Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Дельта» осал демеңіз

«Дельта» осал демеңіз

Алғаш рет аспанасты елінде пайда болған індет туралы естігенде көпшілік үрейге бой алдырмағаны есімізде. Тек ел астанасы мен Алматыда ауру жұқтырғандар анықталғанда ғана жан-жағымызға күдікпен қарай бастадық. Түбі індет дегенін істеді. «Алыста» деп алаңға салынбағанымыз сол-ақ еді, осында шалғай жатқан ауылдағы ағайынның да адымын аштырмай, төсекке төсеп тастады. Ел билігінің ұтымды әрекеті мен жұрттың жауапкершілігінің арқасында кесел таралуына кедергі қойғандай болдық. Бірақ бұған дейін қаншама қоғам қайраткерлері, қандастарымыз ажал құшты. Ел ағаларының кеңесімен екпе алып, екпін басқан тұста үнді елінен көңіл үркітетін хабар келді. Онда Covid-19-дың жаңа мутациясы – «Дельта» деген тажал халықты өмірден түңілтіп жатыр-мыс. Бірнеше қандасымыз жұқтырып үлгерген вирустың жаңа түрі Қазақстанға да жеткенін естіп отырмыз. Оның қаншалықты қауіпті екенін сараптап көрелік.
Әлемге қаупі қандай?
Баспасөз конференциясында: «Дельта өте тез таралады және ауруханаға жатқызу қаупін жоғарылатады, – деді ДДҰ төтенше жағдайлар бағдарламасының атқарушы директоры Майкл Райан. Штамм бұған дейін Ұлыбританияда анықталған түрінен бірнеше есе қауіптірек деп бағаланады. Сәйкесінше инфекция жұқтырғандар реанимацияға көптеп түсетіндіктен, ауруханадағы мүмкіндігін кеңейтуге кеңес берді.
«Дельта» нұсқасында бірнеше мутация бар. Кейде олар вирусты күшейтеді, вакцинаның әсерін айналып өтуге мүмкіндік береді. Кемінде екпенің әсерін кемітеді. «Дельта» мутацияларының нақты функцияларын ғалымдар әлі зерттеген жоқ. Алайда, олар вирустың организм жасушаларына оңай енуіне және кейбір иммундық реакциялардан айналып өте алады. Бұл туралы Deutsche Welle басылымы жазды.
Нақты «Delta» -дан басқа, «Delta Plus» (немесе AY.1) нұсқасы бар. Бұл әлгі штамнан да қауіпті саналады. Қуанышымызға орай көпшілік арасына айтарлықтай таралып үлгермеді. Дельта штамы көбінесе қатты суыққа ұқсайды, дейді ауру зерттеушісі профессор Тим Спектор. Сондай-ақ жас денені құлазытуға бейім. Британдық дәрігерлер Шотландиядағы жағдайды саралап, ауруханаға жататындар саны екі есеге асып, орын жетіспеушілігі мәселе тудыратынын жеткізді.
Жау жағадан алғанда...
Негізі короновирус пайда болғанда жұрт оны салқын тиюмен шатастырды. Өйткені симптомдары ұқсас еді. Кейін иіс пен дәм сезбей, сарсаңға салынғанымыз рас. Бірақ бұл вирус бұрынғысынан күштірек деседі. Әйтпесе жарық дүниеге келе сала жүзге жуық мемлекетке таралып үлгермес еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адамдардың вакцина салдырмауы да жаңа штаммның қолтығына су бүркіп тұрғанын айтады. Яки тұрғындарының басым бөлігі індетке қарсы егілген елдерде сынақ жеңілірек болатыны болжануда. Дельта әзірге
Днепр өзенін жағалай қонған елдерде жиі бас көтеріп тұр. Әсіресе көпші Ресейдің хәлі мүшкіл.
Вирус белгілеріне қайта оралайық. Жағдайы нашарлап, төсекке сұлаған науқас мұның жай ғана тұмау емесін анық біледі. Өйткені үнді штаммын жұқтырған адамның буындары мен іші ерекше ауырып, жүреге айнып, құсу бек мүмкін. Ол аз десеңіз мамандар аяқ-қолдың қаны ұйып, кереңдікке әкелетінін айтып шошытты. Мұрын бітеліп, бас ауырса және алқым қысылса денеңізді «дельта» дендеп барады дей беріңіз.
Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин науқастың иіс сезуі нашарламауы мүмкін екенін және бастапқыда оның жағдайы кәдімгі тұмауға ұқсас болатынын айтты. Суық тиюдің алғашқы белгілері пайда болғаннан-ақ үнді штаммының ықтималдылығын жоққа шығармай, тез арада оқшауланып, дәрігер шақыру керек. Себебі жаңа штамм тез асқынады және аса қауіпті екенін айтты.
– Ғылыми журналдардағы мәліметтер бойынша, бүгінде Ұлыбританияда "Дельта" штаммы 99% көрсеткішпен басым түсіп отыр және Мәскеудегі ресейлік әріптестеріміз анықталған штаммдардың 90%-і "Дельта" штаммы екенін хабарлады", – деді Бекшин.
Дәрігер дерттен жаза ма?
