Опық жегізген “Оператор РОП”
Жалпыұлттық көтерілістен кейін қазақ даласында көптеген түйіткілді қиындықтар билік құлағына жетті. Газ бен бензин бағасынан бөлек, жақын арада таксиден нәпақасын айырып жүргені бар, басқа да шаруашылыққа пайдалану үшін елге әкелінген 200 мыңнан астам жатжұрттық көліктің мәселесі шешілуі мүмкін. Президенттің кәдеге жарату құнын қайта қарау туралы тапсырмасы елге кірген көлік иелерін ғана емес, бүкіл қазақстандықтың бағасы қолжетімді көлік алсам деген әрбір қазақты қуантқаны рас.
Көптен күткен көптің тілегі
Көптен күткен көптің тілегі
Парламент Мәжілісінің отырысында Президент көптеген түйіткілді мәселелерді сөз қылды. Барыс жылындағы ең қуанышты жаңалықтың бірін мемлекет басшысы жұрт қуанышты хабарға жүдеген сәтте мәлімдеді десек қателеспейміз.
– «Оператор РОП» компаниясының қызметіне қатысты кәсіпкерлер мен жалпы қоғамда көптеген сұрақтар туындады. Бұл жеке компанияға қарсы белгілі бір қоғамдық қозғалыс құрылуына дейін жетті. Үкіметке қайта өңдеу ақысын тоқтату және «РОП операторының» кәдеге жарату ісімен айналысуын қайта қарауды тапсырамын. Мұнымен шет елдердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым Жомарт Кемелұлы утилизация құнының тым жоғары екенін тілге тиек етіп, қазақстандықтар көлік сатып алуға қол жеткізуін қамтамасыз ету керегін мәлімдеді.
Осыған байланысты қазалылық көлік жүргізушілердің де пікірін білген едік. Көпшілігі Президент айтқан мәселенің бұрыннан көлік иелеріне жүк болып келе жатқанын жасырмай айтты.
– Ел келешегі уайым болып, еңсеміз түскен жаңа жылдағы жағымды жаңалықтың бірі болды. Мен мемлекет басшысының көтерген мәселесі көп ұзамай шешіледі деп сенемін. Өйткені бұған дейін көлік әкеліп, қазақстандық төлқұжат ала алмай жүрген адамдардың қарасы қалың.
Өзім тіршілікке мініп жүрген көлігімнің нөмірі ресейлік. Құны 1,5 миллион теңгенің шамасында. Ал көлікті өз атыма тіркеу үшін әлгі компанияға 3 миллионға жуық ақша төлеуім керек екен. Арадағы алшақтық жер мен көктей. Кәдеге жарату құны алынып тасталса «жол полицейлері айыптұраққа қамап тастамас па екен» деген уайымнан құтылар едім, – дейді Әйтеке би кентінің тұрғыны Жарбол Қанайұлы.
Утилизация мәселесі түбегейлі шешілгеннен кейін мұнымен мемлекеттік мекеме айналысатынын білеміз. Ал оның халыққа қаншалықты жағымды жұмыс істейтінін уақыт көрсетеді.
«Оператор РОП» компаниясының реакциясы
Компанияның негізгі басшыларының бірі кім екенін дүйім жұрт бұқаралық ақпарат құралдары арқылы біліп отыр. Алайда мәселе оның қалай жұмыс жасайтынында болып отыр. Бұған дейін қазақстандықтар компанияға қарсы ұйым құрғанын айттық. Оның Заң талаптарына сай алым алып отырғаны да пікірталас тудырды. Президент мәлімдемесінен кейін аталған компания алғаш рет мәлімдеме жасады.
Қайта өңдеу төлемдерін жинайтын және кәдеге жарататын қазақстандық компания осы сәттен бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығына сәйкес бұл әрекетті тоқтатуға дайын екенін хабарлады. Сондай-ақ осы уақытқа дейін өздерінің «қатаң» түрде Қазақстан заңнамасындағы талаптарды сақтай отырып жұмыс істегенін атап өтті. «Тиісті нормативтік құқықтық акт қабылданғаннан кейін «РОП Оператор» ЖШС Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз міндеттемелерін орындайды», – деді компания ресми мәлімдемесінде.
