Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құнды қазыналар қорғаушысы

Құнды қазыналар қорғаушысы

Кеңестік жүйенің көпшілік арасында насихатталуы мақсатында жұмысын бастаған Қазақстандағы радио бүгінде сан алуан кезеңді басынан өткерген халық үнжариясы, тұмса тарих тамыршысы, ғасырлық тәжірибесі бар жаңалық жаршысы, рухани қазына кеніші. Осы бағытқа саналы уақытын сарп етіп, ауданның төл радиосының түлеуіне күш-жігерін жұмылдырған жан, «КСРО Құрметті байланысшысы» Ордабай Аяпбергеновті ауданда білмейтіндер кемде-кем. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында журналистика саласының майталманымен дидарласуды жөн санадық.
– Қазалының ең үлкен журналисі тұратын мекенді қателеспей таптық па? – деген сұрағымызға елең ете қалған қарияның жүзі лезде жылып қоя берді. Ширақ қимылмен бойын түзеп алып:
– «Менің журналист маман емес екенімді көбі білмейтін болып шықты», – деп ілесе жауап берді.
– Маман болмаса, біз корейфей тұтатын тұлға тұтас кезеңге қалай сіңіп кетіп жүр? – дедік таңданыспен.
– Сенсең, шырағым, мен электромеханикпін. Зейнетке де сол мамандықпен шықтым, – деп бастады ұзақ әңгімесін. Балалық бал шағы балалар үйіндегі қиындықпен өткен жас жастай жазу-сызуға әуестеніп өседі. Түрлі сөзжұмбақ, ойжұмбақ, ребустарда жасырынған қиын да, күрлелі сұрақтарға жауап беріп, қиындысын пошта жәшігіне салып жүретін кезеңі күні бүгінгідей көз алдында. Сол кезеңдегі “Қазақстан пионері”, “Социалистік жол” басылымдарына қысқа хабар, ақпараттар жазуға машықтана ­бастайды. Бірде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында аудандық газет конкурс жариялап, онда О.Аяпбергенов бүркеншік атпен шығармасын қосады. Нәтижесінде алдыңғы жүлдеге ие болып, әңгімесі газеттің 4-5 санына жариялаған. Бұл оқиға жас жігітті қанаттандырады.
Өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған радиоға келуі туралы сұрағанымызда, былайша еске алды.
– Атқаратын жұмысым радиотехник болғандықтан, ауданда жұмыс істейтін радио тынысы маған таныс еді. Арасында қысқа хабарлар оқып қоятынмын. Бір жолы тілші Балтабай Тәжімбетов жұмыстан қолы босамайтынын айтып, эфирді жүргізуді маған тапсырып кетті. Өзімнің жұмыс кабинетім. Сасқалақтаған жоқпын. Мәтінді нақышына келтіре орындап бердім. Уақыт аяқталған соң студияға Балтабай келіп тұр. Ешқайда кетпепті. Мені сынамақ болып, басқа бөлмеден тыңдаған екен. Хабар бәріне ұнап, оны жүргізу сол күннен бастап маған тапсырылды, – дейді езуіне күлкі үйіріліп. Осылайша аудандық газет тілшілері кезектесе келіп, мәтін жазып, эфирге шығаратын жүйе бір күнде өзгеріске түседі. Радиотехник бір сәтте толқынды қадағалаушы, музыкамен әрлеуші, тізгінші болып, бірнеше жұмысты бірге атқарады.
Ардагер байланысшы өзінің радио торабына кездейсоқ келмегенін топшылайды. Орта мектепті бітірген соң, Теміртаудағы Тұңғыш Президент Н.Назарбаев білім алған Қазақстан магниткасына жолдама алғанымен, денсаулығына байланысты оқуға қабылдана алмайды. Алайда сағы сынса да кері қайтпай, сол жерге жұмысшы болып орналасады. Бір жолы жұмыс істеп, жинап жүрген бар ақшасын жанындағы әріптестерінің бірі ұрлап, ауылға қайтуына тура келеді. Келісімен газет тасымалдаушы болып жұмысқа орналасады. Арада жыл өтпей, алған бетінен таймай, Алматы қаласындағы байланыс училищесіне құжат тапсырып, сол жерден маман атанып шығады. Дипломмен ауылға оралған ол 1962 жылы Қазалыда жұмысын жалғастырады. Ол кез туралы естелігінде байырғы радиошы:
– Қиындыққа толы кез еді. Мен келгенде аудан орталығымен бірге Қазалы қаласы, Ғ.Мұратбаев атындағы колхозда ғана радио желісі бар болса, ауданды түгел радиоландыру ісіне қатыстым», – дейді мақтаныш пейілмен. – Кейде өте қиын жағдай орын алатын. Қазақстан радиосы арнада жоқ есебі, қолдан күшейткіш қондырғылар жасаймыз. Қысқа толқын Арал мен Байқоңырда болатын. Бізге орналастырып жатқанда, Одақ ыдырап, жоспар аяқсыз қалды.
Кейде әуеде Алматыдағы жаңалықты Қытай республикасының қуатты қазақ тілді радиолары басып кетіп жататын. Олар КСРО-ға қарсы мемлекет болғандықтан, солақай саясатпен тыңдаушыны құлағдар етпеуіміз керек. Кей жағдайда дереу Мәскеуге қосып жіберетін жағдай кездесетін, – деп өзі тұтынған құрал-қондырғыларға қарай беттеді.
Көздің қарашығындай сақтаған дыбыс жазғыш, ұлғайтқыш аппараттардың бірін саусағымен сипап тұрып, демде анық та айқын даусын естіртті. Таң-тамаша болдық. Байқасақ, әлі жұмыс істейді. Ақау анықталса, дереу өзі жөндеп алатын көрінеді.
Жатын керуеті бар демесең, бөлмесі құдды радиостудия немесе мұрағат іспеттес. Есімізде еміс-еміс қалған таспалардың жүйесі мұнда реттілігін сақтай отырып жинақталған. Тіркеу кітабындағы түсінікті тізбе каталог сынды, іздегенді оңай табуға септеседі. Одақ ыдырап, ешкімді радио жайы алаңдатпаған тұста жанашыр жан бірнеше рет хат жазып, жұмыс уақытын 1-2 жылға ұзартуға мүмкіндік алған. Қазалы радиосының барлық алтын қорын қызғыштай қорып отырған азамат кенен мұраның үйде шаң басып қалмай, өлкетану музейінен лайықты орын алуына ықыласты.
– Мен барлық жұмысты ақысыз атқардым. Байланыс торабынан алатын жалақыдан өзге жұмысқа ақы төленген жоқ. Бос уақытымда теледидар, радио жөндедім, театр труппасында өнер көрсеттім. Дикторлық қызмет атқардым. Кәсіподақ комитеті болдым. Қарап отырсам, ұнататын істерім мені абыройға бөлепті, – дейді ерекше сезіммен. Труппа дегенен шығады. Бір жолы аудандағы халық театры туралы мардымсыз мақалама орай орынды сын айтқан дәл осы кісі болатын. Олай деуіне себеп те бар. Бала күнінде мұрнының астына күйе жағып, Гитлер болып көпті қыран-топан күлкіге қалдыратын бала 1962 жылы студент кезінде Ю.Гагарин Алматыға келгенде, ғарышкер алдында өнер көрсетеді. Сол жолы мемлекет басшысы Д.Қонаевтың ықыласына бөленген бозбала ауылға келген соң теміржол клубы жанындағы көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, оның “халық театры” атағын алуына да куә болады. Әрдайым баспасөздің қай құралын да қалт жібермейтін кейіпкеріміз жаңалықтарына жаны жадырап, балаша сүйсінеді. Алайда тәжірибелі маманның айтар “әттеген-айы” да бар. Дикторлар мен айташылардың тым жылдам сөйлеуінен ақпарат анық естілмей, түсініспеушілік туындатады. Лексиконымызға замануи кірме сөздерді тосырқамай қоса салу, тіл мәртебесін арттырудың амалына саналмайтынын айтып қынжылады.
– «Қазақ радиосының» 100 жылдық мерейтойы тойланып жатқанда, іс атқарғандардан дикторлар ғана айтылып жүр. Хабарды халыққа қалтқысыз жеткізген басқа мамандар ескерусіз қалып жатыр, – дейді бізбен әңгімесінде. Бір кезде тыңдарман санасын сілтідей тындырып, жарқын да, жағымды үнімен сан жүректі жылытқан “алтын” дауыс бұл күндері арынын азайтқан. 1992 жылы ғайыптап шықпай қалған дауыс уақыт өте келе аздап күйге келгенін айналасындағылар бақытқа балайды. Сексеннің біріне ат шалдырған Қазалының Левитаны қазіргі сәт өмірден түйгені мен көргенін соңында қалған ұрпағына жеткізбек мақсатта кітап жазу ісіне кіріскен. “Бастама беркелі болғай!” – деп қоштасып тұрып, іштей: “Дария кеуде, тау мүсін, Қарттарым, аман-сау жүрші”, – дегенді айттық.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
26 маусым 2021 ж. 687 0

ЕGov-та жаңа қызмет пайда болды

26 желтоқсан 2024 ж. 85

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031