Маңдайында қызыл нүктесі бар миллионның арасында ажал құшқандар наурыз айында анықталған еді. Инкубациялық кезеңде жүрген бір үнді бес-алты қандасын қатарынан құлатты. Ал апта бұрын елордадалық азаматтың жаңа індетке шалдыққаны айтылды. Қазір Алматыда да науқастар тіркелді. Бұған дейін үнді штамының антиденелерге төзімділігін айтқан едік. Сондықтан ғалымдар вакциналанғандардың да вирус жұқтыру қаупі бар екенін айтты.
– Ол жасушаларды зақымдамайды, тек бір жасушадан екіншісіне өтіп, көпядролы дене түзеді. Сондықтан ол ішке енген соң, қан айналымында жүрген антиденелерге төзімді болады. Оның қулығы осында, – дейді Гамалея атындағы эпидемиалогия және микробиология ҰЗО директоры Александр Гинцбург.
Десек те вакцинация инфекцияны және осы вирустан туындаған асқынуды болдырмаудың ең жақсы әдісі болып табылатынын айтып жүргендер көп. Ғалымдар мен дәрігерлер вакцинаның барлық түрі «Дельта» нұсқасына қарсы жұмыс істейтіне сендіргісі келеді. Sputnik V, BioNTech (Pfizer), AstraZeneca екпелері тиімділігі төмендегенмен коронавирустық инфекцияның алдын алудың жалғыз жолы болып қалады. Мамандар мұны Англиядағы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы зерттеулер сүйеніп айтып отыр. Вирустың алдыңғы нұсқасына қарағанда біршама аз болса AstraZeneca немесе Pfizer вакциналарының екі дозасы жоғары деңгейде қорғаныс беретіндігі байқалған.
Вирусолог Александр Гунцбург «Спутник V» вакцинасын беретін антиденелердің жеткізілімі бүгінгі күнге дейін белгілі болған барлық штамдардан қорғауға жеткілікті деңгейде екенін атап өтті. «Егер Sputnik V зертханалық жағдайдағы тиімділігі туралы айтатын болсақ, Ухань штаммынан алынған сарысумен салыстырғанда 1,4-2,4 есе төмендеу байқалады. «Бұл аса қорқынышты емес», – деді ғалым. Ізін ала Израиль, Италия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері мен Ресей бірқатар азаматтарға міндетті вакцинация енгізді. Ал ДДСҰ осал адамдарды қорғау үшін қуатты мемлекеттерді вакцинаның тапшылығы бар басқа елдермен бөлісуге шақырады.
Қазақтар қорғанысы
Күн өткен сайын Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында анықталған мутацияның басқақ қалаларда таралуы үдеп барады. Соған сай карантин режимі де күшейтілуде. Бұған дейін Үкімет басшысы Асқар Мамин сақтық шаралары әлсіреп кеткенін еске салып: «Өздеріңіз білетіндей, елордада инфекцияның жоғары деңгейімен, қарқынды дамуымен және одан да ауыр зардаптарымен сипатталатын коронавирустың дельта штамына тән мутация ықтималдығы анықталды. Мен Нұр-Сұлтанда санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды күшейту бойынша қосымша шаралар әзірлеу үшін ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізуді тапсырамын, – деген еді. Бұл орын алуы мүмкін ауруханалардағы қарбаластың алдын алуға бағытталған жиын екені сезіліп тұрды. Ал оған жауапты министрлік төтенше жағдайға даярлық жайын баяндады.
– Инфекция, екпе және үнділік штамға тән клиника туралы қолда бар мәліметтерді ескере отырып, аймақтар дәрі-дәрмек, жасанды өкпе желдеткіштер, жеке қорғаныс құралдары мен медициналық көмек көрсету үшін резервтік топтар жасақталды. Нұр-Сұлтанда ковид жұқтырған науқастардан алынған зертханалық үлгілерді ПТР скринингінің нәтижелері дельта штаммына тән мутация ықтималдығын көрсетті», – деді Цой үкімет отырысында. Ресми мәліметтер ахуалдың күрделенетін тұсы әлі алда екенін көрсетіп отыр.
Кеше елдің бірнеше өңірі, оның ішінде Қызылорда облысы қауіптілігі жағынан сары аймақ қатарына енді. Қазақстандық дәрігерлер вакцинацияға медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ әрбір қазақстандық мүмкіндігінше тезірек екпе алу керегін ескертті. Сондай-ақ, вирустың таралу қаупін азайту мақсатында қауіпсіздік шараларын сақтап, маска кию, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, қол гигиенасы, үй-жайларды желдету сынды қарапайым қағидаға бой үйреткен дұрыс.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
29 маусым 2021 ж. 486 0

ЕGov-та жаңа қызмет пайда болды

26 желтоқсан 2024 ж. 90

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031