ішіндегі ең көзге түсетіні қарапайымдылық пен сыпайылық болатын. Өзі өте сауатты, көп оқып, көп тоқыған жан еді. Солардың бәрін сыртқа шығарып көрсетпейтін. Жиындарда, жұмыс барысында аз пікір айтатын, аз айтса да саз айтатын. Адамгершіліктің, имандылықтың үлгісі, өз заманының нағыз зиялы азаматы еді.
Мақаң, және де мен сол кездегі аудандық аптеканың бастығы Жарылқасын Мырзалиев, білікті дәрігер Ажмадин Дербісәлин және рентгенолог Үбайтжан Сермағамбетов төртеуміз, 1965-1975 жылдар, яғни он жылдықты бірге өткіздік. Сол кезде он бір ұлт бірге тіршілік ететін, небәрі он мыңдай халқы бар жастарға толы қалада, тату-тәтті жарқын да, жайлы өмір кештік. Отыздан жаңа асқан Файзрахман Жұмағұлов үлкен кісі боп көрінетін, ал, 25-тегі біздер: біріміз туб диспансердің, біріміз дәріхананың, ал енді біріміз СЭС-ті басқаратынбыз. Күні-түні еңбектенсек те, жұмыстан бос кезімізді ойын- сауықпен, бір-бірімізге қонаққа барумен, көркем өнерпаздар үйірмесіне қатысумен және газет-журнал, кітап оқумен өткізетінбіз.
Кітап демекші, сол кездегі біздің аудандық атқару Кеңесінің төрағасының орынбасары, кураторымыз, өте білімді Теңел Жұмабаев үйімізде кітап бар ма, қандай кітаптар оқимыз, соларға дейін тексеріп жүретін. Кітап пен газет-журналдар оқудан Мақаң алдыңғы қатарда болатын. Бәріміз үй кітапханасын жасадық және де көпке үлгі һәм интеллигент болуға тырыстық.
Досымыз ең елің, жұртың мақтаған,
Жаның таза, несиен сөз жат саған.
Досымыз ең өзіңменен мақтанар,
Ел сенімін адалдықпен ақтаған, – деп өмірлік досы ҚР «Фармацевтика саласының үздігі» әрі ақын Жарылқасын досымыз тектен тек жырламаған.
Мақаң сенімге ие болған, халқынан алғыс алған, іздеп тұратын өмірлік дос жинаған және атын өшірмейтін ұрпақ қалдырған елдің азаматы еді. Бибайша жарымен екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Асқар Алматы қаласындағы бір компанияның бас директоры, жары Ләззат жоғары білімді құрылыс маманы. Кіші ұлы Мұхтар – заңгер. Жары Зина жоғары білімді филолог, полиция майоры. Қызы Салтанат – технолог. Жолдасы Айбек – инженер механик. Ұл-қыздарынан тоғыз немере мен жиендері бар. Олардың алды шетелдік оқу орындарын бітіріп, кейбірі шет елде еңбек етіп жатыр.
Ол 2007 жылы жанұялық жағдаймен Алматыға қоныс аударғанымен, 2017 жылы о дүниелік болғанға дейін, ойы да, көңілі де Қазалыда еді. Туған жерін ұмыта алмады, жиі хабарласып, елмен тығыз байланыста болды. Елден жырақ жүргеніне қынжылатын. Әрбір кездескен сайын, ел-халықтың жағдайын айтып, еркіндік, бостандық, құрдастық және саясат туралы сыр шерітісетінбіз. Қай тақырыпта болмасын, Мақаң өзінің алдымен халық қамы толғандыратынын сездіретін. Өзінің бар саналы ғұмырын өткізген Қазалы қаласы туралы көп айтатын. Қала халқын түгелдей білетіні, оларды түп-тамырына дейін талдай алатыны таңқалдыратын.
Бір Алланың қалауымен, сүйегі Алатаудың баурайында жатса да, Махаттың аты Қазалы қаласы халқының, еткен еңбегіне орай, есінде мәңгі сақталуы тиіс. Ол үшін Қазалы қаласында көше аты берілсе, бір медицина мекемесі Махат Жансейітов атымен аталса, замандастары біздер де, халық та, рухы да риза болар еді.

Сержанқожа БЕРДЕНҰЛЫ,
КСРО ның «Денсаулықсақтау ісінің үздігі»,
Қазақстан журналистер Одағының мүшесі.
Қазалы ауданының құрметті азаматы.
29 қаңтар 2022 ж. 767 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031