Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әбігерге түсірген әлем

Әбігерге түсірген әлем

Әлі есімде, көрші Сенбі ағаны талай рет үй телефонына алыс ауылдағы ағайындарымен байланыс құру үшін шақырғанмын. Қалай дейсіз бе? Ол уақыттағы қызық былай болатын.
Жалпы Мәметова көшесінде бар жоғы үш үйде ғана үй телефоны бар. Ал сол маңдағы көршілер шалғай елді мекендердегі бауырларына санаулы үйдің телефон номерін беріп, хабар алып отырады. Соның арқасында бала күні ауданға қарасты ауылдардың атын жаттап, көршілердің қай жерде ағайындары бар екенін біліп отыратынбыз.
Бір күні таңертеңгілік телефон шырылдап, аржағынан «Жолтеректің ұлы Бақыттың үйі мекен?» деген ер адамның дауысы естілді.
– Иә!
– Айналайын, балам, мен «Үкілісай ауылынан қоңырау соғып тұрмын!» Көрші Болат Аманбаев ағаңды шақырып жібере аласың ба?
– Әрине, кім соғып жатыр деп айтайын?
– Жақсылық деп айтсаң түсінеді.
Білесіз бе, бұндай жағдайда телефонның арғы жағындағы адам, не сенің қайта келіп жауап бергеніңді күтеді. Болмаса қайта хабарласатын номерін айтып қояды. Оны бір жерге түртіп қоймасаң үлкен ұрыстың астында қаласың. Содан тұтқаны тастамай жүгіре Болат көкемнің үйіне бардым. Ол кісі ағайындарына қайыр болсын айтуға кетіпті. Ал жары Күләш апа телефонға жауап беру үшін, менімен бірге үйге келді. Тұтқаны көтере беріп еді, байланыс ажырап кеткен. Қайта қоңырау шалып саусақтарын астында сандары көрсетілген тесікке сұғып, сандарды бірінен соң бірін төмен қарай тартып, қоңырау шалды. Қызығы сол, бағана хабарласқан Жақсылық ақсақал күтіп-күтіп үйіне қайтып кеткен. Енді атаны Күләш тәтем тосуына тұра келеді. Қызық, ә! Мұндай күндер де артта қалды.
Одан соң төртбұрышты қалта телефон пайда болды. Оның өзін алғаш 2003 жылы көрдім. Кім көрінген ұстамайды. Әкем тергеуші болып жұмыс жасаған соң, алыс жолға шықса қызмет бабымен керек болар деп сатып алған. Сол кезде оны көпшілік «Кирпич» деп атайтын.
Иә, сандары көрсетілген, жарға ұрсаң да сынбайтын, жасыл жарық шашып тұратын кішкентай ғана төртбұрышты телефон. Ара-тұра әкеміз жұмыстан шаршап келгенде, бөлмесіне ұрлана кіріп, ішіндегі сырын ақтаруға кірісетінбіз. Артынан «құрт» ойынын ойнауға ғана алатын болдық. Оның өзінде анаң көріп қалмау қажет. Кейін ол заманға сай дамып, түрленіп шыға келді. Соның салдарынан әлеуметтік желінің әлегіне тап болдық. Басты айтпағым да осы.
Жасыратыны жоқ, қазір әлеуметтік желіге қатысты айтылатын жақсылы жаманды пікірлер жеткілікті. Бірі оның зиян екенін айтса, екіншісі оны табыс көзіне айналдырып, нәпақасын тауып жүр.
Негізінен смартфонға халық үйренісе бастағанда ел ішінде «агент» деген ұғым пайда болды. Сол арқылы байланыс жасап, хат алмасып тұрды. Сөйтіп ол сол кезеңдегі басты байланыс жасайтын құралға айналып, алдыңғы қатарға орнықты. Зиян деп ешкім айтпады. Есесіне соның арқасында жастар танысып, шаңырақ көтерді. Бұл оның пайдасы. Одан соң Whatsapp қолданысқа келіп, агент жайына қалды. Онымен қатарласа ВКонтакте ел ішіне ептеп сіңіп, барлығы дерлік соған көшті. Пайдасы сол баяғы таныстық пен қажетті ақпараттар беріп отырғаны болмаса, зиян тұсы да аз болмады. Оның ішінде ұятсыз видеолар көптеп тарап, жастар сол жаққа қарай бет бұрып, ұлттық тәрбиеге кері әсерін тигізе бастады. Яғни өскіндердің жас шектеулігіне қарамастан, ашықтан-ашық бейне жазбалар жарыққа шықты.
