Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар ауыл тынысымен танысты

Жастар ауыл тынысымен танысты

Тарихында тағдыр тәлкегінің талайын көрген халқымыздың кеңпейілдігі, қонақжайлығы хақында көп айтылады. Бірақ бейбіт жағдайдағы елімізде қазіргі күндері халықтың қалай өмір сүріп жатқаны, нені ұлағат тұтып, нені қалайтыны, жалпы алғанда, жаратылысы, болмыс-бітімі қандай екені әлемнің көпшілігіне бұған дейін беймәлім болып келген.

Міне осы сауалдарға жауап алу үшін Жастар ресурстық орталығының бастамасымен қала мен ауыл жастарының арасында байланыс орнату, ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырып, қала жастарының әрқайсысына көшпенділер өркениетінің этно-мәдени ортасын, өткен ғасырлар сырын сезінуге мүмкіндік беретін “Sálem, ауыл!” жобасы өз жұмысын бастады. Жобаның алғашқы қадамы – Бірлік ауылында бастау алды.



Жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған «qazaly_volonteer» еріктілер тобының мүшелері аудан орталығынан газельге мініп, Бірлік ауылына жол тарттық. Әр жастың көкейінде түрлі сұрақ, бұл бастамадан күтер үміті мен алар әсері де әр басқа. Тәуекелге бел буып, мүмкіндігінше маңызды мәліметтермен сусындап, жағымды жаңалықтарды сіңіріп алуға ниет еттік. Ауылға жетеміз дегенше, «император», «бұзылған телефон», «соңғы әріп» және тағы басқа ойындар ойнатылып, әндер шырқалды.
Қазақтың ұлттық киімдерін киген Бірлік ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Әділ Нысанбайұлы, ауылдық клуб меңгерушісі Таня Оспанова, ауыл жастары ісіне жауапты маманы Бақытгүл Алданқызы мен Қали Мәди, Айнұр Ертуған бастаған бірліктіктер күтіп алды. «От – ана» әжелер ансамблінің жетекшісі Гүлжаһан Шакирова шашу шашып, «Назқоңыр» бишілер тобы би билеп берді.


«Тағзым» алаңына барып ауыл мешітінің имамы «Құран бағыштау» рәсімін орындады.
Сан әсерге толы саяхатымыз Этноауылмен жалғасын тапты. Жігіттер ат әбзелдерімен, атты ерттеу ережелерін үйренді. Кезекпен ат үстінде шауып көрді. Ал қыздар әжелермен бірге жүн түтіп, ұршық иірді. Диірменмен күріш тартты. Әдемі жеңгеміз қазанжаппай жасау тәсілін көрсетіп, қыздар піскен айранның майын жағып, тіл үйірер тәтті наннан дәм татты.

Жоба барысында Жастар денсаулық орталығының психологы Гүлназия Қонысбаева суицидтің алдын алуға және отбасы құндылықтарына байланысты тренингтер өткізді. Қала жастары мен ауыл жастары отбасы тәрбиесі, ондағы ережелер мен құндылықтар туралы өз ойларын ортаға салды. «Шаңырақ» психологиялық ойынымен жалғасты.
Сонымен қатар Бірлік ауылының спорт алаңында шағын футболдан, Қарлан көпірінің маңында балық аулаудан жарыс ұйымдастырылды. Соның арқасында өзара бәсекеге қабілеттілік пен ауызбіршілік нығая түсті.


Бірлік ауылының жас кәсіпкері Балапан Назеркемен кездесу ұйымдастырылып, кәсіп орнына бардық. Аудандық, облыстық, республикалық көрмелердің жеңімпазы мемлекет тарапынан екі мәрте грант жеңіп алса, жақында жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Арнайы ою аппаратын сатып алыпты. Бірақ ауылдағы интернет желісінің әлсіздігінен бұл техникасымен жұмыс жасау әзір мүмкін болмай тұр.
“Sálem, ауыл!” жобасының жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, белсенділік танытқан жастар – Ерлан Қуанышбай, Дархан Шынтемір, Дәуірхан Шынтемір, Райхан Нағметулла, Айзина Қалиларға Жастар ресурстық орталығының директоры Асылхан Дәрібаевтың «Алғысы» табысталды. Жобаның алғашқы қадамының оңынан, берері молынан болуына атсалысқан барлық жастарға қала жастарының атынан шексіз ризашылығымды білдіремін. “Sálem, ауыл!” жобасына қатысамын, аудан жастарымен етене араласамын дейтін азаматтар мен азаматшаларды Жастар ресурстық орталығына шақырамын. Жақсы істер жалғасын таба берсін.

С.МЫҢЖАСАРОВА,
Жастар ресурстық орталығының инспекторы
20 шілде 2021 ж. 429 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930