Аудан әкімі Азия чемпионын қабылдады
Жуырда ғана қазалылық Қали Рүстемов гір көтеру спортынан Өзбекстан елінің астанасы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанды.
Осылайша Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейдің мұғалімі ардагерлер арасындағы Азия чемпионатынан алтын медаль иеленіп, көк туымызды желбіретті. Жеңіспен оралған жерлесімізді бүгін аудан әкімі қабылдап, құттықтады.
Чемпионмен кездесу барысында Мұрат Ергешбаев ауданның спорт саласындағы жетістігі тағы бір алтын медальмен толыққанын, бұл жеңістің күшті рух пен үздіксіз шынығу және үлкен еңбектің арқасында келгенін атап өтті.
Айта кетейік, Қали Рүстемұлы 2006 жылдан бастап Қазалы ауданы бойынша гир спортынан аға жаттықтырушы болып еңбек етеді. Бүгінгі күнге дейін қол жеткізген жетістіктері де жетерлік. Сауалауатты өмір салтын ұстанып, жанына спортты серік еткен ұстаздың өз жеңістерінен бөлек, шәкірттері де біршама биік белестерді бағындырған. Мәселен, Нұрлан Ерекенов, Сәбит Аяпов, Жандәулет Өндіреев, Аманжол Бердиев гір спортынан, Мәметек Өтепбергенов қол күресінен облыстық, республикалық жарыстарда топ жарған.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат