Ұрының бейнесі

Суретші осыншама тер төгіп, «еңбегімді табысты аяқтадым» деп қуанып, миллиардерге салған суретін көрсеткенде, ол: «Бұл портрет маған еш ұқсамайды, сондықтан сатып алмаймын» деп бас тартыпты. Суретші не істерін білмей, біраз ойланады да, «Олай болса сіз мына қағазға бұл портрет маған ұқсамайтындықтан алудан бас тартамын деп жазып, қол қойып беріңіз»,– деп тілек білдіреді.
Миллиардер де осылай оңай құтылғанына қуанып, айтқан қағазын жазып береді. Осы оқиғадан кейін бірнеше ай өткен соң, суретшілер одағы Будапешттегі көркем сурет галлереясында көрме ұйымдастырады. Көрме ашылғаннан кейін, халық шулап, миллиардердің телефоны да үздіксіз шырылдай берсе керек. Сосын әлгі миллиардер көрмеге барып қараса, өзінің портреті “Ұрының бейнесі” деген атпен ілініп қойылған екен. Миллиардер терісіне сыймай, ашуланып, суретті алып тастауды бұйырғанымен галлерея бастығы рұқсат етпейді.
Миллиардер одан әрі ызаға булығып: «Адамды мазақ қылып, атақ-абыройына нұқсан келтіргендіктен оны сотқа беремін» дегенде, галлерея директоры:
– Сіз өзіңіз бұл сурет маған ұқсамайтындықтан, еңбекақысын беруден бас тартамын деп қағаз толтырып, қол қойып берген екенсіз дегенде, оған портретті сатып алудан басқа амал қалмапты. Бірақ ол портрет алғашқы бағасынан он есе қымбатқа сатылды.
Осылайша, біреудің еңбегін жоққа шығарған миллиардер шығынға батқан екен. Осы орайда қасиетті Құранда: «Біреулерге жасаған шаңның тозаңындай жақсылықтарының да, жаманшылықтарының да жауабы қайтарылады» деген аят бар екені еске түседі.
Ашық дереккөзден