Алымды енді кім жинайды?
Бірер күн бұрын ғана Қазақстанда қалдықтарды жинау бойынша жеке мемлекеттік оператор ашылатыны белгілі болды. Ол индустриялық даму қорының жанынан ашылып, кәдеге жарату құнын жинайды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді
Жаңартылған үкіметтің бірінші отырысында ол кәдеге жарату төлемінің коэффициенттері де қайта қаралатынын айтты. Брекешевтің айтуынша, 2016 жылдан бүгінгі күнге дейін кәдеге жарату төлемінен түскен түсімдер 691,9 млрд теңгеге жеткен. Оларға бұрын қалдық төлем түрінде төленген 338,9 млрд теңге көлеміндегі қаражат отандық автоөндірушілерге қайтарылды, 102 млрд теңге және салық – 49,1 млрд теңге экологиялық мәселелерді шешуге бағытталды. Бүгінгі таңда банктердегі қаражат қалдығы 220,6 млрд теңгені құрайды.
Көлік арзандай ма?
Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков бұған дейін баға не себепті қымбаттап кеткенін түсіндірді.
– Бізде ескі көлікті кіргізу үшін бюджетке утилизациялық алым мен алғашқы тіркеу төлемін жасау қажет. Ол – үлкен ақша. Мәселен, Германияда утилизациялық алымның көлемі 150-200 еуро, Жапонияда – 200 доллар, ал бізде 4 000 долларға дейін барады. Оны ешкім төлегісі келмейді. Сол себепті шетелден көлік әкелмейді. Демек Қазақстанда мінілген көліктердің саны біртіндеп азайып келеді. Сол себепті бағасы түсіп жатқан жоқ, керісінше, көтеріліп келеді. Себебі ондай көліктер аз. Бір қызығы, ондай көліктер техникалық тұрғыда ескірсе де, жыл сайын қымбаттап барады. Себебі сұраныс бар. Ал ұсыныс азайып келеді. Мәселен, менің ұлым бір жыл бұрын 2 миллион теңгеге Subaru сатып алды. Иә, көлік ескі, бірақ қазір сатып алушылар оған 2,5 миллион теңге беруге дайын отыр. Осылайша мінілген көліктердің тапшылығы салдарынан баға өсіп тұр, – деді Эдоков.
Президент пәрменінен кейін жағдай өзгеріп шыға келетіні анық. Ендігі үш айдан кейін мініп жүрген көлігіңіздің құны кем дегенде 10 процентке төмендеуі мүмкін. Бірақ мамандар утилизация төлемі мүлде алынып тасталмайтынын айтып отыр.
– Елімізге соңғы бес жылда кіргізілген кез келген автокөлік бағасында оның бастапқы құнынан бөлек 15-25% аралығында утильалымның ақшасы бар. Бұл әр автокөліктің жылына, қозғалтқышының көлеміне және тағы да басқа ерекшеліктеріне байланысты. Ал сома автокөлік бағасының ширегіне дейін құрайтынын ескерсек, қымбат-шылық неден туындайтынын көруге болады. Соңғы бес жылда автокөлік бағасы 3,5 есе қымбаттап кетті. Статистикаға жүгінсек, зауыттан шыққанына 10 жылдан асқан автокөліктер саны елдегі автопарктің 70%-ын құрайды. Бұл оның экологияға қаншалықты зиян әкеліп жатқанын көрсетсе керек.
Маманның айтуынша, утильалымнан түбегейлі бас тарта алмайтынымыз анық. Бірақ оның бағасы қымбат болмауы тиіс. Қарапайым ғана мысал, Еуропа елдерінде орташа еңбекақы 8 000 еуро, ал утильалым кейбір автокөліктерге тегін, ал тегін емес 100 еуродан аспайды. Ал бізде ең төменгі жалақы 85 еуроның айналасында. Ал утильалым мөлшерін жоғарыда сөз еттік. Сондықтан да алым көлемі азаяр болса, онда әуелде айтылған екі шарт – экология мен автопромды қолдау өздігінен орындалар еді. Өйткені жылы жаңа тойота мен мерседестерге қолы жеткен халық, ескі көліктерден өздері-ақ бас тартады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