Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жөндеуді күтіп жол жатыр

Жөндеуді күтіп жол жатыр

Бүгінге дейін Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласында біршама жол жөндеу көріп үлгерді. Дегенмен бюджеттен қаржысы шешілген көше саны жыл өткен сайын тозығы жеткен жолдардан қалыс келе жатқаны жасырын емес. Оны көлік жүргізетін кез келген тұрғын біледі. Биыл да Қазалы қаласында ұзындығы 8 шақырымды құрайтын 10 көше қайта жаңғыртылудан өтіп жатыр. Онда да қиыршық тас төсеп, үстін асфальтпен үйкей салмайды. Жолды арнайы көлікпен бірнеше метрге дейін қазып, жердің босаған қыртысын жаңартады. Содан кейін топырақты нығыздап, ұзақ өмір сүретін асфальт жабындысын төсейді. Мұның ұзақырақ уақыт алатыны түсінікті. Мердігер мекеме «Кочевник» серіктестігі бүгінгі күнге дейін 2 шақырым жолды асфальттап үлгерген. Әлі құрылысшы қолы тигенін күтіп жатқан 6 шақырым жол бар. Жұмыстың бұлай баяу жүруі аудан басшысына ұнамай отыр.
Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қазалы қаласына арнайы барып, жол жөндеу жұмыстарымен танысты. Содан жобаның құжаттарын шолып шықты да, мердігер мекеменің жауапты қызметкеріне белгіленген кестеден не себепті кешігіп келе жатқанын сұрады. Көтере алмайтын шоқпарды белге байламау керегін айтты.
– Соңғы екі аптада өте баяу жұмыс істегенсіздер. Сылбыр қимылдап жатырсыздар. Құрылыс дәл осындай қарқынмен жүретін болса келісімшартта белгіленген уапқытта аяқтай алмайтындарыңыз анық. Бұлай болмайды. Қосымша техника тартып, жолшылар санын арттыру керек. Болмаса жол жөндеумен айналысатын мекемелердің бірімен келісім-шартқа отырыңыздар. Сенбі, жексенбі күндері де жұмыс істеңіздер. Ертең күн суығанда салған жолдарыңызды сапасы да болмайды. Әлі Әйтеке би кентіндегі Әбілқайыр хан көшесі кезек күтіп тұр. Оның да шаңы көкке ұшып жатыр. Шамаларыңыз келмейтін болса бастамауларыңыз керек еді, – деді сондағы тіршілікке көңілі толмаған әкім.
Құрылыс басындағы серіктестіктің жауапты маманы жобаның кесетеге сай жүргізілмеуінің себептерін айтқандай болды. Біраз аудан басшысы келесі аптаның сенбі күкніне дейін, яғни 7 тамыз күні қанша асфальттап үлгеретініне тоқталуын сұрады. Құрылыс маманы басшылықпен ақылдасып шешті ме, әлде тосын сауалға састы ма, белгісіз, апта ішінде 5 көшені бірдей жөндеуден өткізіп беретінін айтып қалды. Сәйкесінше Мұхтар Әуесбайұлы белгіленген күні қайта сексеретінін, уәде орындалмаса қатаң шара көруге мәжбүр болатынын ескертті.

Қазалы қаласына сапар барысында аудан басшысы аяқсу мәселесі жайын да сұрады. Қала әкімінің орынбасары Қаныш Жұбатқаннан бүгінгі күні екі нысаннан насос арқылы ішкі көшелерге аяқ су жіберіліп отырғанын жеткізді. Бұдан бөлек осы сәтте Ш.Уәлиханов көшесінің бойындағы үшінші насосқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады.

Жақында Әйтеке би кенті аумағындағы 13 көшені ағымдағы жөндеу жұмыстары басталғаны белгілі. Көп атанға жүк болатын ауқымды тірлікті «Сыр маржаны и К» серіктестігі ұтып алып, жолды жақсартып жатыр. Өткен аптада аудан әкімі құрылыс басталған Төремұрат жырау және О.Жанәділов көшелерінің келбетін бақылап қайтты.
Оқырман есіне сала кетейік, 2021 жылы бюджеттен бөлінген қаржыға Төремұрат жырау, О.Жанәділов, Р.Сабырбаев, Қ.Пірімов, Әйтеке би, Бекарыстан би, Ғ.Мұратбаев, Үмбет би, Достық, Желтоқсан, Қарасақал Ерімбет, Я.Михайлюк, М.Шоқай көшелеріндегі екі мыңға шаршы метрге жуық автожолды талапқа сай ету жоспарланған. Бірнеше жолшы мекеме қазіргі таңда қызу жұмысқа кірісіп кеткен. Соның бірі «Әбу Жүсіп» серіктестігі 1,5 шақырым болатынДәулеткерей көшесіне аяьфалттауды аяқтап қалды. Мұндайда аудан басшысы құрылыстың сапалы болуын, мерзімінде аяқталуын және көлік жүктемесіне шыдас беруін басты назарда ұстауды талап ететіні мәлім.
Биыл аудандық маңызға ие бірқатар жолдарды жөндеу ісі қайта жаңғырғаны белгілі. Мәселен аудан орталығынан Кәукей ауылына апаратын жолдың құрылысын тәмамдауға қомақты қаржы бөлінді. Сол сияқты Абай мен Басықарадағы ағайындардың қатынасуын жақсартатын жоба биыл іске қосылды. Көп ұзамай аралықтағы 17 шақырым жолда қос ауылдың көліктері кедергісіз қатынасады. Бүгінгі күннің өзінде мойнынан жауапкершілік жүгін артқан «Строй Модуль Астана» серіктестігі 5,5 шақырым жолды жөндеп бітірді.
Мұхтар Әуесұлы осындағы ағайынның арманына айналған жолмен арнайы барып танысты. Серіктестіктің директоры Жарасхан Мұратбаев та сол маңнан табылып, ілкімді істің жай күйін баяндады. Сөзіне сенсек, ойға алынған жұмыс толықтай мәресіне жетуі үшін осы кезге дейін бөлініп қойған қаржы жетпейтін көрінеді. Нақты дәлел-дәйекке көз жеткізген соң аудан әкімі асфальттауға қажетті қаржы көздері қарастырылатынын айтты.
Жобаның не себепті арманға айналған жолмен пара пар екеніне де тоқтала кетейік. Бұған дейін ауыл тұрғындары, әсіресе Абай ауылындағы ағайын көктем түсіп, күн жылыса жағдайы қашатын. Өйткені абыржының уақытында дариядағы қалқымалы көпір уақытша алынып, аудан орталығымен байланыс жиі үзіледі. Амалы таусылған абайлықтар алыс та, мейлі нашар болсын, осы жолмен қатынауға мәжбүр. Жүк көлігінің өзі жүруге батпайтын бұл жол биыл біраз мәселені шешіп бергелі тұр. Әсіресе көпір салуға қажетті миллардтаған қаржы мақұлданбайынша, ауыл тұрғындарының көңіліне медеу.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
03 тамыз 2021 ж. 537 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930