Студенттердің шәкіртақысы өседі
Білім саласында жаңалық көп. Жағымдысы – 2025 жылға қарай студенттердің шәкіртақысы екі есе өсетіні. Сонымен бірге колледжде оқу мерзімі қысқаратын болды. Үкімет отырысында жоспар қалай жүзеге асатыны айтылды.
«Биылғы оқу жылында студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға, докторанттарға 83 пайызға өсті. 2025 жылға дейін студенттердің шәкіртақысы тағы екі еселенеді, магистранттар мен докторанттарға 1,5 есе артады» деп хабарлады Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында. 2020 жылы бакалаврларға арналған шәкіртақы айына 26 186 теңге болса, 2025 жылы ол 52 372 теңгеге дейін ұлғаяды. Магистранттар үшін шәкіртақы 66 913 теңгеден 117 098-ге дейін, докторанттар үшін 150-ден 262 мың теңгеге дейін өседі.
«Жоғары білім алу қолжетімді болуы үшін 2025 жылға дейін грант саны 50 пайызға артады. Кадрлар даярлауға арналған гранттар тек сұранысқа ие салаларға бөлінеді. Әртүрлі грант енгізіледі» деп атап өтті сала министрі. 2020 жылы 51 059 грант бөлінді, ал 2025 жылы 76 500 білім грантын бөлу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Аймағамбетов Қазақстанда колледжде оқу мерзімін қысқарту жоспарланып отырғаны жөнінде де айтып өтті. «Бүгінде заңнамалық деңгейде колледждерде оқу мерзімін белгілеу туралы норма алып тасталды. 9-сынып негізінде оқу мерзімін 3,6 жылдан екі жылға дейін және 11-сынып негізінде 2,6 жылдан 1,5 жылға дейін қысқарту жоспарланып отыр. Колледждер оқу мерзімін реттеп, өз өнімін сату мүмкіндігіне ие болады», – деді Асхат Қанатұлы Үкімет отырысында. Сондай-ақ Аймағамбетов биыл 180 колледжді жаңғырту аяқталатынын айтты. Ол бойынша әрбір өңірде дамыған материалдық-техникалық базасы, жаңа оқу жоспары мен бағдарламасы бар кемінде жеті заманауи колледж жұмыс істейді.