Ал қазір Facebook пен Instagram жанына шаң жуытпайды. Алдыңғы қатардан ойып орын алып, қолданыстағы басты желіге айналды. Негізінен Facebook саяси орта. Онда жеңіл-желпі әңгіме жүре бермейді. Болады әрине. Дегенмен көбіне саяси маңызы бар мәселелер талқыға түседі. Яғни ашық әңгіме алаңы. Ойын жеткізгісі келетін қолданушы бұрыс та, дұрыс та ой қозғайды. Қажет болса шырайын шығарып мәселе көтереді.
Instagram ше? Оны бастапқы пайдаланған жұрт не екенін түсіндей, тек фото ғана салып, астында шимайлап бірдеңелер жазып отыратын. Кейбірі жұлдыздарға тіркеліп, олардың күнделікті жұмысын сол жерден бақылап, талқылайды. Кейін ебін тапқандар мұны таза қаражат көзін түсіретін ортаға айналдырып, күректеп ақша тапты. Олай болмай ше, заман солай талап етіп тұр. Осы бір әлеуметтік желінің арқасында ел ішіне «хайп» деген сөз тарап, жұртшылық оның не екенін білді. Мұның зияны, көпшілік лүпіл мен пікір және қаралым үшін ардан аттап, ұятты ұмытты. Xайп қуып, ептеп ғайып бола бастады. Онда талай елдің наразылығын тудырған бейнежазбалар жарық көрді. Ұлттық тәрбиеге зиянын тигізіп, жастарды бұрыс жолға дәріптейтін тұсы да көп болды. Бұл қазақ үшін таңсық іс.
Ал пайдасы, бұқараның кей өзіне қажетті дүниелерді білуге көмектесті. Мысалы тамақтың түр-түрін жасауды ұнататын әйел адам өзіне қажетті жазбаларды қарап, онда көрсетілгендей аспазшы болуды үйренеді. Сондай-ақ ұлттық тәрбиені дәріптейтін парақшалар да жоқ емес. Одан бөлек ер адамдарға қажетті дүниелерде сол жақтан табылады.
Хош, әлеуметтік желінің бүгінгі шаң жұқтырмай тұрғандарына тоқталдық. Енді одан әрі үңіліп көрелік. Бірінші әлеуметтік желінің жалпылама пайдасы мен зиянын сөз етіп, зерттеулерге көз жүгіртсек. Жоғарыда сөз еткендей ол, бұрын танымайтын, білмейтін адамдармен танысуға, пікір алмасуға және тіл табысуға жәрдемдеседі. Кез-келген сәтте бейтаныс адаммен байланысқа шығып, пікір алмасып, хал-жағдай сұрасуға, мүмкіндік бар.
Ол аз десеңіз, соңғы жаңалықтар мен оқиғалардан хабардар болып отырасың. Онымен қоймай, соған қатысты адамдардың пікірлерімен де танысасың. Үшіншіден, әлеуметтік желіден түрлі көңіл көтеретін әндер, фильмдер, суреттер, көңілге қонымды әңгімелер табуға мүмкіндік туады. Оған қоса білім беретін деректі фильмдер, кітаптар мен лекцияларды қалағаныңша тауып оқуға болады.
Сонымен бірге өз бизнесіңді дамытуға, сатып алушы клиенттерді тартуға да мүмкіндік жасалған. Егер сіз шығармашылықпен айналысатын болсаңыз, кітаптарыңызды желіге жүктеп, сол арқылы оқырмандар табуға болады.
