Ішімдік ішіп, опық жеген
«Қызың арақ ішсе – қызығыңның кеткені, ұлың арақ ішсе – ырысыңның кеткені» деген халқымызда ұлағатты сөз бар. Ішімдік ішіп, есірткі заттарын тұтынып, масаю күйінде көлік құралын басқару жол жүру қозғалысына қауіптілікті ұлғайтады. Адамдардың өмірі мен денсаулығына, мүлкіне зиян келтіреді.
Еліміздегі заңнамаларда алкогольді масаю күйінде көлік құралын басқарған тұлғалардың жазасы қатаңдатылды. Дегенмен кейбір азамат бұндай заң бұзушылықтар мен қылмыстық әрекеттерді әлі де жасауда.
Қазалы аудандық сотымен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабымен көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқаруына байланысты осы жылдың 9 айында 65 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Оларды 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырып, 15-20 тәулікке қамаққа алу жазасы тағайындалды. Кейбіреулер осындай әкімшілік жауаптылыққа тартылғанына қарамастан, ішімдік ішкен күйінде көлік құралын басқаруын жалғастырып келеді. Ал бұл дегеніміз – нағыз қылмыс.
Аудандық сотпен ҚР Қылмыстық Кодексінің 346-бабының 1-бөлігімен 2021 жылдың 9 айында 2 адам айыпталса, осы бабтағы 2-бөлікпен бір заңбұзушы қылмыстық жауаптылыққа тартылды.
ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігімен қылмыстық жауаптылыққа тартылған 5 сотталушының біріне өмір бойына көлік құралын жүргізу құқығынан айырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Қалған 4-не көлік құралын жүргізу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазаларын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеу белгіленді.
Сондай-ақ аталған баптың 2-бөлігімен қылмыстық жауаптылыққа тартылған 2 сотталушыға көлік құралын жүргізу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру тағайындалып, жазаларын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеуге белгіленді.
Осы қылмыстардың бірін мысалға келтірсек, сотталушы Ж.И. Қазалы аудандық сотының 2018 жылғы үкімімен ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған айыппұл жазасы тағайындалып, 3 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған бола тұра, бұдан тиісті нәтиже шығармай 2021 жылы 21 қаңтарда өз басқаруындағы «Мерседес-Бенс» маркалы автокөлігін алкогольдік масаң күйде басқарған. Соның салдарынан жәбірленуші Ж.Т.-ға тиесілі «Мазда-626» маркалы автокөлігіне соғып, қылмыстық құқық бұзушылыққа жол берді. Ол осы әрекеті үшін көлік құралын жүргізу құқығынан өмір бойына шектеліп, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы шығарылды. Осыдан кейін арақ ішіп көлік тізгіндеудің жазасы қатаңдатылды. Сондықтан жүргізуші мас күйінде көлік жүргізбес бұрын өзіне тағайындалатын жазаны, жол көлік апаты салдарынан келетін зиянды, өзінің және өзгенің өмірі мен денсаулығына да жауапты екенін ойлағаны дұрыс.
Б.МАХАМБЕТАЛИ,
Қазалы аудандық сотының
кеңсе меңгерушісі