Жеңіс жолындағы жанқиярлық
Ұлы Отан соғысында жеңіске жетуде қазақ халқының рөлі орасан екені жасырын емес. Көшпенділер жерінен вагон-вагон қару-жарақ пен азық-түлік майдан даласына үздіксіз жөнелтіліп отырды. Кәмелет жасқа толмаған қазақ балалары мен нәзік жанды аруларға дейін соғыс даласына сұранып жатты. Ал елінің тыныштығы, амандығы үшін жанын қия салған көзсіз батырларды санасақ ұзаққа кететініміз анық. Берлиннің қақ төріндегі Рейхстахқа ту тіккен де еркін елдің ұландары екені сөзсіз. Дегенмен Кеңестің кері кеткен саясаткерлері кейінгі ұрпақ жеңістің туын қадаған бодан елдің батырлары екенін білмегенін қалады. Есесіне орыс ұлтының жауынгерлері немістің әкімшілік ғимараты үстіне жалау байлап жатқан суретін түсіріп алуды тапсырды. Әйтпесе Берлиннің әр жерінде қақтығыс болып жатқан сол сәтте жайбарақат суретке түсу өлімге арқа тосумен бірдей еді.
Алғашқылар арпалысы
Ресей архивінде 1945 жылы 1 мамыр күні Рейхстагқа Қызыл Армия сарбаздары – Алексей Берест, Михаил Егоров және Мелитон Кантария Жеңіс туын көтерген алғашқы жауынгерлер ретінде көрсетілген. Бұл ресми нұсқа деп айтылғанымен, көптеген тарихшы оны қате деп санайды.
Посткеңестік елдер архивінен тың деректерді, кинохроникалар мен рейхстагтың шабуылына қатысушылардың естеліктерін табуға болады. Бірақ онда жағдаят басқаша баяндалған. Бүкілресейлік майданның орталық штаб мүшесі, Невскийдегі суретшілер шеберханасының басшысы Дмитрий Поштаренко «ТАСС»-қа берген сұхбатында кімді «жарияшы» санауға болатынын айтқан екен. Ол мұны президенттік грантқа ие болған «Берлин үшін шайқас. Стандартты тасымалдаушылардың ерлігі» панорамасын жасауға дайындық кезінде білген. Поштаренко және студия мамандары архивтік материалдармен танысқанда өзгеше кинохроника көрді.
– Мен рейхстагқа жүгіріп бара жатқан үзіндіге қызығушылық таныттым. Біз басқалар сияқты Егоров, Берест және Кантария тобы туралы ғана білетінбіз. Ал мұнда оны дөп басып айту мүмкін еместей. Тіпті ресми атақтылардың бірі де байқалмады. Ғимарат маңында мүлдем басқа адамдар жүгіріп жүрді», – деді Поштаренко.
«Баталистер» ондаған топтың өз полктарына тиесілі баннері, қолдан жасалған жалаушаларымен Рейхстагқа қарай жылжып бара жатқанына куә болды. Осы тұста тарихтың ресми нұсқасына күмәнданбасқа шара жоқ.
– Петр Пятницкий, Петр Щербина, лейтенант Сорокиннің барлау тобы, капитан Маковтың шабуыл тобы, майор Бондарь және басқа жауынгерлер отряды алғаш болы соғыс нүктесін қойғысы келді. Жеңіс туын тіккен жауынгерлерді өскелең ұрпақ біліп, тануы шарт деген ойға келдік. Біз оқиғаның жұрт білмейтін нұсқасын жариялауды жөн санадық, – деді ол.
Төбені көздеген тоғыз ту
1945 жылы сәуірде Берлиннің орталығына бірінші болып жеткен Беларусь майданының 3-ші соққы армиясы тоғыз бірдей шабуыл туын жасатты. Бұл әскер құрамындағы дивизия санына есептелген еді. Тоғыз тудың бірі кейін Жеңістің ресми туына айналғаны белгілі.
Рейхстагқа бірінші болып Алексей Плеходановтың басшылығымен 674 атқыштар полкінің және Федор Зинченконың 756 атқыштар полкінің бөлімшелері келді. Екі полк те 150-ші атқыштар дивизиясының құрамында болды. 29 сәуірдің кешінде Шпри өзенінен өткеннен кейін бұрқыраған оқтан белгі қоюға асыққан 756-шы полк әскері үлкен шығынға ұшырады. Содан кейін Плеходанов лейтенант Сорокинге жауынгерлер тобын жинап, Рейхстагқа аттануға бұйрық берді.
Ресейлік мұрағатта лейтенантпен бірге тоғыз сарбаз – сержант Виктор Правоторов, аға сержант Иван Лысенко, қатардағы жауынгерлер Григорий Булатов, Степан Орешко, Павел Брюховецкий, Михаил Пачковский, Михаил Габидуллин, Николай Санкин және Петр Долгих болғаны көрсетілген. Рейхстагқа жақындағанда Санкин жараланып, Долгих қаза тапқаны айтылады. Бір қызығы, орыс ғалымдары мен шенділері Григорий Булатовпен бірге ғимарат төбесіне шыққан қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевтың есімін ұмыт қалдырған. Бірақ біз ұмытпаймыз.
Он алты жастағы оғлан
Рақымжан Қошқарбаев Қызыл әскер қатарына кіруге алғаш сұранғанда небәрі 16 жаста еді. Жыл өткеннен кейін Көкшетеудағы атқыштар полкіне қабылданып, 1944 жылы майдан даласына аттанды.
