Қазақ поэзиясының Хантәңірі
9 ақпан – күллi қазақ сүйiп оқитын мұзбалақ ақын атанған Мұқағали Мақатаевтың дүниеге келген күні. Мұқағали Сүлейменұлы осыдан 90 жыл бұрын қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында 1931 жылы туылды. Азан шақырып қойылған аты – Мұхаметқали. Бірақ «пайғамбар атын алып жүру жас балаға ауырлық етеді» деп есептеген ата-анасы оны кішкентай күнінен «Мұқағали» деп еркелеткен. Тұңғыштары Мұқағалидың ізін ала туылған қызы мен ұлы ерте шетінеген Сүлеймен әкей мен Нағиман шешей олардан кейін Тоқтарбай, Көрпеш атты ұл сүйеді. Ақиық ақынның әкесі колхозда сушы, шалғышы болып істеген қарапайым шаруа адамы болыпты.
Нағиман апаның айтуынша, үйдің тұңғышы болғасын ба, Мұқағали Тиын әжесіне табиғи болып, анасын жеңге есебінде санаған. Ол ер мінезді, айбынды әжесін ерекше құрметтеген. Табиғаты әсем де, шұрайлы Қарасаз топырағындағы қаймағы бұзылмаған қазақы ортада өсіп-өнген оның балалығы әуелде мұңсыз басталады. Алайда сол мұңсыз балалыққа сызат түсірген соғыс Мұқағалиды демде есейтеді. Бір топ жерлесімен әкесі майданға аттанғанда небары он жаста-тұғын. Ғажайып ақынның балалық шағы қазақтың басына төнген қайғы-қасіреттің бірнешеуімен бетпе-бет келді.
1932-1933 жылдардағы ашаршылық кезінде ақын небәрі 1-2 жас шамасында болса, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін кезінде 6 жаста болады. Екінші дүниежүзілік соғыс барысында Мұқағали Мақатаев 10 жастағы бала екен. Соғыстың салқын қабағы ақынның шаңырағына оңай соққан жоқ. Әкесі Сүлеймен 1941 жылы Калининград майданында қаза тауып, анасы мен әжесінің тәрбиесінде өсті. Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген Мұқағали өлеңді он-он бір жасынан жаза бастайды. Алғаш еңбек жолын ауылдағы мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастады. Оның орыс тіліне жетік болуы әлем әдебиетін оқуына септігін тигізді. Кейін аудандық газетте тілші болып қызмет істеді. Ақын-жазушының басы қосылған рухани астана Алматыға келіп, әдеби ортаға тап болады. Үлкен шаһарда пәтерден пәтерге, қызметтен қызметке ауысып, тұрмыс тапшылығын өткереді. Бірақ өзінің талантының пайдасын көп көрді. Жыл сайын кітабы шығып, қаламақыға қомақты қаржы алып отыратын. Оның талантты ақын екенін танып, бүкіл жұртқа «Қазақ әдебиеті» газетінде Әбділдә Тәжібаев алғаш болып жария етеді.
Сағынышты жыр арнаған сүйіктісіне 1949 жылы қосылып, 30 наурызда жеке шаңырақ көтереді. Ол кезде ақын 18, ал сүйген жары Лашын Әзімжанқызы 21 жаста еді. Мұқағали ерекше ақкөңіл, мейірімді жан болған. Ақынның тұңғышы Ләззат қайтыс болып кетсе, одан кейін 1951 жылы туылған Майгүл Алматыда көлік апатынан көз жұмады. Одан кейін 1953 жылы Жұлдыз есімді ұлы, 1958 жылы Алмагүл, 1960 жылы Айбар, 1966 жылы Шолпан есімді балалары дүниеге келген.
1962 жылы болашақ ақын Алматы қаласына көшіп келіп, әдеби ортаға етене араласты. Қазақ радиосында дикторлық қызмет атқарғанда да, республикалық баспасөзде жұмыс істеген жылдарында да әдеби шығармашылық өмір тынысынан бір сәтте ажырамай, туа біткен ақындық қабілетін шыңдады. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімдерінде қызмет атқарды. Қазақстан Жазушылар одағының поэзия секциясында әдеби кеңесші болды. Аз уақыт Мәскеу қаласындағы М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтының жанындағы қысқа мерзімді курста оқыды. КСРО Жазушылар одағындағы қазақ әдебиеті бойынша кеңесші міндетін де атқарды.
Өмірінің екінші жартысында бірыңғай еркін әдеби шығармашылыққа көңіл бөлді. «Поэзия! Менімен егіз бе едің? Сен мені сезесің бе, неге іздедім?» деп тебіренетін Мұқағали бүкіл ғұмыры мен жан дүниесін қалытқысыз өлең жолына арнады. 650-ден астам лирикалық өлеңінде адам өмірінің мәні, әсемдік пен сұлулық, тазалық, ерлік пен елдік және туған жер турасында терең толғаған. Ақын өмірінің соңғы кезеңінде жазған «Моцарт. Жан азасы» реквиемі пәлсапалық мазмұны, психологиялық тіні өзгеше туынды. Ақын Моцарт тағдырын тілге тиек ете отырып, өмір туралы өз жанының оптимистік рухын, әрбір адамның жан түкпіріндегі арман-әнін жеткізеді.
Тұтастай алғанда «Ғасыр ақыны» атанған Мұқағалидың барлық еңбегі өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақ елінің рухани дүниесін, тұрмыс-күйін, арман-мүддесін, тарихи тұрғыдағы ұлттық портретін шыншылдықпен хаттаған асыл мұралар қатарына жатады. Өлеңмен де, өмірмен де бүкпесіз қауышып, қалтарыссыз сүйген ақын жүрегі соңғы деміне дейін кіршіксіз сезім өртінде лаулады. Жүрегінің түбіне кір жасырмай айтып, армансыз ақтарылып кетті.
Мұқағали Мақатаев – қазақтың қарапайым тілінің нәрі мен мәнін Абай, Қасымдардан кейін түсініп жазып, түсіндіріп өткен ақын. Сөз өнерін дертпен тең көрген парасатты қаламгер. Ақынның әр өлеңі мен шумағында бүкпесіз, ақжарқын көңілмен сазды сыр төгіп отырғандай. Өлеңнің ырғағынан да, тербелісінен де оның қимылын, дауысы мен мәнерін естіп, мінез-құлқын танимыз. Өйткені ол өлең мен өнерден сыр бүккен емес. Өз жан дүниесін ашты, өлеңнің сырлы құпияларын жария етті.
1976 жылы 27 наурызда бауыр циррозы ауруынан дүние салды. Мұқағали қайтыс болғаннан кейін ҚР Жазушылар одағының бастамасымен үздік әдеби шығарма авторларына М.Мақатаев атындағы сыйлық тағайындалды, Мұқағалидың «Аманат» атты кітабы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Оған «Ғасыр ақыны» атағы берілді. 60 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның туған жерінде мұражай ашылды. Алматыда оның атында мектеп пен көше және сол көше бойында М.Мақатаевқа арналған ескерткіш бар.
М.Мақатаевтың өлеңдеріне Н.Тілендиев, Д.Рақышев, Ш.Қалдаяқов, І.Жақанов, А.Қоразбаев, Т.Рахимов, М.Рүстемов, Т.Мұхамеджанов, Ә.Тінәлиев, Б.Оралұлы, Т.Досымов сынды тағы басқа да сазгерлер ән жазды.
«Ең бірінші бақытым – халқым менің, Саған берем ойымның алтын кенін» деп көзінің тірісінде халқын қастерлеп өткен ақын ұлын, артындағы елі де ұмытпақ емес. Осы себептен Мұқаңды айрықша еске алып жүрейік.
Дайындаған Нұрай ШАБЫТ