Декларация тапсырмаған азаматтар айыппұл төлейді
Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінің құжатын электронды түрде ұсыну мерзімі 2021 жылғы 15 қыркүйекте аяқталады, деп жазады Egemen.kz Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жалпыға бірдей декларацияны енгізудің бірінші кезеңі басталды. Ол төрт кезеңнен тұрады.
«Бірінші кезеңде активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсыну бойынша міндеттемелер жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары); мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары); мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары); Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңына және Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Заңдарына сәйкес декларация табыс ету міндеті жүктелген тұлғаларда туындады», деп хабарлады МКК-де.
Бірінші кезеңінің декларациясын қағаз түрінде ұсыну мерзімі 2021 жылғы 15 шілдеде аяқталған. Электронды түрдегі декларация 2021 жылғы 15 қыркүйегіне дейін жалғасады.
«Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны электронды түрде Салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz), «Электронды үкімет» порталы (egov.kz) арқылы, сондай-ақ «e-Salyq Azamat» және «eGov mobile» мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға жағдай жасалған. «Активтерді декларациялауға қатысты сұрақтар туындаған жағдайда мемлекеттік кірістер органдарына немесе 1414 нөмірі бойынша, қосымша 3 нөмірін тере отырып, байланыс орталығына хабарласуға болады», деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында (kgd.gov.kz) «Жалпыға бірдей декларациялау» бөлімінде толық ақпаратты алуға болады.
Ведомствоның жазуынша, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бірінші рет уақытылы тапсырылмағаны үшін ескерту жасалады, егер осыдан кейін бір жыл ішінде қайталанса 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
«Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда толық емес, анық емес мәліметтерді ұсыну үшін де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Егер аталған бұзушылық бірінші рет жасалып, салықтардың есептелуіне әкеп соқпаса, онда ескерту жасалады. Ал егер осындай бұзушылық ескерту жасалғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, онда 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады», деп ескертеді МКК.