Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ана өлімі азайды

Ана өлімі азайды

Осыдан бес жыл бұрын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ЮНИСЕФ инновациялық патронаж моделінің нәтижелерін ұсынды. Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жүкті әйелдерге және 5 жасқа толмаған балалары бар отбасыларға патронаж қызметтерін көрсетудің жаңа үлгісі апробациядан сәтті өтті.
– Әмбебап озық модель көптеген жыл бойы және түрлі тұстан өз артықшылықтарын дәлелдеді. Модель ана мен сәбилер өлімін, шала туылуын және ауруын азайтуға бағытталған. Үйге барып қарау қызметтері бөбектің жан-жақты дамуына, олардың жарақаттар алуын азайтуға, отбасындағы қарым-қатынастарды жақсартуға септеседі. Сонымен қоса, әлеуметтік тұрғыдан ұрымтал және оқшау қалған отбасыларды денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйелерінің қызметтеріне араластырады, – дейді теміржол ауруханасының бас дәрігері Айгүл Құлмағамбетова.
Мамандардың дерегінше, жыл сайын Қазақстанда 400 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Өмірінің алғашқы айларында жаңа туған нәресте үнемі бақылауды және күтімді қажет етеді. Бұл үшін медициналық ұйымдарда патронаждық қызмет жұмыс істейді. Нәрестені үйге шығарғаннан кейін оны бірден емхананың учаскелік медбикесі өз бақылауына алады.
18 жасқа дейінгі балалар медициналық сақтандыру жүйесінде жеңілдік санатына кіреді. Сондықтан оларға туғаннан бастап кәмелеттік жасқа толғанға дейін барлық медициналық көмек мемлекет есебінен тегін көрсетіледі.

Патронаж туралы не білесіз?
Жаңа туылған нәрестелердің патронажы – аурудың алдын алу, ата-аналарды баланың үйлесімді дамуы үшін оған дұрыс күтім жасауға үйрету мақсатында перзентханадан шыққаннан кейін үйдегі кішкентайды белсенді бақылау жүйесі.
Айта кету қажет, анасы мен баласы ауруханадан тәулік бойы медициналық бақылау үшін және қанағаттанарлық жағдайда ғана шығарылады. Бала үйге шығарылғаннан кейін перзентхана ол туралы ақпаратты одан әрі бақылау үшін нақты тұратын жері бойынша емханаға береді.
Ережеге сәйкес, медбике алғаш рет кішкентай пациентке ауруханадан шыққаннан кейін 1-3 күннен кешікпей баруы керек. Перинатальды және туабіткен патология белгілері бар шала туылған нәрестелерді шығарылған күні бірден қарауға тиісті. Егер бұл күн демалыс немесе мереке күндеріне түссе, мұндай нәрестелерге кезекші педиатр – дәрігер барады.
– Мемлекетке алғысымыз зор. Ана мен бала денсаулығына мән беріп, осындай бағдарлама енгізгеніне көңілім хош. Босанып келгеннен кейін ертеңіне арнайы дәрігер келіп хал-жағдайымызды бағамдайды, – дейді көпбалалы ана Айнұр Оспан.
Балалар учаскелік медбикесі балаға өмірінің бірінші айында әр апта сайын 28 күн толғанға дейін барады. Содан кейін ол анасы бір айлық нәрестені емханаға алғашқы тексеруге апарады.

Медбикенің міндеті
Балаға бірінші рет барған кезде медбике ата-анасымен танысады. Төлқұжат мәліметтерін, сондай-ақ баланың барлық деректерін жазады. Сонымен қатар анаға денсаулығына байланысты сұрақтар қояды. Ана мен баланы хаттама бойынша тексереді.
Медбикенің міндеті – ана мен баланың денсаулығы туралы сұрау шағымдар, сүт бездерінің жағдайы, физикалық белсенділік, тамақтану мен ұйқы режимін қадағалайды. Ананың көңіл-күйін бағамдау, үй ортасының қауіпсіздігін және жаңа туған нәрестенің қажеттіліктеріне бағам жасайды. Ананы сәбиге күтім жасау ережелері, емізу принциптері, температуралық режимді сақтаудың маңыздылығы, бала күтіміне отбасының қатысуы хабардар етіледі. Ізінше, кеңес беріп үйретеді. Баланы тексеру және қауіпті белгілер анықталған жағдайда дереу учаскелік дәрігерге хабарлайды. Отбасына медициналық ұйымға жүгінуді қажет ететін аурудың қауіпті белгілерін көрсетеді. Оларға: тамақтану проблемалары, жаңа туған нәрестенің белсенділігінің төмендеуі, минутына 60-тан астам тыныс алудың жиілеуі мен қиындауы, қызба немесе температураның төмендеуі, құрысулар, қалтырау және басқалар жатады.
Сонымен қатар вакцинациялау мерзімін хабардар етеді. Бала өміріне, денсаулығына, қауіпсіздігіне және дамуына қауіп төндіретін әлеуметтік қатерлерге бағалау жүргізу және оларды анықтаған жағдайда амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін емхананың әлеуметтік қызметкеріне ескертіледі. Қосымша көмекке мұқтаж балаларды анықтау және олар үшін жеке баруды жоспарлау яки, туу кезінде дене салмағы төмен балалар, АИТВ жұқтырған аналардан туған немесе ауырған балаларды бақылау. Мұның барлығын балаға одан әрі патронаж жасау кезінде ескеру маңызды.
Емханадағы жұмыс орнында медбике кішкентай пациентті “Бекітілген халық тіркелімі” ақпараттық жүйесіне тіркейді. Баланың амбулаториялық картасында тексеру нәтижелері туралы жазба жасайды. Учаскелік педиатр дәрігерге үйде тексерудің нәтижелері туралы хабарлайды. Егер медбике сәбидің денсаулығында орташа және жоғары қауіпті анықтаса, ол дәрігерге, аға мейірбикеге, емхана меңгерушісіне медициналық ұйым баланы бақылауда ұстауы үшін және дәрігер қауіп дәрежесі мен факторларына сәйкес жеке бақылау жоспарын әзірлеуі үшін хабарлайды.
Денсаулық қызметкері келмесе кімге жүгінесіз? Бұл жөнінде МӘМС баспасөз маманы Айгүл Аханованың айтқан мәлімдемесіне мән бердік.
– Егер перзентханадан шыққаннан кейін ана мен балаға патронаждық медицина қызметкері келмеген жағдайда ата-аналар нақты тұратын жері бойынша телефон арқылы емханаға жүгіне алады. Баланың тууы туралы хабардар етеді және патронаж қағидаларына сәйкес сәбиді тұрақты тексеру үшін медбикені үйге шақырады. Медициналық көмек алуға байланысты сұрақтар туындаса, емханаңыздағы пациентті қолдау қызметіне хабарласуға мүмкіндік бар, – дейді А.Аханова.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
06 қараша 2021 ж. 458 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930