1 қаңтардан бастап көтерілетін шәкіртақы көлемі анықталды
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен 2020 жылдан бастап көтерілетін студенттердің шәкіртақысы қанша болатындығы туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы ЖОО мен колледж студенттерінің шәкіртақысы келесі жылдың қаңтар айынан бастап 25 пайызға өсетіні туралы мәлімдеген еді.
2020 жылдан бастап шәкіртақы көлемі бакалавриат студенттері үшін 20 949 теңгеден (54 доллар) - 26 186 теңгеге (67 доллар), магистратурада білім алатын студенттер үшін 53 530 теңгеден (137 доллар) - 66 913 теңгеге (172 доллар) және докторантурада оқитын студенттер үшін 81 998 теңгеден (210 доллар) - 102 498 теңгеге (263 доллар) өседі.
Министр бұған қоса шәкіртақының көтерілуіне республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінетіндігін жеткізді.
"Бір жылда ЖОО-да білім алатын студенттерге шәкіртақы төлеу үшін 13 миллиард теңге жұмсалады. Сонымен қатар колледж студенттерінің шәкіртақысын көтеру үшін тағы алты миллиард теңге бөлінетін болады", - деді Аймағамбетов.
Ал орта білім алатын студенттердің шәкіртақысы 16 759 теңгеден (43 доллар) - 20 948 теңгеге (54 доллар), ал жоғарылатылған шәкіртақы көлемі 19 272 теңгеден (49 доллар) - 24 090 теңгеге (62 доллар) көтеріледі.