Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемқызмет меншікке өте ме?

Мемқызмет меншікке өте ме?

ІT саласындағы технология мен электронды бағдарламалар күн өткен сайын күрделеніп келе жатыр. Өйткені қасқой хакерлерден бір қадам озық жүру парыз. Олай болмаған жағдайда жұрттың ауадағы қаржысы пернетақтада ойнағандардың қалтасында кетіп, құжаттары арам пайда табу мақсатында пайдалануы ғажап емес. Сол сияқты белгілі бір бағдарламаның, порталды заманға сай жетілдіріп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету де оған иелік ететіндерге қомақты қаржы, ауыр жүк. Қоғамда қызу талқыға салынған Egov-ты ресейлік «Сберге» ұзату ісінің туындауына да осы мәселе себеп болуы мүмкін. Мамандар мұны елдегі цифрландыруды жетілдіру үшін жасалған дүние екенін алға тартады. Не пайда, қандай қауіп? Талқылап көрелік.

Президент сенімі Сберде
Даудың басы Шығыс экономикалық форумы аясында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин мен «SBER» компаниясының басшысы Герман Греф Қазақстанның цифрлық трансформациясы, көшу жобаларын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюынан басталды. Премьер-Министрдің баспасөз қызметі аталған рәсімге ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясы басшысы қатысқанын мәлімдеді.
Құжатта Қазақстанда GovTech цифрлық платформасын енгізу, деректерді талдау мен жасанды интеллект тәжірибесін қолдану арқылы мемлекеттік басқаруды реинжиниринг және цифрлық трансформациялау бойынша ынтымақтастықты дамытудың негізгі тәсілдері қарастырылған. Жатық тілмен айтсақ, құжат беру порталын одан әрі жетілдіру бағытында бірлесе жұмыс жасау көзделген. Мемлекет басшысы бұл іске алға жылжу ретінде баға берді.
– Бұл жоба дос мемлекеттердің стратегиялық сипатта өзара сенімін сипаттайды. Біздің нарықта 15 жылдан астам табысты жұмыс істеп келе жатқан SBER компаниясының қазақстандық мемлекеттік қауіпсіздік департаментінің институционалдық негізін құруға қатысуы интеллектуалды технологиялар сияқты өте маңызды саланың арқасында Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты әртараптандырады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл стратегиялық жобаны іске асыру қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және іскерлік ахуалды жақсартуға көмектесетінін баса айтты. Үкіметтің баспасөзі азаматтардың құжат алуға жұмсайтын уақыты қысқаратынын, В.Путин жоба қос елдің тығыз қарым-қатынасының деңгейін көрсететінін айтып қалды.
«Egov»-тың жазығы
Цифрлық даму министрлігі аталған порталдың мемлекеттік қызметтерге қол жеткізудің бірыңғай терезесі екенін, яғни порталда электронды сертификаттарға өтінімдер ғана түсетінін айтты. Ал өңдеу мен құжатты қалыптастыру мемлекеттік қызметке жауапты мемлекеттік органның жүйесінде жүзеге асырылатынын түсіндірді. Бұдан қазақстандықтардың құжаты ешқайда қашпайды деген ойды түсінуге болады. Соған сай қазір министрлік мемлекеттік органдардың инфрақұрылымы мен ақпараттық жүйелеріне зерттеу жүргізуде. Бүгіннің өзінде 400-ден астам бөлшектенуі мен үйлесімсіздігі жағынан жиі қиындық туғызатын жүйе анықталған.
– Бүгінде Үкімет мәліметтер сапасына әсер ететін әр түрлі ақпараттық жүйелердің үлкен қорымен жұмыс істеуге мәжбүр. Сайып келгенде, бұл халықтың мемлекеттік қызмет алу мерзіміне әсер етеді. Жаңа жоба мемлекетке деректерді құрылымдауға және тез шешім шығаруға мүмкіндік береді. Азаматтар смартфонның көмегімен барлық мемлекеттік қызметті бірнеше минут ішінде алатын болады, – деп атап өтті Цифрлық даму министрлігі.
