Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғам қайраткері Қуанышбай Төлебаев туған жерге тағзым етті

Қоғам қайраткері Қуанышбай Төлебаев туған жерге тағзым етті

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Орал қаласында тұратын жерлесіміз, қоғам қайраткері Қуанышбай Төлебаевпен кездесу өтті.
Басқосуда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бүгінгі кездесудің туған жерді қадірлеу, құрметтеуге бағытталғанын атап өтіп, Қуанышбай Төлебаевтың өмір жолдарына тоқталды.
– Сыр бойы мен Батыстың арасында рухани, мәдени байланыс, өсіп-өркендеу жолында екі жаққа да пайдасы мол игілікті қарым-қатынас орнатып, дәнекер бола білген ағамыз еліміздің өркендеуі жолында талмай еңбек етті.
Туған елде, он тоғыз жасында еңбек жолын бастаған Қуанышбай ағамыз 1965-1968 жылдары Отан алдындағы борышын Ресейде өтеп келісімен мамандығы бойынша қызметін жалғастырды.
«Кызылордасельстрой» тресінің №4 ПМК-сында мастер, прораб, бас инженер болып белсенді қызмет жасады. Қазалы ауданы орталығындағы аудандық аурухана, мектеп, клуб, киімді химиялық жолмен тазалайтын фабрика, “Казселхозтехника”, “Сельстройдың” өндірістік базаларын салу, көптеген тұрғын үйлер мен тұрмыстық объектілер тұрғызуға тікелей араласып, өз қолынан өткізді.
Еңбегімен көзге түсе білген Қуанышбай Төлебайұлы 1971-1972 жылдары аудандық партия комитетінде нұсқаушылық қызметке алынды. Сөйтіп, жергілікті өндіріс пен құрылыс, мелиорация-суландыру саласындағы жұмыстарға басшылық жасады. Көп ұзамай ұйымдастырушылық қабілетін көрсеткен білімді маман өндіріске жіберілді. 1973-1975 жылдары «Басықара» поселкесіндегі құрылымды «Ремстрой» базасының іргесінде «Казмелиоводхозға» қарасты ПМК-64 мекемесін құрып, басшылықты қолға алды, – деген аудан басшысы бүгінгі кейіпкеріміздің мұнан кейінгі еңбек жолы Ақжайық өңірінде жалғасқанын айтты.
Қуанышбай Төлебайұлы 1975 жылы республикалық дәрежедегі басшылардың сенім артуымен Орал облысының су шаруашылығы және мелиорация басқармасының бастығы қызметіне жоғарылатылып, жіберілді. Сол уақыттан бастап бар өмірін Жайықтың бойында өткізсе де туған жерден қол үзген жоқ. Ақжайық пен Сыр өңірінің еркесіндей тең өсіп, емін-еркін, абыройлы қызмет атқарған ол осы кезге дейін екі жұрттың арасындағы дәнекерші, елші болып келеді.
Мұнан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қуанышбай Төлебаев ағамыздың иығына шапан жауып, «Алғыс хатпен» марапаттады.

Туған жерге сәлем бере келген жерлесіміз Қуанышбай Төлебаев кездесуді ұйымдастырған аудан басшылығына алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Мұнан соң бірқатар қазалылықтарға өзі төрағалық жасайтын «Зерде – Память» қорының «Алғыс хатын» табыстады.
Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов Ақжайықта түрлі қызмет атқарған азаматтың еңбекқорлығын ерекше атап өтті. соның нәтижесінде туған жерде де, Орал өңірінде де абыройға кенелгенін тілге тиек етті.
Айта кетейік, Қуанышбай Төлебайұлы Қазалы ауданына сапары кезінде ауданның киелі жерлерін аралап, өзінің туған жері – Жанкент ауылына арнайы барады.

"ҚАЗАЛЫ" ақпарат
21 қыркүйек 2021 ж. 854 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 67

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930