Президент жол құрылысы мен баспанаға қатысты тапсырма берді
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі президентке мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы мен бірінші жарты жылдықта атқарылған жұмыстардың негізгі бағыттары туралы баяндады.
Мемлекет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың жарты жылдық есебін тыңдады.
Ведомство басшысы өңдеу өнеркәсібі дамуы жөнінде егжей-тегжейлі есеп берді. Оның айтуынша, жыл басынан бері өсім көрсеткіші 5,6 пайызға соның ішінде, фармацевтика 31 пайызға, машина жасау саласы 22%-ға, химия 2,8%-ға және металлургия 0,8 пайызға артқан.
— Бұдан бөлек жыл соңына дейін қосымша 126-дан астам жоба іске қосылады. Бұл жобаларға 1,1 триллион теңге көлемінде инвестиция салынған», – деп жазды президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook-тегі парақшасында.
Мемлекет басшысына «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жыл басынан бері ұзындығы 2,2 мың шақырым автомобиль жолдары пайдалануға берілгені жөнінде баяндалды. Транзиттік жүк тасымалы артып келеді, соның ішінде, Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша бұл көрсеткіш 59 пайызға өскен.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бүгінде 6,6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 17 миллион шаршы метрге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы жергілікті қатынас жолдарын дамыту және қайта жөндеу, сондай-ақ, жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысын маңызды міндеттер ретінде атады.