Министрлік өкілдері порталдан қиындық тудырушы бірнеше кемшілікті тауып қойған. Мәселен, мемлекеттік қызметтерді көрсету процесінде орталықтандырылған мониторингтің болмауы, мемлекеттік қызметке өтініш беру, оның орындалу барысын бақылау және нәтиже алу әр түрлі арналар арқылы жүзеге аспайтыны, қажетті құжаттың порталдың басқа арнасынан алғандағы өзгешелігі сияқты келеңсіздіктер бар. Сондай-ақ азаматтардың өтініштерінің тарихына қатысты орталықтандырылған ақпараттың болмауы да осы заманның үлкен кемшілігі саналады-мыс.
500 миллион береміз
Цифрлық даму министрлігі қазақстандық тарап бағдарламалық және техникалық қолдау алатыны туралы талап қойғанын айтты. Сәйкесінше, «Сбер» барлық компоненттердің бастапқы кодтарын көрсетіп, Қазақстанның серверлеріне орнатып береді. Бірақ өтемі миллиондаған доллормен есептеледі.
– Бұл соманың бір бөлігі жергілікті ІТ нарығына инвестицияланады деген сөз. Қазақстандық компаниялар аталған қаржыны платформалық тәсілді енгізу бойынша жұмыс шеңберінде алады. Сонымен бірге отандық IT-компаниялар платформаны іске асыруға қатысады, – деп жазды министр Бағдат Мусин. Осыдан кейін онсызда бет қаратпай тұрған қазақстандықтардың қарсылығы отқа май құйғандай үдей түсті. Жұрт 12 миллионның өнімі үшін билік не үшін 500 миллион доллар төлейтінін түсінбеді. Министрдің ұлттық арнаға берген сұқбатын көріп, тұшымды ой ала алмаған «Sambob» IT компаниясының басшысы Сәкен Кенжеев халықты бұлай алдау жақсылыққа әкелмейтінін айтады.
– Министр бүкіл ақша сыртқа кетпейді деп жатыр. Бұл онсыз да түсінікті. Келісім-шарт жасасқаннан кейін қаржының бір бөлігі елде қалатыны, мұнда да тапсырыс орындаушылар болатыны белгілі. Осы саладағы кез келген жобаға біздің тілімізде "железа" деп аталып кеткен құрал-жабдық алатын, байланыс арналарын тартатын мердігерлер жұмыс істейді. Бірақ темір-терсектің не қажеті бар, сол «железаны», байланыс арналарын жұмыс істететін СБЕР-дің платформасы емес пе?! Халықты бұлай алдаудың қажеті жоқ. Сөзі құрғақ, жауап бұлыңғыр. Қанша қаржы сыртқа кетеді, қанша пайызы өзімізде қалады, нақты ақпарат жоқ, – деген қызылордалық IT маман осы саладағы отандық компанияларға да мүмкіндік беру керек деп санайды. Сонымен бірге, халық көкейіндегі қорқыныш жайын, құжаттың қолды болмайтынына кепілдік беріп отырған министрлікке жауап берді.
– Бәрін айт та, бірін айт, Бағдат Мусиннің «ақпарат ешқайда шықпайды» деп кепілдік бергеніне күлкім келеді. Тағы құрғақ уәде. Әлемде ешқандай айтишник ақпараттың ұрланбайтынына кепілдік бере алмайды. Бұған 100 пайыз сенімдімін. Пентагонның сайты бұзылып жатқанда Бағдат Мусиннің бұлай деуі ұят. Дүниежүзінде бұзылмайтын жүйе жоқ. Кез келгені шабуылға ұшырауы ықтимал. «Открытый исходний код» деген бар, көптеген беттен тұратын шимай-шатпақ код. Оны біздің мамандар тексереді, ұры-қарыдан қорғайды деп ақталып жатыр министр. Ал платформаны іске қосатын кезде СБЕР мамандары жүреді, техқолдау кезінде де «удаленкадан» қосылады. Сол сәтте біздің мамандар ақпаратты қадағалап отыра алмайды. Платформаны өз еліңнің компаниясы жасаса, сатып кетеді деген алаңдаушылық, уайым аз болады, – дейді С.Кенжеев
Айта кетейік, Ресей үкіметі «Гостех» IT платформасын жасау үшін ашық тендер ұйымдастырып, оны былтыр «Сбер» жеңіп алды. Мердігер жобаны жыл соңында іске қоспақ. Ашығын айтсақ, министрлік сатып алғалы отырған платформа тәжірибеден өтпеген. Бір қызығы, «Сбер» өз еліндегі жобаны 12 миллион долларға жасап жатыр. Біздің үкімет оны 500 миллионға сатып алмақ. Бір кем дүние...
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
21 қыркүйек 2021 ж. 221 0

Қазақстанда күн жылынады

25 желтоқсан 2024 ж. 47

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031