Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбекті қорғау – адамды қорғау

Еңбекті қорғау – адамды қорғау

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандық Iteca көрме компаниясымен бірлесіп «Дағдарысты алдын ала болжау және оған дайын болу – қазір еңбекті қорғаудың барабар жүйелеріне қазір инвестиция салу» тақырыбында вебинар өткізді. Вебинар Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орайластырылған. Онлайн-конференция барысында Қазақстанның еңбек саласындағы сарапшылары, Халықаралық еңбек ұйымы және Халықаралық еңбек инспекциялары қауымдастығы пандемия жағдайында өндірістегі жазатайым оқиғаларды болдырмаудың қазіргі заманғы жүйелерін дамыту мәселелерін талқылады.
Бұл іс-шара KIOSH 2021 – еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі қазақстандық халықаралық конференция мен көрме аясында өтті. Аталған жиындар коронавирус инфекциясының теріс әсерінің салдарынан 2022 жылғы 27-29 сәуірге ауыстырылды.
Вебинар жұмысын ашқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Қазақстанда уақытылы қабылданған шаралар арқылы кәсіпорындардағы қызметкерлер арасында коронавирус инфекциясының таралу қаупін едәуір төмендетуге қол жеткізілгенін атап өтті.
«Бірінші кезекте, бұл карантин режімін жариялау және барлық жұмыс берушілерге жұмыскерлерді қашықтан жұмыс режіміне көшіру туралы ұсыныс. Мұнда ішкі бақылау шеңберіндегі іс-шараларға ерекше рөл беріледі. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту үшін 2020 жылы еңбек қатынастарын реттеу мәселелері бойынша заң қабылданды. Онда жұмыс берушілерге, қызметкерлерге және еңбек жөніндегі уәкілетті органға еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу және оның жұмыс істеуі жөніндегі талаптар көзделеді. Сондай-ақ кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестерді құру мерзімдері заңнамалық түрде бекітілді, олардың міндеттеріне кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының сақталуына ішкі бақылауды қамтамасыз ету кіреді», деді А.Сарбасов.
Ол сондай-ақ министрліктің Парламент қашықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын қарауына енгізгенін хабарлады.
«Жұмыс орындарындағы еңбек жағ­дайларын жақсарту мәселесінің өзектілігін айта отырып, Үкімет зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын түбегейлі қысқарту, өндірістік жарақаттануды азайту міндетін қойып отыр. Осыған байланысты 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиян­ды жұмыс орындарын азайту жө­ніндегі жол картасы іске асырылуда. Бұдан басқа, Үкіметтің тапсырмасы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын әзірлеуде. Құжатта әлеуметтік әріптестік тараптарының еңбекті қорғауды басқарудың тәуекелге бағдарланған ұлттық жүйесін құруға белсенді қатысуын қамтамасыз ететін жүйелі шаралар көзделетін болады», деп толықтырды вице-министр.
А.Сарбасовтың айтуынша, жыл сайын Қазақстан кәсіпорындарында 1300-ден астам қызметкер жарақат алады, оның ішінде 200-ге жуық адам қайтыс болады. Жол картасы жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелдерді, өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайтуға, тиісті мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған еңбек қауіпсіздігі саласындағы жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды оңтайландыру жөніндегі шаралар кешенін көздейді. Спикер еңбекті қорғауды басқару жүйесін жетілдіру мақсатында 2020 жылы заңнамаға және қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуді регламенттейтін 8 НҚА енгізілген түзетулер туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Бұдан басқа, кәсіптік тәуе­келдерді басқару мәселелерін регламенттейтін еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша 4 жаңа нормативтік құқықтық акт әзірленіп, бекітілді, сон­дай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 6 НҚА-ға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өндірістік орта факторларының зияндылығы мен қауіптілігі, еңбек процесінің ауырлығы мен қауырттылығы көрсеткіштері бо­йынша еңбек жағдайларын бағалау мен жіктеудің гигиеналық критерийлері өзек­тендірілді.
