Экономиканы түсініп алуға арналған 6 фильм
Экономика – әлемдегі ең ықпалды саланың бірі. Себебі кез келген елдің ішкі экономикасы бар. Онда халықтың тұрмыс-тіршілігі, материалдық құндылықтары сараланады. Экономикасы мықты елде халық бақытты әрі бақуатты өмір сүреді. Ал осы саланы меңгеру үшін емес, түсінік қалыптастыру үшін том-том кітап ақтармай, фильмдер арқылы да бағалауға болады.
«Ойын нәтижесі» (Игра на понижение)
2008 жылы болған дағдарыс есіңізде болар? Дәл сол дағдардыстың қайдан, қалай басталғаны туралы режиссер қалтықсыз сюжеттермен жеткізіп береді. Тіпті фильмді көріп отырып, экономикадағы кейбір түсініктердің ақылға қонбайтынын да байқайсыз. Себебі бәрінде сұрақ біреу – неге? Жауап – білмейміз. Экономистер мен банк арасындағы дау, жылжымайтын мүліктердің мәселесі, акция деген түсініктер туралы осы жерден біле аласыз.
«Шек» (Предел риска)
2011 жылы түсірілген бұл фильмнен де 2008 жылы болған дағдарыстың тағы бір қырын көруге болады. Бұл фильмде өте қомақты сомадағы ақша салып отырған адамдардың банкке деген сенімі туралы сөз болады, яғни олар ақшаларын шығарып алу керек пе, сену керек пе, арты не болады? Бірге көрейік.
«Ақыл ойыны» (Игры разума)
2001 жылы түсірілген «Ақыл ойыны» фильмі бір емес төрт Оскар сыйлығын алған. Ендеше фильмнің салмағы мен берген ойының кереметі туралы жазудың қажеті жоқ шығар. Бұл фильм арқылы саясатты, экономиканы түсінуге болады.
«Алаяқ» (Аферист)
1999 жылы түсірілген фильм сізге үйде жатып кітап оқып, экономикалық терминдерді жаттап жатудың керегі жоқтығын көрсетеді. Бастысы адамның тілін тауып, тамырын баса білуге шақырады. Фильм сізге ұнайды деп үміттенеміз.
«Бәрін өзгерткен адам» (Человек который изменил все)
2011 жылы түсірілген фильмнің басты қаһарманы, голливуд жұлдызды – Брэд Питт. Фильмді көріп отырып, экономикаға қандай қатысы бар, бұл спорт туралы фильм ғой деп айтуыңыз мүмкін. Дегенмен ой сала отырып қарасаңыз, өзге сала арқылы экономиканы түсінуге болатынын көрсетеді.
«Август»
2008 жылы түсірілген бұл фильм қазір болып жатқан әлемдегі SMM саласына тікелей байланысты. Яғни интернет-компаниялар туралы түсінік береді. Инвестор табу, инвестиция әкелу мәселелері сөз болады.