Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Кесарьден» кесір келмесін

«Кесарьден» кесір келмесін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында медицина саласына қомақты қаржы құю керектігін баса айтып, бұл қаражаттың инфрақұрылым, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталуы тиістігін айтқан болатын. Бала мен ана саулығын мемлекет байлығына балайтын отандық медицинада денсаулықты сақтауда түрлі заманауи әрекеттер жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары ­кесарь тілігінің қызметіне жүгініп, қалыпты өмірге қосылғандар қаншама. Салдарынан денсаулығына салмақ түскендер де бар. Қауқар қандай? Қауіп неде? Тақырып туралы жан-жақты ізденбекке бекіндік.
«Кесарь» деген ұғым қайдан пайда болған? Алдымен соған үңілдік. Ғасырлар бойы жасалып келе жатқан хирургиялық тәсіл. Небір жансыздандыру әдістері мен антибиотик дәрілер көбейген сайын жатырды тілу арқылы босандыру әлемде қалыпты құбылысқа айналған. Соның бірі біз сөз етіп отырған кесарь тілігі – нәресте мен оның жолдасын құрсақ қуысы мен жатырды кесу арқылы шығару амалы. Негізінен ана денсаулығына, жүктілік және босану кезіндегі ауыртпалықтардан туған қиындықтан құтқаруға қолданылады.
Медициналық анықтамаға жүгінсек, кесарь тілігі жоспарлы және шұғыл түрде жасалатын болып екіге бөлінеді екен.
– Қазір әйелдердің барлығының дерлік денсаулығы жоқ. Бірінің қаны аз, гемогловині төмен, бірі бүйрек жетіспеушілігіне ұшыраған, екінші суықтаған, бірінің көру қабілеті төмен деген сынды... Бұл жағдай босанатын келіншектерді жасанды жолмен босану қызметіне жүгінуге мәжбүрлейді. Түсінбейтінім, біздегі дәрігерлер ана мен баланы жағдайын бақылаушылар емес, үрейлендірушілер дер едім. Осыдан 6 жыл бұрын кенжемді босандым. Қазіргі жағдай қандай екенін білмеймін. Сол кезде дәрігер босанамын дегенше жанымда тұрып, күш-жігер берудің орнына, кесарь тілігіне жүгінудің жалғыз жол екенін айтумен болды, – дейді өзін Гүлнар деп таныстырған үш баланың анасы. Келіншектің пікірін екі перзентті өмірге әкелген тағы бір ана қуаттады.
«Жасым ұлғайып тұрмысқа шыққанмын. Дәрігерлер қабылдауға барған сайын баламның хромосомалары артық, дауна синдромымен туылатынын айтып, жағдайымызды ауырлатты. Оған бүйрегімнің ауыратыны себеп болса керек-ті. Сондай-ақ үлкенімді босанғанға дейін оның жыныс мүшелерінің, ойлау жүйесінің толық дамымағанын айтумен болды. Олар босануға облыс орталығына жіберді. Ондағыдар Алматы қаласына іштегі баладан сараптама алу үшін кіндігімді тексертіруім керектігін айтты. Барлығын жасадым. Және саналы түрде мүгедек баланың анасы болуға дайын болдым. Осының барлығын ескеріп, кесарьлық жолды пайдалану туралы шешімге келгенмін. Алайда толғағым келіп, дені сау, ақыл-есі бүтін, сүп-сүйкімді баланы өмірге әкелдім. Екі жылдан соң екінші балам бойыма біткенде дәрігерлер «үйреншікті жазбаны» тағы да жеткізді. Алайда еш мойыған жоқпын. «Басы ерекше үлкен, бүйрегі жетілмеген, жүрегінде ақау бар» деген ұлым да, Аллаға шүкір, дін-аман туылды. Қазір екеуі де балабақшаға барады. Жас аналарға өз өмірімді сабақ етіп айтудан жалықпаймын. Сол жолы кесарьға жүгінбегеніме қуанамын. Дәрігер кеңесіне құлақ түріп, қиналып жүрген қаншама жақын адамдарымды білемін», – деді пікірімен бөліскен Айсұлу.
Осы орайда «Әйелдің өзі туатыны немесе аталмыш жасанды жолмен босану түрін пайдаланатынын кім анықтайды?» деген сұрақ ойыңа еріксіз оралады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан алған дерек бұл мәселеде алдын ала әйелдер консультациясында немесе әйелдің жүктілік барысын тексерген медициналық орталық анықтайтынын айтады. Басқарама берген ақпардан анықтағанымыз, тексеруге акушер-гинекологтармен бірге терапевт, окулист, эндокринолог, кейде қажеттілігіне қарай хирург, невропатолог, ортопед сияқты басқа да мамандар қатыстырылады.
Мамандардың әйел денсаулығының төмен көрсетікішіне орай ортақ шешім қабылдағанда ғана жүзеге асады. Нақты жасалу уақыты туралы шешімді босанардың алдында перзентханадағы дәрігерлер шығарады.
Америка, Батыс Еуропа мемлекеттері ешқандай медициналық көрсеткіштерсіз-ақ, тек әйелдің қалауымен бұл отаны оп-оңай жасайды. Ал біздегі жағдай қандай? Жалпы, іштегі шарананы кесарь жолымен алу міндетті әдіс пе, әлде ана мен бала өмірін сақтаудың жалғыз жолы деген дұрыс па? Кесарь тілігін ешқандай медициналық көрсетілімсіз, әйелдің қалауымен жасауға бола ма? Жұртшылық арасындағы «кесарь тілігін жасау науқаншылдықтың бір көрінісі. Дәрігерлерге ота жасауға, үстеме ақы алу аурухана көрсеткішін көтеруге тапсырма беріледі. Соны орындау үшін кейде босанудың осы түрін ұсынады» деген пікір туралы аудандық аурухананың бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары Айгүл Медетбаевадан сұрап білдік.
