Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кемел істер кезеңі

Кемел істер кезеңі

2005 жыл – батыстың да, шығыстың да емес, қазақтың дербес даму жолын ұстанған ел тәуелсіздігінің 14-ші белесі. Осы уақыт ішінде әлем мен егемен елдің тағдырын айқындаған талай айшықты оқиғалар болды.

«Ауыл жылы» аяқталды
Ауыл – қазақтың құтты мекені. Өмір ауанымен көпшілігіміз қалаға кеткенімізбен, көңіліміз әлі де ауыл жаққа алаңдаулы. Біздің осы ахуалымызды «ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген белгілі өлең жолдары анық айқындап тұр. Қазір Қазақстан халқының 40 проценті ауылдық жерде өмір сүріп жатыр. Сондықтан ауыл мәселесі – мемлекеттің экономикалық саясатының басты бір бөлігі болып қала бермек.
2005 жылы мемлекеттің аграрлық өндірістегі реформаларды жүйелеу, ауыл экономикасын арттыруға және әлеуметтік болмысын жаңғыртуға бағытталған 3 жылдық «Ауыл жылы» бағдарламасы аяқталды. Осы бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы мен оған байланысты салаларды бюджеттен қаржыландыру айтарлықтай артты.
Мәселен, 2003 жылы ауылды қолдау мақсатында мемлекет қазынасынан 40 миллиард теңге бөлініп, оның 30 миллиарды аграрлық секторды дамытуға, 10 миллиарды әлеуметтік мәселені шешуге бағытталды. Соның арқасында көптеген жергілікті жердегі білім беру, денсаулық сақтау, ауызсумен жабдықтау сияқты өзекті мәселе шешімін тапты. Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығында өндірілетін өнімнің көлемі 2002 жылмен салыстырғанда 1,5 есе, инвестиция көлемі 3 есе өсті. Үш жылдықтың бағдарламасы ауылдарды дамытуға үлкен серпін берді. Осы жылдары қабылданған ауқымды іс-шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығындағы тауар айналымы 4 есе ұлғайып, ол 4 миллиард доллардан асты.

«Нұр Астана» – иман ордасы
Осы жылы әз-Наурыз мерекесі қарсаңында Есіл өзенінің сол жағалауында бір еңселі ғимарат – Орталық мешіт пайдалануға берілді. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының шешімімен ғибадатханаға «Нұр Астана орталық мешіті» деген атау берілді. Мешіттің ішкі әрлендіру жұмыстарына отандық сәулетшілер мен дизайнерлер атсалысып, жазулар ислам каллиграфиясы мен араб графикасына сәйкес өрнектелген. Безендіру және көркемдеу жұмыстарының авторы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ғазиз Ешкенов. Оның күмбездерін көтеріп тұрған құшақ жетпес үлкен сегіз ұстын мен қабырғаларын, сәжде еткенде құбылаға бас қоятын михрабын нақыштауда қазақтың ұлттық ою-өрнектері пайдаланылған.
5 000 адам сиятын сәулет туындысы ливандық шебер Чарльз Хазифтің жобасы бойынша салынды, құрылыстың бас мердігері – Түркияның «Пасинер» компаниясы. Мешіттің бас күмбезінің биіктігі – 43 метр. Ғимарат барлығы 3 930 шаршы метр аумақты алып жатыр.
Тұңғыш Президент мешітке 1994 жылы Сауд Арабиясына барған алғашқы сапарында Король Фаһд бин Әбдел Әзиз ерекше құрметінің белгісі ретінде берген қасиетті мүбәрак қағбаның киімі – қисуаның бір бөлігін және Меккеде басылған Құран Кәрімді сыйға тартты.

Әлем қазақтарының құрылтайы
29 қыркүйекте әлем қазақтарының III дүниежүзілік құрылтайы салтанатты түрде ашылды. Оған 32 елден 300-ден аса делегат келді. Құрылтайда ұлт өмірін жан-жақты зерттеп, жер-жердегі қандастарымыздың әлеуметтік-экономика, мәдени, рухани тыныс-тіршілігіндегі мәселелер көтеріліп, оны шешу міндеттері жүктеледі. Бұл жолғы құрылтайда қаралған мәселе Қазақстанды латын әліпбиіне көшіру еді.
Мәселен, бүгінде 5 миллион қандас тарихи Отанынан шет жерде жүр, осыған байланысты олардың ортақ әліпбиі жоқ. Сол себепті Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі тұтас қазақ ұлтына ортақ жазу тілін қалыптастыратын болады. Айта кетейік, тәуелсіздік алғаннан бері 2005 жылға дейін Қазақстанға сырттағы 600 мың қазақ оралған.
– Біреулер латынға көшпеуге болмайды, бұл түркі әлемінің бірден-бір жолы. Бүкіл әлем түбінде соған көшуі мүмкін дейді. Біреулер латынға көшсек, қазақ фонетикасына тән дыбыстардан айырыламыз, кириллицада жарық көрген жүздеген кітапта жинақталған білімнен қол үземіз дейді. Екі пікірдің де жаны бар. Сондықтан ғалымдар асықпай зерделеп бір тоқтамға келуі тиіс,– деді Елбасы Н.Назарбаев құрылтайда.


Аралды құтқару амалы
2005 жылы Аралды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Естеріңізде болса, 80-жылдардың соңында суы қайтқан Арал теңізі екіге бөлініп, Үлкен Арал, Кіші Арал деп аталды. Үлкен Аралды сақтап қалудың сәті түспеді, тұзы көтеріліп, құмы суырылып, орны шөлге айналып кеткен еді. Теңіз түбінің құрғауы қоршаған ортаны экологиялық апатқа ұшыратып, өңір тұрғындарының денсаулығына зор залал келтірді, мыңдаған балықшыларды кәсібінен айырды.
Жаңа ғасырдың басында Сырдария өзенінің суағарын реттеу және Аралдың солтүстік бөлігін сақтау жөніндегі жоба ұсынылды. Оның басты түйіні – теңіздің солтүстік бөлігін оның құрып бара жатқан басқа бөлігінен бөліп тастайтын, 30 шақырымға созылған Көкарал бөгетін салу. Бұл жобаға Бүкіләлемдік банк 64 миллион доллар бөлді, ал 21 миллион доллар республикалық бюджеттен алынды. 2005 жылдың тамызында бөгет салынып бітті. Келесі жылы-ақ Кіші Арал жобада белгіленген межеге дейін толды.
Теңіз суы оның құрғақ түбінің 870 шаршы шақырымын жапты, бұл Арал маңындағы экологиялық ахуалды жақсарта түсті. Судың минералдануы айтарлықтай азайды, ондағы балық қорын қайта қалпына келтіру үшін бұл өте маңызды еді. Сол кезде басталған өнеркәсіптік негізде балық аулау көлемі ептеп арта бастады.

Дайындаған Абзал ЖОЛТЕРЕК
17 тамыз 2021 ж. 276 0

Ғайып болған елес ауыл

14 мамыр 2024 ж. 115

Қамыс басындағы қыз

14 мамыр 2024 ж. 99

Қарақұмға қой көшкенде

14 мамыр 2024 ж. 83

Аналар ардақталған күн

14 мамыр 2024 ж. 94

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031