Өндіріске кең өріс
Бейсенбіде аудан әкімінің міндетін атқарушы К.Назымбековтің төрағалығымен әкімдік және аппарат мәжілісі болып өтті. Онда алдымен Қазалы ауданының 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық қорытындылары мен нәтижелері жайында аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы А.Аманов хабарлама жасады.
Алқалы жиын одан әрі аппарат мәжілісіне ұласып, күн тәртібіндегі маңызды төрт мәселе кеңінен талқыланды. Соның бірі көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Н.Аманбай айтып берді. Баяндама тыңдалып болғасын К.Назымбеков көктемгі егіске техникаларының дайындығы, жанар-жағар май, тұқым, минералдық тыңайтқыштар, сумен қамтамасыз ету және бау-бақша егу жұмыстарына тыңғылықты жоспар дайындау қажеттігін ескертті. Ал өткен жылы кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылған жұмыстар мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы барысын сала басшысы А.Бөріқұлақов мәлімдеді. Ол былтыр елде орын алған жағдайға қарамастан кәсіпкерлік бағытындағы тірліктің тындырымды болғанын алға тартып, биылғы жоспарын да таныстырып үлгерді.
Биылғы жылы көрсеткіштің жоғары қалыптасуы үшін жыл басынан бастап нақты жоспар жасап, белгіленген межеден шығу қажеттігін қадап айтқан мәжіліс төрағасы экономика, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімдері басшыларына өткен жылы қабылданған «Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму жоспары» аясында өңдеу өнеркәсібі саласында жүзеге асырылатын жобаларға сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Одан кейін аппарат мәжілісінде Қазалы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Т.Қожаназаров биылдан бастап енгізілген жалпыға бірдей декларациялаудың кезеңдерін таныстырды. Баяндама аяқталған бойда басшыға ішкі саясат бөлімімен бірлесіп, жалпыға бірдей декларациялау туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша, яғни 2021 жылға арналған саяси маңызы бар іс-шаралар тізбесінің жоспары және наурыз айындағы мерекелік шараларға дайындық барысы жөнінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Д.Тілеумбетов хабарлады.
Жалпы биылғы жылы іс-шаралар жоспарына 123-ден аса маңызды шаралар енгізілген. Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты ауданда жыл көлемінде ұйымдастырылатын мерекелік және мерейтойлық шаралар облыстың бас санитарлық дәрігерінің нұсқамасы негізінде өткізілетін болады. Мәжілісте мерекелерді атап өту кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мерекелік безендіру сияқты маңызды мәселелер жауапты мекеме басшыларына түсіндірілді.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат