Мәжіліс депутаттары қазалыдағы құрылыс жұмыстарымен танысты
Ауданға арнайы келген Мәжіліс депутаттарының бір тобы Шәкен, Майлыбас ауылдық округтеріне жол тартқанын біз бұған дейін айтқан болатынбыз. Халық қалаулыларының тағы бір тобы Қазалыдағы құрылыс жұмыстарымен танысты.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұл, Ғалым Әміреев, Геннадий Шиповских қала мен кенттің екі аралығындағы «Рәміздер алаңында» алдағы уақытта салынатын құрылыс нысандарымен танысты.
Аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің екі аралығынан алдағы уақытта Жалаңтөс батырдың 445 жылдығына орай еңселі ескерткіш бой көтеретінін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, қазіргі таңда 2 қабатты 12 пәтерлі 12 арендалық тұрғын үйдің жоба-сметалық құжаттарының мерзімі аяқталатынын айтып, тез арада қаржы бөлуге ықпал жасауды сұрады. Құрылыс жұмыстары басталып кету үшін 2,2 млрд теңге қажет.
Мәжіліс депутаттары Әйтеке би кентінде құрылысы қарқынды жүріп жатқан емхана құрылысымен де танысты. Ауысымына 250 келушіге арналған. Құрылыс жұмыстарын «SCS Инжиниринг» ЖШС жүргізіп жатыр. Серіктестіктің жауапты қызметкерлері емхана құрылысын желтоқсан айында аяқтауды жоспарлап отырғандарын жеткізді.
Қазіргі таңда Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы автомобиль жолын кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Халық қалаулылары бұл жұмыстармен де танысты.
Жоба барысында 7 шақырым автомобиль жолын 4 жолаққа дейін кеңейту, 2 темірбетон көпірін, 2 су өткізгіш құбырын қайта жаңғырту және тағы басқа жұмыстар жүргізілетін болады. Сонымен қатар, әр бір жүру жолағы 3,5 метр және автобус аялдамасына арналған алаң, жол қиылыстарын салу қарастырылған.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат