Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Лаубай көпірі

Лаубай көпірі


Елбасы рухани жаңғыруда ерекше орын алатын «Туған жер» бағдарламасын қолға алуға бастамашы болғаны белгілі. Туған жердегі жер-су аттары туралы дерек кім-кімнің де қызығушылығын арттырады. Кезінде жаңа заманға сай сананы өзгертуге үлес қосқан, үкімет басшысы болғанға дейін-ақ, 1921 жылы жер-су реформасын іске асыруға қатысқан қоғам қайраткері, сұңқар ақын Сәкен Сейфуллин: «Дүниеде себеппен қойылған жер-су аттары – елдің шежіресі» деген болатын.
Қуаңдариядағы көпірге Лаубай атауын бергізген азамат Нұржан Смайылұлы кезінде «Құмжиек» ұжымшарының озат жылқышысы болған. Қазір зейнеткер. Нұржан Шөмекейден шыққан Сәмет батырдың жетінші ұрпағы. Сәмет батыр кіші жүздің ықпалды билерімен бірге Әбілқайыр хан тапсырмасымен Ресейдің қол астына кіруді қуаттайтын құжатқа қол қойдыру үшін Петербургке Ресей патшайымы Анна Ивановнаға барған екен. Нұржан қыл құйрықты жануарды өсірген кездері Қуаңдарияның арғы бетіндегі «Моншақ» деген жерді ұзақ жыл бойы мекендеп, жаз жайлап, қыс қыстаған.
1983 жылы Қуаңдариядағы ағаш көпірдің орнына бетондалған жаңа өткел салуды, сол кездегі ПМК-86 мекемесінің басшысы Самұрат Жұманұлы Имандосов қолға алады. Көпір салынып жатқанда Нұржан үлкен адамгершілік істі жүзеге асыруға бекем бел буды.
Нұржанның немере ағасы Лаубай Қуанышұлы (1920-1982) деген туғанынан мылқау әрі керең болған-ды. Лаубай мүмкіндігі шектеулі болса да, өте еңбекқор жан еді. Әсіресе соғыс жылдарында тылдағы кез келген жұмысты атқара білген елге сыйлы азамат болды. Кейін «Қазалы» ұжымшарында жұмысшы ретінде есепте болып, қойшылардың қора-қопсыларын, қыстауларын жөндеп, мал төлдету науқанында да тынымсыз еңбек етті. Сол Лаубайдың 1982 жылдың күзінде белгісіз жағдайда суға кеткені ерттеулі атының бос келгенінен мәлім болды. 1983 жылдың сәуір айында мүрдесі Қуаңдариядан табылғасын ағасын арулап жерлеп, ақ кірпішпен бейітін биік қылып салса да, көңілі жәй таппай жүрді. Артында ұрпақ қалмаса да, Лаубайдың есімі ел есіңде қалатындай жерге, не су көзі бұлаққа берсем деген ой көкейіне маза бермейтін.
Жүрек түкпіріндегі тілегін інісі Самұратқа айтқанында: «Жарайды, бұған менің қарсылығым жоқ. Бірақ оны жер-су аттарын картаға түсіретін Алматыдан шығатын комиссия шешеді» – деді. Көп ұзамай Қуаңдариядағы салынған жаңа көпірді қабылдайтын арнаулы комиссия да келеді. Араларында қазақтармен бірге орысы да, кәрісі де бар. Нұржан қолайлы сәтті пайдаланып, қонақтарға табиғат аясында қазы-қарта, шәй-суын ұйымдастырып, қонақасын беріп риза қылады. Көп ұзамай інісі Самұрат Имандосов Алматыдан қуанышты хабар жетіп, жаңа көпірге Лаубай есімі беріліп топографиялық картаға түскенін айтады.
Бұған дейін «Қазалы» ұжымшарының директоры Нағашыбай Сахитжанов және бас есепші Кеңес Әлиев Лаубайдың жинақ кітапшасында 2000 сом ақшасы барын айтқанда, «оны реті келгенде алармын» деп кідіртіп жүрген. Лаубай ағасының есімі Қазақстанның картасына түскеніне қуанған Нұрекең жылқы сойып, ат шаптырып ас берді. «Лаубай көпірі» деген әріптерді темірмен дәнекерлетіп, ескерткіш тақта орнатты. Демалыс күндері Байқоңыр қаласынан балық аулауға келетін орыстар да «Лаубай көпіріне қалай баруға болады?» деп сұрап жатады.
Айта кетелік, Нұржан Смайылұлы ауданның қоғамдық өміріне белсене қатысып жүрген азамат. Жанқожа батырдың 240 жылдық тойына алғашқы болып түйе атаған осы кісі. Енді Нұрекенің өнегелі өмір жолына тоқтала кетер болсақ, 1939 жылы 9 мамырында дүниеге келген. Алты айлығында анасынан айырылып «әкесі жоқ жартылай жетім, анасы жоқ тұлдыр жетім» дегенді басынан өткерген жан. Қатарлары мектепке барып жатқанда жеті жасынан 40-50 бас қой-ешкі бағып еңбек жолын бастаған. Он жеті жасынан бастап қырық жыл бойы жылқы бағып, зейнеткерлікке шыққасын қолындағы құрығын Лаубайды қоныстанған ұлы Сыражадинге тапсырды. Қазіргі күні өзі Әйтеке би кентінде тұрады. Нұржанның зайыбы Перуза Ыбырайқызы өнегелі ұл-қыз тәрбиелеген «Алтын алқа» иегері.
Бақытжан ТҮМЕНБАЕВ,
тарихшы.
09 ақпан 2018 ж. 1 765 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 79

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 72

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930