Ақылы жолдар ақылға қона ма?
Жарты ай бұрын мәлімденіп, жалпы күнкөрісі жолға тәуелділердің бәрін шошындырған «Қазавтожолдың» жаңа жоспары өңірлерде дүмпу тудырып өтті. Ірі магистральдарды ақылы негізге көшіру кәсіп бастаған жұртқа да, ірі жүк көліктеріне де жақпай отыр. Еске салсақ, ақылы жолдарға қарсы митингтерде автокөлік иелері онсызда көлік салығын төлейтінін, ал жол сапасы сын көтермейтінін мәлімдеді. Бұған қоса, жол ақысының көтерілуі басқа тауарлар мен азық-түліктің қымбаттауына әкеп соғады деп санайды олар. Мәселенің мәнісіне бірге үңіліп көрейік.
Саны артқан сапасыз жолдар
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында жалпы ұзындығы 682 км болатын 4 ақылы учаске бар. Оның біріншісі – "Нұр-Сұлтан – Щучинск". Бұл автожол 2013 жылдан бастап ақылы болса, 2019 жылдың қаңтарынан бастап "Нұр-Сұлтан – Теміртау", "Алматы – Қорғас" және "Алматы – Қапшағай" жолдары іске қосылды.
Ал жалпы ұзақтығы 24,4 мың шақырым республикалық және халықаралық маңызы бар автомобиль жолдарының ұлттық операторы боп табылатын «Қазавтожол» ҚР «Автомобиль жолдары туралы» Заңына сәйкес ақылы қозғалысты ұйымдастыру және жол бойындағы сервисті дамыту бойынша өкілеттіктерге ие компания ретінде мемлекетте 18 бағыттағы күре жолды ақылы қылмақ. Яғни, талаптарға сай деп есептелетін мына жолдар жоспарланған: Шымкент – Өзбекстан, Орал – Ресей шекарасы (Саратов), Орал – Ресей (Самара), Ақтөбе – Ресей (Орынбор), Щучинск – Петропавл, Шымкент – Қызылорда, Шымкент – Тараз, Тараз – Қайнар, Қапшағай – Талдықорған, Қарабұтақ – Қызылорда, Ақтөбе – Орал, Атырау – Бейнеу (Өзбекстан шекарасы), Ақтау – Бейнеу, Қостанай – Ресей, Нұр-сұлтан – Қостанай, Павлодар – Ресей шекарасы, Нұр-сұлтан – Павлодар, Павлодар-Семей-Қалбатау. Жалпы жиыны 5700 шақырымды құрайды. Айта кету керек, Нұр-сұлтан – Щучинск, Нұр-сұлтан – Теміртау, Алматы – Қапшағай және Алматы – Қорғас магистральдары бұрыннан ақылы. Ал Қазавтожол мұны азсынып, 2025 жылға дейін ақылы жолдар санын 32-ге дейін жеткізуге мақсат қойған.
Облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп бұл мәселе туралы: «Мен жолдарды ақылы етуге түбегейлі қарсымын. Түптеп келгенде бұл дегеніміз сауда-саттық обьектісіне айналдыру ғой.
Базарға барсаңыз, кез келген затты бірнеше жерден таңдап, қайсысы ұнайтынын, сапасын, бағасын қарап аласыз. Ал жолдардың мұндай баламасы жоқ. Бірі ақылы, бірі тегін болса, халық өз таңдауын жасар еді. Бұл жерде таңдау жоқ. Шетелде талай ақылы жолдарды көрдім, бірақ онда сапа бар», – дейді ашынып.
Сапа мәселесіне келгенде тосырқайтынымыз жасырын емес. Биыл жүргізілген жөндеу жұмыстарының келесі жылға жетпей құрдымға ұшырайтынын, жолдың стандартқа сай емес қысқалығынан болған апатты жағдайларды көз көріп, құлақ естіп жүр. Бұған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Берік Қамалиев: «Жолдарды күтіп ұстау үшін, сапасын сақтау үшін мемлекеттен бөлінетін қаржы жеткіліксіз. Яғни жолдардың ақылы болуы осыны өтей алады.
Бірінші категориядағы жолдар ақылы болуы керек. Оған Нұр-сұлтан – Бурабай аралығы жатады. Категорияға қойылатын талаптар бойынша жол екі және одан көп жолақтан тұрады және қапталы метал қалқанмен қоршалған. Ені де стандартқа сәйкес. Теміржолмен, трамваймен қиылыспайды. Санитарлық зоналары бар», – деп мәлімдеген. Мәселен, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автобаны 1 категорияға жатады. Ал жүргізушілер бұған келіспейді.
Қызметіне қарай ақысы
Жауапты сала мамандарының мәлімдеуінше, 4 ақылы учаскеден 2020 жылы 5,7 миллиард теңге түсім түскен. 2021 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша ақылы учаскелерден 2,3 миллиард теңге жиналған. Ал әлеуметтік желіде енді бекітілмек заңнамаға сәйкес, жол ақысы 5 есеге дейін өсуі мүмкін деген ақпарат тарап кетті.
ҚР ИИДМ бұйрығы жобасына сәйкес ақылы жол бөлігінде автобустарға алдын ала төлем бойынша жүру құны сыйымдылыққа қарай 1 км үшін 5-тен 15 теңгеге дейін, жүк көліктері үшін – жүктің сыйымдылығына қарай 10-нан 25 теңгеге дейін құрайды. Бұл ретте жол құнын тура жол үстінде төлеу автобустарға 1 шақырымға 7,5-тен 22,5 теңгеге дейін, жүк көліктеріне – 15-тен 37,5 теңгеге дейін соманы құрайды. Алдын ала есептеулер бойынша тасымалдаудың өзіндік құны 17 пайызға дейін жоғарыламақ. Бұл жайт түптеп келгенде елдегі өнім құнына әсер етпей қоймасы анық.
