Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ла-Скаланы бағындырған қазақ

Ла-Скаланы бағындырған қазақ

Жақыны жақсылық көріп, жеңіс тұғырынан көрінсе, қаны қызбайтын қазақ жоқ. Көршілес елден жеткен сүйінші хабарға қазақстандықтар мен жер-жердегі этникалық қазақтар ерекше қуанды. Өзбекстан жерінде тұратын қандасымыз Жеңісбек Пиязов «Өзбекстанның халық әртісі» атағын алды. Отыздан енді асқанда осындай биік беделге ие болған қазақ баласы туралы біз де білмекке бекіндік.

Өнер қонған әулет
Белгілі тақырып туралы қозғарда оның негізі, түп-төркініне бойлау өзектілікке жол ашады. Өнер – кез келгенге бұйдасын ұстата бермейтін киелі қасиет. Ол адам бойына қанмен қонса, оны дамыту, ұштау ізденіс пен тынымсыз талпынысты табыстан соң жүзеге асады. Бала Жеңістің бұл жолды таңдауы кездейсоқтық емес еді. Өзі шыққан тектің жиырмаға жуық мүшесі өнерден шамын жағып, бақытын тапқандар. Әулеттің атақонысы – Сыр сүлейлері шыққан Қазалы ауданы еді. Бір кездегі аласапыран ашаршылық салдарынан жан-жаққа тарыдай шашыраған қазақтың бір тобы Қарақалпақ жеріндегі Бесқалаға барып паналайды. Солардың қатарында Пиязовтар да бар болатын.
Зейнел Пиязов – Қарақалпақстанның еңбек сіңірген әртісі, халық әртісі, Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі. Оның 9 баласының үлкені Әзиза әке жолын жалғап, Станиславский атындағы театрда еңбек етсе, Роза Нөкістегі жастар театрында. Лиза – Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Лизаның жолдасы Әбунасыр Серіков «Нысана» әзіл-сықақ театрының директоры болса, олардың ұлы Мансұр «Менің балалық шағымның аспаны» фильмінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағын сомдаған талантты жас.
Марал Пиязова жары Алтай Тәуекеловпен бірге Алматыдағы қуыршақ театрында өнер көрсетсе, Бүркіт Нөкіс қаласындағы музыка мектебінде домбырадан сабақ береді. Бүркіттің зайыбы Інжігүл Сабырова белгілі қобызшы, Қарақалпақстанға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Бақыт – әнші, Айнұр – биші. Ұлдары Нұрлыбек – мәдениет колледжінде оқытушы, Ақылбек – күйші-домбырашы, Жәнібек – қобызшы, Өзбекстанның мемлекеттік «Нихол» жастар сыйлығының лауреаты. Біз сөз етіп отырған опера әншісі Жеңісбек Пиязов осы Бүркіт пен Інжігүлдің отбасында дүниеге келген екінші перзент.

Әншілік емес, актерлікті қалаған
Жеңісбек 1988 жылы Нөкіс қаласында туған. Өнердегі алғашқы қадамы бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінде тойларда ән салудан басталады. Ел арасында «әнші бала» атанған ол әншілікті емес, атасы сияқты актер болуды армандайды. Арманын жүзеге асырмақ мақсатпен 2004 жылы Нөкістегі Жапақ Шамұратов атындағы училищенің актерлік бөліміне оқуға түседі. Өнерлі жас бөлімде вокальдың қырын-сырын ұғынады. Осы кезеңде ұстаздары сырлы дауысқа тәнті болып, шәкіртінің асуы жоғары екендігін ұғындырады. Бірлі-екілі жарыстарда бақ сынап, бағасын алғаннан кейін Жеңісбек опера сыныбына ауысады. Сол күннен бастап ол той-томалақта ән салуды доғарып, даусын баптаумен айналысады. Білімін одан әрі тереңдетпек мақсатпен, 2007 жылы Өзбекстан мемлекеттік консерваториясының академиялық ән кафедрасына құжат тапсырады.

Жұлдызды жолдар бастауы
2007 жылы үш жылдық үзілістен соң үлкен сахнаға шығып, Өзбекстан вокалистерінің республикалық байқауына қатысып, бас жүлдені қанжығалайды. Сол жылы Өзбекстанның талантты жастарына арналған «Нихол» сыйлығын алады. 2008-2009 жылдары Франция, Испания, Малайзия, Португалияда өткен фольклорлық фестивальдарға қатысып, биік белестерден көрінсе, XII халықаралық «Қазақ романсиадасы» және Мәскеуде өткен орыс романстарын орындаушылардың XIII байқауында алғашқы орынға ие болып, топ жарады. 2010 жылы «Шухрат» медалімен марапатталды. Сол жылы ТМД елдері музыка академияларының Минскіде өткен шеберлік сабағына қатысады. Қараша айында Бакудегі Полат Бұлбұлоғлы атындағы вокалистердің V халықаралық байқауында бақ сынап, екінші орынды және «Әзербайжан үміті» атты арнайы сыйлықты жеңіп алды.

