Жағдай күрделеніп барады
Жыл басында ептеп басылғандай көрінгенімен қазір қайта өршіп тұр. Әлем емес, облыс, оның ішінде жергілікті жерде күн сайынғы вирус жұқтырғандар мен көз жұмғандардың көрсеткіші жаға ұстатарлық.
Соған сәйкес кеше аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен коронавирустық инфекцияның алдын алуға байланысты кезекті штаб отырысы өтті.
Жақында 2021 жылдың 26 сәуірінен бастап «Ashyq» жүйесіне қосылған Қызылорда облысында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен анықталған «қызыл» мәртебесі бар бірқатар тұлғалар тізімі жарияланды. Қоғамдық тамақтану орындары, халыққа қызмет көрсету орталығы, әуежай мен теміржол вокзалында анықталған азаматтар қатарында қазалылық тұрғын Гулзира Айымбетова да бар. Оған оқшаулану режимін бұзғандығы үшін әкімшілік айппұл салынған.
Жиында жергілікті жерде той, садақаның тоқтамай тұрғандығы сөз етілді. Осыған орай аудан басшысы мониторингтік топтардың жұмысын сынап, қатаң шаралар қабылдануы қажет екендігін айтты.
Мұнан соң Қазалы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлсім Имандосова Әйтеке би кентінде жұқпалы індетке шалдыққандардың қарасы қалың болып тұрғанын тілге тиек етіп, жиындарды тоқтату қажеттігін айтты.
Ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Бақыткүл Әлішева аудандағы вакцинациялау жөнінде хабарлама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып берді.
Бас дәрігердің айтуынша, қазіргі таңда ауруханадағы 6 науқастың жағдайы өте ауыр. Бір отбасынан 3 адам індет жұқтырған дерек те бар. Ал бұлардың барлығы да той-жиынға барған.
Айта кетейік, басқосуға аудан прокуроры Бақытжан Мырзабаев та қатысып, өзінің пікірін жеткізді.
А.ЖОЛТЕРЕК