Таяқтың екі ұшы болатыны секілді әлеуметтік желінің залалы да жетерлік. Ол тіптен пайдасынан көбірек болып жатады. Сондықтан әр адам оны пайдаланбас бұрын оның пайдасы мен зиянын таразылап алғаны дұрыс.
Біріншіден ол, адамның алтын уақытын құртады. Уақыт – Алланың адамға берген ең үлкен байлығы және баға жетпес құндылығы. Жоғалтқан уақытты ешқандай жолмен қайтара алмайсыз.
Екінші, адамды белсенді емес тұтынушыға, яғни көк жалқауға айналдырады. Әрине, әлеуметтік желіні адамдар әртүрлі мақсатта пайдалануына болады. Оның ішінде жаңа дүниелерді ойлап тауып, соны қалың көпшілікке ұсынуға да мүмкіндік бар. Дегенмен тұтынушылар көбіне жаңаны жасағаннан гөрі, ұсынылған ақпараттарды тұтынғанды жөн санайды.
Мамандардың айтуынша, ол адамды бақытсыз етеді. Әлеуметтік желіге байланған адам үшін бақыт деген жұрттың өзі ұсынған ақпаратқа немесе суретке лүпіл басып, сүйсінуі болып саналады. Олар өзгелерді тамсандыру үшін, өмірлеріне қатер төніп тұрса да, биік үйлердің төбесіне, жүріп келе жатқан пойыз көрнісі аясында суретке түсуге ұмтылып, жарақат алып жатады. Ал оның арасында желіге жүктеген постына көпшілік лүпіл баспаса, өз өзін бақытсыз санап, күйзеліске түсетіндер де кездеседі.
Сондай-ақ, желі жақындармен, таныс-достарымен тірілей байланыс жасауға кедергі келтіреді. Олардың еркін қарым-қатынасын үзіп, араларын алшақтатады.
Ал дәрігер мамандардың айтуынша, күніне сағаттап интернетте отырып, айналасындағы дүниені ұмытатын, адамдармен қарым-қатынасын үзетін, әлеуметтік желіге тәуелді болған пенде ақыр-соңында денсаулығын жоғалтып, түрлі ауруларға шалдығады екен. Бар уақыты мен күш-қуатын, қабілет-қарымын интернетке жұмсайтындар күнделікті өмірдегі отбасы, еңбек ұжымы, қоғам алдындағы міндеттерін ұмытып, қолайсыз жағдайларға тап болады және тұрмыста да ауыртпалықтарға ұшырайды.
Әлеуметтік желіге бар уақыты мен күш-қуатын, ақшасын жұмсап жататын адамдар көп және олардың бұл әрекетіне қазір ешкім онша таңырқай қоймайды. Оның жеке адамға, жалпы қоғамға, мемлекетке ықпалы барған сайын күшейіп барады. Білесіз бе, Иран, Ауғанстан сияқты ислам елдерін былай қойып, көрші Қытай да әлеуметтік желілерді бұғаттап, өз азаматтарының оны пайдалануына тыйым салған. Бұл оның пайдасынан зиянының көп екенін айғақтайды.
Жуырда әлеуметтік желіде 3 жасар баланың ата-анасынан қоярда қоймай телефон сұрап жатқанын көз шалды. Ол сәбидің сол дүниеге тәуелділігін байқатып тұр. Араға апта салып, бір бүлдіршіннің анасының қолында жылап, көзінен қан тамып тұрғанын көрдім. Оған себеп ұялы телефонды көп қарағаны. Соның салдарынан көз тамырлары жарылған. Ал анасы «бекерге телефон ұстаттым» деп зар еңіреп тұр. Желідегі бейнероликті көп қараған бала ақыры осындайға ұшыраған. Бұл жайында кейін әңгіме өрбітетін боламыз. Ал әлеуметтік желіні пайдаланып отырған көпшілік оның пайдасымен қоса зиянын да ұмыт қалдырмағаны жөн.

Абзал ЖОЛТЕРЕК
16 қаңтар 2021 ж. 2 356 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930