Жеке куәлік жоғалса немесе ұрланса, не істеу керек?
1. Жеке куәлік жоғалса/ұрланса, кімге хабарласамын?
Тұрақты тіркелген немесе нақты тұрып жатқан жеріңіз бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына барасыз. Осы жерде жеке куәлікті жаңадан дайындата аласыз. Ол үшін қажетті құжаттарды өткізуіңіз керек.
2. Жоғалған куәлікті қалпына келтіруім үшін қандай құжаттар керек?
Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жеке куәлікті қалпына келтіру туралы жазбаша өтініш жазасыз. Өтініште құжатты қандай себеппен жоғалтқаныңыз туралы көрсетесіз.
Мемлекеттік баж салығын төлегеніңізді растайтын анықтаманы өткізесіз. Салық мөлшері - 0,2 АЕК (481 теңге).
ҚP азаматының төлқұжатын (бар болса) көрсетесіз.
Егер төлқұжатыңыз жоқ болса, ЖСН (жеке сәйкестестіру номерін) өткізесіз.
3. Ұрланған жеке куәлікті қалпына келтіру үшін қандай құжаттар керек?
Аудандық ішкі істер бөліміне барып, құжаттың ұрланғаны туралы анықтаманы аласыз;
Мемлекеттік баж төленгені туралы анықтаманы көрсетесіз;
Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатын (бар болса) өткізесіз.
4. Мемлекеттік баж салығын кімдер төлемейді?
Жеке куәлікті қалпына келтіру үшін төленетін баж салығынан кей азаматтар босатылады. Олар:
Мүгедектер;
Мүгедек балаларды асыраушылар;
Алтын, күміс алқа иегерлері;
Ұлы Отан соғысына қатысушылар;
Жетім балалар.
Салық төлемес үшін, жоғарыдағы тізімге кіретініңіз туралы анықтаманы көрсетуіңіз қажет.
5. Жаңа жеке куәлігім қанша күнде дайын болады?
15 күнтізбелік күнде жаңа куәлік дайын болады. Бірақ қажет болған жағдайда, қызметті жеделдетуге болады. Жедел қызмет үшін 0,2 АЕК баж салығына қосып, 1989 теңге төлейсіз. Яғни, 2470 теңге.
Жедел қызметпен Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында 2 жұмыс күнге дейінгі мерзімінде дайын болады.
Облыс орталықтарында 4 жұмыс күніне дейінгі мерзімде дайын болуы мүмкін.
Ескертейік, өтінішіңіз қабылданған күн қызмет көрсету күніне кірмейді.
6. Жаңа куәлік дайын болғанша қандай құжатты қолданамын?
ХҚКО өтінішіңізден кейін уақытша жеке куәлік береді. Оны тек үш ай ғана қолдана аласыз.
7. Жеке куәліксіз жүрсем, не болады?
10 күннен 1 айға дейін жеке куәліксіз жүрсеңіз немесе жарамсыз куәлікті қолдансаңыз, Сізге ескерту жасалады.
Үш айдан астам уақыт жеке куәліксіз жүрсеңіз немесе жарамсыз куәлікті қолдансаңыз, 7 АЕК (16 835 теңге) мөлшерінде айыппұл төлейсіз.
Егер осы әрекетерді бір жыл ішінде қайталасаңыз, 10 АЕК (24 050 теңге) мөлшерінде айыппұл төлейсіз.