Биыл қандай нысандарда апат жиі тіркелді
2021 жылғы 7 айда апаттың басым бөлігі көмір, металлургия, мұнай-газ, газ және құрылыс нысандарында тіркелген. Салдарынан 1 адам қаза тауып, 6 адам зардап шекті. Бұл туралы ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нығмеджан Мақажанов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Оның айтуынша, биыл 7 айда нысандарда ерекше тәртіп бойынша 630 тексеріс және жоспардан тыс 371 тексеріс жүргізілген. «Нәтижесіде 18 640 нысан тексерілді. Осылайша, 17 588 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде ерекше тәртіп бойынша – 16 535, жоспардан тыс – 1053. Тексеру барысында 100 млн-нан аса теңгеге 747 әкімшілік айыппұл салынды», - деді Нығмеджан Мақажанов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. Ол өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзғаны үшін 280 объекті және 4 субъектінің жұмысы тоқтатылғанын жеткізді. «Есепті кезеңде қауіпті өндіріс объектілерінде 14 апат, 187 оқыс оқиға (инцидент) тіркелді. Апаттың басым бөлігі көмір, металлургия, мұнай-газ, газ шаруашылығы және құрылыс объектілерде болды. Салдарынан 1 қаза тауып, 6 адам зардап шекті», - деп түйіндеді сөзін комитет төрағасы.