1945 жылы 29 сәуірде Рақымжан соғысқан взвод алғашқылардың бірі болып жау шебін бұзып, Шпри өзенінен өтті. Взвод Одерден Рейхстагқа дейінгі шайқас күндері 200-ден астам неміс солдаты мен офицерінің көзін жойып, 184-ін тұтқындады. Батыр үзеңкелестерімен бірге майдан олжасы ретінде 14 далалық мылтықты қызметкерді тірілей ұстап, 27 ірі калибрлі пулемет қанжылаған.
Соғыс соңында лейтенант Қошқарбаев 150 атқыштар дивизиясының 674 атқыштар полкінің барлау взводына командир болды. Рейхстагқа шабуылдаған батальон командирі Степан Андреевич Неустроев Қошқарбаевпен кездескен сәтін: «Мені қарсы алуға аласа бойлы, кең иықты адам шықты. Лейтенант Қошқарбаевты бірден таныдым. Ол дивизияда жүрекжұтқан офицер ретінде абыройлы болды», – деп баяндайды.
1945 жылдың 30 сәуірінде сағат 14:25-те 150 атқыштар дивизиясының жауынгерлік журналында: «Лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов ғимараттың орталық бөлігіне қарай жорғалап барып, негізгі кіреберіс пен баспалдағына қызыл жалау қойды» делінген. Кеңес Одағының Батыры И.Ф.Клочков: «Мы штурмовали рейхстаг» деген кітабында: «Бағанаға қызыл туды бірінші болып лейтенант Р.Қошқарбаев қадады», – деп жазады.
Ал батыр Қошқарбаевтың өзі алғашқы қызыл тудың көтерілуін естеліктерінде сөз еткен.
«Жауынгер Давыдов мені терезе жақтауына ертіп барды.
– Көрдіңіз бе? – деді ол,
– Рейхстаг?
– Дұрыс! Адамдарды таңдап ал, сен туды тігесің.
Ол маған едәуір ауыр, қара қағазға оралған жалаушаны берді. Көп ұзамай барлаушылар тобымен тапсырманы орындау үшін терезеден кезектесе секірдік. Бірақ біраз жүргеннен кейін кідіруімізге тура келді. Алапат өрт басталған еді. Аласапыранда жанымда Григорий Булатов есімді жауынгер қалғаны есімде. Ол: «Біз не істейміз, жолдас лейтенант?», – деп қайталап сұрай берді. Екеуміз суға толы арықтың жанында жаттық. «Туға өз есімдерімізді жазайық» деп үзеңкелесіме ұсыныс айттым. Мен қалтамда тұрған химиялық қарандашпен: «674 полк, 1 ботальон» деп белгі салдым. Сәл төменірек «Л-т Қошқарбаев, кр-с Булатов» деп есімдерімізді жаздық.
Қараңғы түскенше осында жаттық. Содан кейін артиллерияға дайындық басталды. Екеуміз алғашқы атыспен-ақ Рейхстагқа қарай жүгірдік. Булатов ту көтерді», – деп жазды батыр.
Ақиқат айтылса да...
Ерекше ерлігі үшін полк жетекшісі лейтенант Қошқарбаев пен Қызыл Армия жауынгері Болатовқа Кеңес Одағының Батыры атағын алатындардың тізіміне енгізеді. Бірақ белгісіз себептермен Қызыл Ту орденімен марапатталды. Кейіннен Мәскеу үшін соғыста көзге түскен батыр панфиловшы Бауыржан Момышұлы, Кәкімжан Қазыбаев бастаған қазақ зиялы қауымының өкілдері, жазушы Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаев жауынгерлердің есімін ардақтауға үн қосты. Қонаев Қошқарбаев пен Булатовты марапаттау туралы өтінішті жеке өзі КОКП Орталық Комитетіне Леонид Брежневке жолдаған. Бірақ жауап болмады.
Екі батыл күрескердің батырлық ерлігіне сүйсінген сол тұстағы соғыс корреспонденті, белгілі жазушы Борис Горбатов «Литературная газетада» 1948 жылы 18 желтоқсанда жарияланған мақаласында: «Шынында да, сарбаздарымыздың бүркіттері мен қырандарын салыстыруды тоқтататын кез келді. Мен үшін көз алдымда жолдастарымен бірге Жеңіс Туын Рейхстагтың үстінде көтерген қазақтың Қошқарбаевынан мықты бүркіт жоқ. Мұндай кейіпкерді лайықты насихаттау үшін мүлде бөлек поэтика, таңғажайып образ бен бұрын болмаған поэзия қажет», – деген еді.
Сол сияқты Қошқарбаев пен Булатовтың ерлігінің куәсі болған дивизиондық газет тілшісі Василий Субботин естеліктерінде алаңдаушылық білдірген.
– Осы 15 жыл ішінде жас Рахымжан мен Булатовтың ерлігі ұмытылғаны менің жанымды аз қинаған жоқ. Кімнің есімі ерекше аталса да көзсіз ерлік жасап, Жеңіс туын тіккен, соғыстың соңғы нүктесін қойған батырлардың есіміне көлеңке түсірмеуі керек, – деп ашық айтты.
Рақымжан Қошқарбаевтың халқы алдында беделі жоғары болды. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін оның ерлігін жыр қылып айтады. Соғыстан кейін Қошқарбаев Қазақ КСР астанасындағы Алма-Ата қонақ үйінің менеджері болып жұмыс істеді. «Жеңіс Туы» және «Дауыл» атты екі кітап жазды. Рахымжан Қошқарбаев үш рет Алма-Ата қаласының халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