«Еліміздің кәсіпорындарында «Халықтық бақылау» жобасын енгізу жұмыстары жалғасуда. Өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша бірлескен іс-қимылдарды ұйымдастыру үшін кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 15 мыңнан астам өндірістік кеңес құрылды, онда 17 мыңнан астам техникалық инспектор еңбек жағдайларының жай-күйіне ішкі бақылауды жүзеге асырады. Еліміздің 2 796 кәсіпорнында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша стандарттар енгізілді (OHSAS 18001, ХЕҰ-ЕҚБЖ)», деді А.Сарбасов
Вице-министр сондай-ақ жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты жай-күйін жалпы бағалау және аттестаттау нәтижелері бойынша еңбекті қорғау жөніндегі шаралар кешенін өткізу мақсатында 2020 жылы 3 397 өндірістік объект аттестатталғанын хабарлады. Анықталған бұзушылықтарды жойғанға дейін мемлекеттік еңбек инспекторлары 207 лауазымды адамды атқарып отырған лауазымынан босатты, еңбекті қорғау талаптарын бұзу фактілері бо­йынша Мемлекеттік еңбек инспекторлары құқық қорғау органдарына 1 234 материал жіберді, олар бойынша 173 қылмыстық іс қозғалды.
«Биыл 12 наурызда Премьер-Министр­дің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қаты­настарын реттеу жөніндегі рес­пуб­ликалық үшжақты комиссия отырысында республикалық кәсіподақтар бірлестіктерінің белсенді қатысуымен 2021-2023 жылдарға арнал­ған Бас келісім жасалды. Құ­жаттың негізгі мақсаты – лайықты ең­бек қағидаттарын ілгерілету. Бұл толық жұмыспен қамтылған кезде жақсы өндірістік, әлеуметтік-еңбек және қауіпсіз жағдайлардағы, ақысы лайықты, жұмыскер қанағаттанатын, өзінің қабілеті мен шеберлігін көрсетуге мүмкіндік беретін жоғары тиімді еңбекті білдіреді», деді А.Сарбасов.
Бұдан басқа, 2019 жылғы 17 маусымда Женева қаласында Еңбек­мині Халықаралық әлеуметтік қам­сыздандыру қауымдастығымен «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжы­рымдамасын ілгерілету бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Бүгінгі таңда еліміздің 216 кәсіпорны осы Тұжы­рымдаманы қолдады.
«Жалпы, қабылданған шаралар Өндірістік жарақаттану деңгейін төмен­детуге мүмкіндік берді. Мәселен, соңғы 5 жылда (2016-2020 жж.) өндірісте зардап шеккендер саны 10,7%-ға (1683 адам­нан 1503 адамға дейін) азайды, оның ішінде қаза болғандар саны 16,2%-ға (248 адамнан 208 адамға дейін) азайды. Жоғарыда аталған барлық іс-шараны іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қа­рай жазатайым оқиғалардың жиілігі коэ­ф­фициентін 1 мың жұмысшыға шақ­қан­да 0,20-ға дейін төмендету (2020 ж. – 0,23); зиянды еңбек жағдайларында жұ­­­­мыс істейтін қызметкерлердің үлес сал­­мағын 20%-ға дейін қысқарту (2019 ­ж. ­- 22,3%) күтілуде», деп түйіндеді вице­ми­нистр.
Вебинар барысында РФ Еңбек және жұмыспен қамту Федералды қызметі басшысының орынбасары, ХЕИҚ вице-президенті Иван Шкловец сөз сөйледі, ол пандемиямен күрестегі еңбек инспекцияларының рөлі туралы айтты.
ХЕҰ-ның Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі Талғат Өміржанов «Дағда­рысты алдын ала болжау және оған да­йын болу – қазір еңбекті қорғаудың барабар жүйелеріне инвестициялау» тақыры­бында баяндама жасады.
Қазақстан Кәсіподақтар федерация­сы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева еңбекті қорғау жүйесін жетілдірудегі кәсіподақтардың рөлі туралы хабардар етті.
Еске сала кетейік, ХЕҰ мәліметтері бойынша әлемде жыл сайын 2 млн-нан астам қызметкер өндірісте немесе еңбек қызметі нәтижесінде қайтыс болады. Экономикалық шығындар әлемдік экономиканың ішкі жалпы өнімінің 4%-ына жетеді және ақшалай алғанда 1,25 трлн доллардан асады.
30 сәуір 2021 ж. 1 047 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 42

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930