– Кесарь тілігі әйел адамның денсаулығына немесе нәрестенің өміріне қауіп төнген жағдайда ғана жасалады. Көбіне босанатын әйел хирургиялық отаның қаупі туралы кәсіби білімі болмағандықтан, ондай шешімді қабылдай алмайды. Әдетте перзентханаға әйел алдын ала болжанған күннен 1-2 апта ертерек жіберіледі. Стационарда тағы да қосымша тексеруден өтеді. Жағдайы бақыланып, босанатын күні анықталып, босану күніне мейлінше жақын күн белгіленеді. Кез келген отаның асқыну болатыны секілді, кесарь тілігінің де өзіндік зиянды жақтары бар. Ең бастысы, бұл кезде міндетті түрде әйелдің де қалауы ескеріледі, рұқсаты жазбаша рәсімделеді. Ол үшін қатаң түрде медициналық көрсеткіштер болуы керек, – дейді.
Дәрігер маман айтып отырған себептерге іштегі ұрықтың шамадан тыс үлкен болуы, толғақ кезінде ананың денсаулығында әртүрлі асқынулардың, қан қысымы көтеріліп, бүйрек, бауыр қызметтерінде қалыптан тыс өзгерістер пайда болуы, толғақ кезінде баланың жүрек соғысы нашарлауы, қағанақ суының түсі өзгеруі сынды жағдайлар жатады.
Қазіргі таңда кесарь тілігі қазақстандықтар үшін қалыпты отаға айналып үлгерген. Рысбике Нұрғабылқызы жаппай кесарь тілігіне жүгінуге себеп – күнделікті тұтынып жүрген тағамдардың құрамы өзгергендігімен байланыстырады. Тоғыз баланы дүниеге әкелген «Батыр ананың» пайымдауынша, азық-түлік құрамында қоспалар көп. Сондай-ақ бүгінгі келіндердің қимыл-қозғалысының азаюы іштегі баласы шамадан тыс өсіп кетуіне әкелетінінінен туындап отқанын жеткізеді. «Аяғы ауыр әйел барынша қозғалыста жүргені дұрыс. Оның үстіне бала теріс келсе, киізге салып аунататын, дұға оқып қайтаратын, толғақты жеңілдететін бірнеше әдіс дәстүрімізде бар. Оны жоққа шығаруға болмайды», – деді бізбен әңгімесінде.
«Кесарьдың кесірін көрген жоқпын», – деген пікірдегі Маржан Нұржанқызының мамандығы дәрігер. Екі сәбиді өмірге табиғи жолмен әкелген ана үшінші перзентінің «теріс келуіне» байланысты отаға келісім берген. Оның енді араға 1,5-2 жыл салып жүкті болуды жоспарлап отырғанын білдік. Ал төрт баласына осы жолмен өмір сыйлаған Меруерт Жеткергенқызы кесарь тілігін басқа жол табылмағандағы тығырықтан шығар бағыт деп біледі. Бүгінде қазақ аналарына үлкен үлгі болып жүрген психолог-коуч маман Құралай Ошақбаеваның дәрігерлер келісім бермегеніне қарамай, кесарьдан соң өзінің егіз баласын табиғи толғақпен өмірге әкелуге тәуекел еткенін көпшілік біледі.
Орайы келгенде Айгүл Егізбайқызынан: «Бұрын кесарьлық жолмен босанған әйелдерге үштен артық бала тууға тыйым салынатын. Қазір жағдай қалай?» – деген сұрағымызды да қойып үлгердік.
– Жыл санап медицинаның дамуына байланысты кесарь тілігін жасау әдісі де мазмұнын арттырып келеді. Ағзасы мықты, жатырында, жатыр түтікшелерінде жабысқақ, қабыну секілді аурулары, басқа да инфекциялық сырқаттары жоқ, қан қысымы мен өзге де ағзаларының жұмысы қалыпты әйел адам кесарь тілігімен төрт, одан да көп балалы болуға мүмкіндігі бар. Кесарь тілігі – шарасыздықтан жасалатын әдіс. Аналарға осындай жол бар деп денсаулыққа немқұрайлы қарамай, біз барынша табиғи жолмен босануға кеңес береміз, – деген ойын жеткізді.
Еліміздегі ана мен бала орталығының статистикасы қазақстандық әйелдердің отыз проценке жуығы осы жолмен өмірге бала әкелетінін көрсетіп отыр. Ал аудандағы көрсеткіш бұдан төмен. 2020 жылы 143 бала осы жолмен өмірге келсе, 2021 жылы 292 әйелге кесарь тілігі жасалынған. Бұл туылған балалардың шамамен 19-20 процентін құрайды. Толғақ – әйелге берілетін нығметті сынақ. Осы жолда жаратушының жазған қиындығына қиналмайын деп, денсаулықты дегдарлықтан айыру ертеңгі ұрпақ тәрбиесін ақсатпай ма? Ұлттың ұяты, халықтың қамына жасалған әрбір амал баршамызды ойлантса игі.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
28 қыркүйек 2021 ж. 536 0

Ел өзегі – мемлекеттік тіл

24 желтоқсан 2024 ж. 104

Өнегелі өмір өрнегі

24 желтоқсан 2024 ж. 89

Басты мақсат – халық игілігі

24 желтоқсан 2024 ж. 71

ЖАРҚЫРА, ШЫРША ШАМДАРЫ!

24 желтоқсан 2024 ж. 88

Елімізде қар жауып, аяз түседі

23 желтоқсан 2024 ж. 105

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031