Үздіктердің үздігі
Ресейдің Саратов қаласында өткен Собинов фестивалінде қазылар алқасы Жеңісбектің дауыс диапазонына тәнті болып, таңдай қағады. Бұл жолы қазылар шығарған «Көрермен көзайымы» жүлдесіне көрермендер қарсылық танытып, ұйымдастырушылар тарапынан жүлдемен бірге Германия операсына жолдама береді. 2011 жылы Мюнхен опера фестиваліне қатысып, соңынан немістердің арнайы шақыртуымен бір жыл Германияда еңбек етеді
2012 жылы Мәскеудің Крокус сити Холл концерт залында өткен Муслим Магомаев атындағы II халықаралық вокалистер байқауында өнер көрсетіп, қатысуға ниет білдірген 200 әншінің 17-сі ғана іріктеуден сүрінбей өтеді. Бұл жолы Пиязов Дон Базилио ариясымен тағы бір дүр сілкіндіреді. Әннің иірімін құбылта ойнақшыта келіп, дауысты көтере шырқайтын жерінде әділқазылар алқасында отырған қызуқанды итальяндық Винценцо Де Вивоның да делебесі қозып, қосылып кетеді. Андрей Вознесенскийдің сөзіне жазылған композитор А.Бабаджанянның «Верни мне музыку» атты салмақты әнін айтқанда Тамара Синявская, Елена Образцова секілді әйгілі опера әншілерінің өзі де тебірене тыңдап, жас дарынның өнеріне деген ризашылықтарын аңғартады. Әділқазылар Жеңісбекке баға көтергенде жүргізуші Святослав Бэлзаның: «Рекорд! Рекордный балл!» деген таңданысы әлі көпшілік жадында.
Конкурс жеңімпаздарын марапаттау кезінде Елена Образцова: «Осы бір бойында артық қырым еті жоқ, дауысы мықты жас бала бізді алғашқы іріктеу кезеңінің өзінде-ақ таңдандырған. Оның музыканы түйсінуі, сахна құдіретін сезінуі табиғи әрі ғажап! Ол ешкімге ұқсамайды әрі ұқсауға да тырыспайды. Бұл сирек кездесетін құбылыс, сондықтан оған бірауыздан жоғары баға бердік», – деп ағынан жарылды. Көпшіліктің әдетте мұндай қуатты дауыс ірі денелі адамдардан шығады деген түсінігін сол күні әнші түбегейлі өзгертеді.
Еліне жеңіспен оралған Жеңісбек Пиязов «Қарақалпақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағына ие болады. Жеңісбек бұл кезеңде Спиваков концертінде, Мәскеудегі Чайковский залында атақты В.Федосеевпен бірге өнер көрсету құрметіне ие болады.
Сол концертті Мәскеуде ресми сапармен жүрген Өзбекстан президенті Ислам Каримов Ресей үкіметінің басшысы Дмитрий Медведовпен қатар отырып тамашалайды. Бірер күннен соң Өзбекстан президенті өнерге құрмет белгісі ретінде Ташкент қаласынан үш бөлмелі пәтер табыс етеді.
Отызға толмай-ақ «Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі», «Қарақалпақстанның халық әртісі» атағын қанжығалаған этникалық қазақ, әйгілі опера әншісі Жеңісбек Пиязов Өзбекстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Өзбекстан халық әртісі» атағына ұсынылады.
Музыка тілінде «бас-баритон» деп аталатын өзінің биік те әдемі даусымен әлемді таңдандырып жүрген Жеңісбек Пиязов Ла-Скалада өнер көрсеткен санаулы орта азиялық әншінің бірегейі.

Дайындаған А.ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
04 қыркүйек 2021 ж. 1 025 0

Ел өзегі – мемлекеттік тіл

24 желтоқсан 2024 ж. 101

Өнегелі өмір өрнегі

24 желтоқсан 2024 ж. 87

Басты мақсат – халық игілігі

24 желтоқсан 2024 ж. 69

ЖАРҚЫРА, ШЫРША ШАМДАРЫ!

24 желтоқсан 2024 ж. 87

Елімізде қар жауып, аяз түседі

23 желтоқсан 2024 ж. 101

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031