Полицияның сервистік моделі қалыптаспақ
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Шамшидин Егенбердіұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифингте айтты.
Брифинг барысында сала басшысы полциияның сервистік моделі туралы кеңінен айтып өтті. Мемлекет басшысы 1 қыркүйекте «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңде» атты Қазақстан халқына Жолдауында, полицияны бағалау өлшемдерін түбегейлі өзгерту, полиция қызметін сервистік модельге көшу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жағдайларын құру, басым бағыттардың бірі болып белгіленді. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, сервистік модель барлық елдерде бірдей қолданылмайды. Бұл тәсілді енгізу кезінде криминогендік, әлеуметтік жағдай, ұлттық мәдениет, менталитет, заңнама және ресурстық мүмкіндіктер ескерілуі тиіс.
Полицияның сервистік моделі– бұл билік органдарына деген сенімді арттыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полицияны қоғаммен бірлескен қызметі болып табылады. Яғни, қоғам мүшелерінің қауіпсіздік мәселелерді анықтау процесіне белсенді қатысуы болып табылады. Азаматтарды қатыстыру шеңберінде құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмысқа қарсы күрес кеңінен, жан-жақты қарастырылады. Бұл полиция қызметіне терең өзгерістер енгізуге әкеледі.
«Жұртқа жақын полиция» қағидаты Жергілікті полиция қызметінің жұмысына жаңа серпін берді. Қоғаммен ашық тіл табысу, азаматтардың сеніміне ие болу, атқарылған жұмыстарды ашық көрсету және көпшілікпен бірлесе қылмыстың алдын алу жұмыстары әрбір учаскелік полиция инспекторының басты мақсатына айналды. Жалпы, облыс көлемінде 258 учаскелік полиция инспекторы (Қызылорда-79, Арал-29, Қазалы-29, Қармақшы-20, Жалағаш-19, Сырдария-20, Шиелі-32, Жаңақорған-30) және 64 (Қызылорда-17, Арал-6, Қазалы-9, Қармақшы-5, Жалағаш-7, Сырдария-5, Шиелі-9, Жаңақорған-6) учаскелік полиция инспекторының көмекшісі қызмет атқаруда.
Халықаралық тәжірибе негізінде Ішкі істер министрлігі полицияның отандық сервистік моделін Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Қарағанды облысы аумағында кезең-кезеңімен енгізуде. Қарағанды облысында Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының(ОБСЕ) Бағдарламалар офисімен және Қарағанды облысының әкімдігімен бірігіп «Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсіл» пилоттық жобасы 08.01.2020ж. бастап іске қосылды.
Жоба шеңберінде Қарағанды облысы әкімдігінің жанынан Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топ құрылды. Оның құрамына ішкі істер, прокуратура, денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау органдарының, жергілікті атқарушы органның(әкімдіктің), сондай-ақ қоғамдық институт өкілдері енгізілген.
Ведомствоаралық топтың мақсаты – полиция мен қоғам арасында серіктестік қарым-қатынас, сондай-ақ нақты аумақтағы құқықтық тәртіп жағдайына ортақ жауапкершілік орнатуболып табылады. Бұл ретте, топтың қызметін жалпы басқару және үйлестіру, әзірленген ұсынымдардың орындалуын қамтамасыз ету, алынған талдау негізінде проблемаларды шешу үшін қажетті ресурстарды бөлуді, әкімдік пен полиция жүзеге асыруда. Қазіргі таңда Қарағанды қаласының орталық аумағында енгізілген пилоттық жоба оң нәтиже беріп, жоба Қарағанды қаласының барлық аумақтарына енгізсе, мемлекет Басшысы өз жолдауында «Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсіл» пилоттық жобасын еліміздің барлық өңірлеріне енгізуді тапсырды.
Өз кезегінде ағымдағы жылдың қараша айының 15 күні облыс әкімінің өкімімен «Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік тәсіл» пилоттық жобасын енгізу мақсатында, тұрақты жұмыс жасайтын ведомствоаралық топ құрылып, оларға компьютерлер және басқа да қажетті техникамен жабдықталған қызметтік кабинет бөлінді. ІІМ-нің өкілдері,осы топ мүшелеріне қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсіл жөнінде тренинг өткізді.
Пилоттық аумақ ретінде Тасбөгет кенті белгіленді. Қазіргі таңда ведомствоаралық топ мүшелерімен талдау жүргізілуде, құқықбұзушылыққа ықпал ететін себептер мен жағдайлар анықталуда. Нәтижесімен осы себептер мен жағдайларды жою жөнінде құзырлы органдар мен мекемелерге ұсынымдар әзірленеді. Бұл бағытта мемлекеттік органдар мен басқа да сала қызметтерімен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылатын шаралар қарастырылған меморандумдар бекітілетін болады. Жолдауда айқындалған Президент тапсырмалары сапалы жүзеге асса, полицияға деген халықтың сенімі артады, полиция мен қоғам арасында серіктестік қарым-қатынас орнайды.