Айшықты істер – аудан ажары
Қазіргі эпидемиологиялық ахуал біраз істің қарқынын баяулатқаны рас. Бұл әсіресе, өткен жылы қатты білінді. Мәдениет үйінің құрылысы тұралап, көптеген нысанның пайдалануға берілуі кейінге қалдырылды. Дегенмен былтырғы тәжірибеден биыл нәтиже шығару ел ағаларының алдындағы үлкен міндет болып тұр. Қазірдің өзінде ауданда бірқатар ғимараттың құрылысы жанданып, инфрақұрылыммен қамту ісі ілгерілеп келеді. Бірер күн бұрын аудан әкімі Мұрат Ергешбаев осындай маңызды нысандардың тірлігімен танысып, сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Бүгінде Әйтеке би кенті аумағынан бой көтерген кредиттік 4 пәтерлі 10 тұрғын үйге газ, су, жарық жеткізу, жолдарын қалыпқа келтіру жұмысы жүргізілуде. Сонымен қатар өткен жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында аяқталған баспаналардың сыртқы инженерлік және кәріз желілерімен қамтуға қомақты қаржы бөлінгенін білеміз. Жоба жеңімпазы атанған «Алтын Айдарлы», «AЭS» and Limited және «Энергомера» серіктестіктері қолға алған ғимарат бөліктерінің соңы мамыр айында аяқталуы тиіс.
Сонымен қатар тұрғын үйлерді жоспарлау және абаттандыру жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланғанын айта кетейік. Жауапты компания анықталғаннан кейін аула тегістеліп, қоршау салынып, балалар ойын алаңдары орнатылады.
Алғаш Ғ.Мұратбаев ауылына көгілдір отын барғанда қалалық жұртшылық қызыға қарағаны есімізде. Сонда статусқа байланысты мәселе көтерілген еді. Жақсылықтың ерте-кеші болмайтыны сияқты Қазалы қаласына да жыл өтпей газ жеткізілетіні жария болды. Ол үшін былтыр республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылысшылар құбыр қазуға кірісіп кеткен. Биыл да бастаған іс жалғасын табу үшін республикалық, облыстық бюджеттеен бөлінген ақша аз емес. Мердігер «МБК Құрылыс» компаниясы жоба құрылысына қайта кірісті.
Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрлысы бөлімінің мамандары осы кезде барлығы 10 шақырым төмен қысымды жер үсті газ құбыры жүргізілгенін, бетон тумбалар орнатылып, 5100 метр жоғары және орта қысымды жерасты газ құбырлары тартылғанынан хабар берді. Сондай-ақ жұмыс барысы ұдайы бақылауда болатынын, сапасы алдымен тексерілетінін айтқан. Өйткені бұған дейін құбыр қосылыстарының сынаққа шыдас бермегені анықталып, ескертумен қалпына келтірілген жағдай кездескен. Екіжақты келісім бойынша қалалықтар келер жылғы көгілдір отын игілігін көруі керек еді. Бірақ мердігерлер күн суығанша газ желісіне қосып үлгеретіндерін айтқан.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