– Бүгінде Қазақстанда 682 шақырымға созылған ақылы жол жұмыс істейді, 2021 жылы тағы 5,8 мың шақырым ақылы болады. Осы ретте мемлекеттік орган төлемнің жаңа механизмін әзірлеген, енді көлік жүргізушілері ақылы бөлік үшін алдын ала төлеп, сондай-ақ жолды өтерде төлей алады. Төлемнің екінші нұсқасы 2 есе қымбатырақ, – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Талғат Темірханов.
Ақылы жолдарда қыс мезгілінде көктайғақ кесірінен апат болса, адамдардың шұғыл жәрдем қызметтеріне қоңырау шалу мүмкіндігі де жоқ. Себебі, автожолдардың көп бөлігінде ұялы байланыс нашар ұстайды. Сондықтан сарапшылар ұялы байланыс жоқ жерде әлемдік тәжірибе бойынша жол бойындағы бағаналарға шұғыл қызметтерді шақыратын «дабыл нүктесін» жабдықтауды ұсынады.
Жекелеген жүк көлігін айдаушы, тапсырыспен өнім таситын қазалылық Берік Айталиев: «Ақылы жолдар атына заты сай емес. Қарапайым дәретханамен де жабдықталмаған. Жолда бұзылып қалса, ірі жүк көлігі түгілі жеңіл машиналарды жөндейтін орталық жоқ. Кей магистральдардың ені қысқа болғандықтан, жолға шығудың өзі қорқыныш сыйлайды. Ақысына қызметі сай болса, оған қарсылық болмас еді», – дейді.
«ҚазАвтоЖол» дерегінше, жалпы алғанда, еліміз бойынша 297 санитарлық-гигиеналық торап, қарапайым тілде заманауи әжетхана орнату жоспарланған. Биыл оның тек 40 шақтысы ғана салынып, пайдалануға берілмек. Қалғанын 2024-ке дейін бітіру нақтыланыпты. «Жортқанда жолың болсын!» деген қазақ оң сапарды бекер тілемесе керек. Жыл сайын жөндеуді қажет ететін, не көлік жүргізушіге, не көлікке жағдай жасалмаған жерде ақы талап етудің өзі артық сынды.
Базар бағасының базынасы
Жол ақысының жөнсіз өсуі – тек көлік иелеріне ғана емес, жоғарыда айтылғандай кәсіпкерлерге де үлкен шығын. «Базарда мың кісі бар, әркім сүйгеніне сәлем бередінің» мәнін енді ұғардаймыз. Қай жерде бағасы арзан, сүйгені сол болып тұрған уақытқа дөп келдік. Ал мемлекеттің батысынан шығысына өнімді тасымалдап әкелу нарық белгілеген бағаны шарықтата түспей ме!?
Қазалыны екінші Түркістан санайтын жұрт азық-түлік, басқа да өнімдер бағасының қымбаттауына тікелей саудагерлерді кінәлап, жергілікті басшылардың жауапсыздығы деп тануы мүмкін. Соңғы осы бір-екі айдың көлемінде базардағы баға 25-30 пайызға қымбаттады. Ал ертең ақылы жол болатын болса, 50 процентке қымбаттайды. Яғни, өмір сүру қымбаттайды. Бірақ мәселенің бір ұшы тауарды ақылы жолмен тасымалдауда жатыр.
Қарапайым жұрт бас қатыра бермейтін жол ақысына сауда мен кәсіптен бұйырған нәсібін тауып отырғандар ерекше алаңдаулы. Осыған орай «Динара» сауда үйінің басшысы Нұрлан Елеуұлы Байекешовпен сөйлескен едік. «Ақылы жол трафиінің қымбаттауына наразымын. Кәсіпкерлерді қолдаймыз деген мемлекеттің дәл жол мәселесіне келгенде ақыны көбейтуі міндетті түрде өнім бағасын да өсіреді.
Мәселен,біздің дүкенде барлығы кеңсе тауарлары. Оның ішінде тікелей Қазақстанда өндірілетін зат жоқ. Қытайдан, Ресейден Алматыға тасымалданады. Алматыдан Қазалыға біз әкелеміз. Дүкендегі ең арзан зат ақ парақ десек, оның бағасы 1600 теңге. Ал жол ақысы 50 теңгені құраса, өнімнің үстіне 100 теңге қосылады. Яғни 1700 теңге болады. Бұл – ең арзан деген затқа қосылатын баға. Күнделікті қажетті заттар мен азық-түліктің бағасын ойлай беріңіз», – дейді.
Байқасақ, жол мен баға, баға мен адамның өмір сүру көрсеткіші бір-бірімен қабыса байланысып жатыр. Талапқа сай келмейтін жолдың жыры әлі де бітер емес. Ал ұлттық компанияның бекіткен ақылы магистральдарымен өткен тасымалдаушылар кәсіпкерге қызмет құнын жоғарылатса, кәсіпкер халыққа ұсынар өнімін қымбаттатса, «шегінерге жол жоқ, артымызда ақылы жол» деп ақталмақпыз ба..? Қымбат санайтын өмірді сүрудің өзі қалың қалтаны қажет ететін дәуірге қадам басып барамыз. Тек соңы белгісіз.
Дина БӨКЕБАЙ