Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаңыздың болашағы үшін...

Балаңыздың болашағы үшін...

Қазақта «тал бесіктен жер бесікке дейін білім ізде» деген таныс тәмсіл бар. Иә, оның астарында әрқашан білім алу һәм ғылым игеру жатыр. Сондықтан ол ертеден маңызын жоймаған құндылық. Оның үстіне қазіргі технологияның үздіксіз дамуын білім, ғылыммен байланыстырмай көріңіз. Мемлекеттің де бұл мәселеге айрықша мән беруі де бекер емес.
Тіпті асыл дінімізде құпталған білім алуды, ілім іздеуді бүгінгі таңда құқықтық зайырлы жолды таңдаған мемлекетіміз де, оның заңдары да қос қолдап қолдайды. Олай деуімізге Конституцияның 30-бабында «Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті» деп көрсетілгені дәлел-ақ. Бұл баптың 2-ші және 3-ші бөліктеріне сүйенсек, азамат мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқылы, сондай-ақ жеке меншік оқу орнында ақылы білім алу заңмен белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша жүзеге асырылады екен.
Ата Заңда жеке меншік оқу орны деп көрсетілуі тегін емес. Өйткені қазір нарықтық экономика. Мұндайға аяқ басқан елде ақылы оқуының болуы заңдылық әрі бұл әлемдік тәжірибе. Мұның өзі жоғары тегін білім алуға берілетін мемлекеттік грантқа ілінбей қалған талапкердің ілім алсам деген ниетіне жасалған бір мүмкіндік. Оның үстіне бүгінгідей жаһан жұртшылығымен барыс-келіс артқан сәтте жат елдердегі мәртебелі жоғары оқу орнында білім алу да таңсық емес. Тіпті осыны арнайы мақсат тұтатын жастар жетіп артылады.
Дей тұрғанмен бүгінгідей нарық заманда көкейдегі осындай арман-мақсатқа жету үшін қаржының қолбайлау болатыны даусыз. Қуантарлығы, білімге инвестиция салуды алдыңғы орынға қойған ел бұл жағынан да «Болашақ жастардың қолында» деп оларға қол ұшын созудың әрқилы жолын қарастырған. Соның бірі – «Aқыл» депозиті.
Бірнеше күн айналамдағы жұртшылықтан осы бір депозит туралы сұрап білдім. Нәтижесінде мұны білетіндерден, білмейтіннің дені көп болды. Аталған бұл жүйе білім депозиті. Қарапайым жеткізсек, кәдуілгі баспана алу үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкі немесе басқа қандай да бір өмірлік мақсатыңыз үшін кез келген банктен ашқан депозит сынды балаңыздың болашақ білімі үшін, ақша жинайсыз. Мұның басты артықшылығы – оған мемлекеттің кепілдік беретіндігінде. Онымен қоймай, мемлекет аталмыш депозиттегі салымыңызға сыйақы береді.
Құқықтық зайырлы мемлекетте барлық іс-әрекет тиісті заңмен бекітілетіні сөзсіз. Бір жағынан осы ретте бұл депозит «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 14 қаңтардағы №67-V заңымен реттелетінін айта кеткен жөн. Яғни жан дүниеңіздегі сенімсіздік атаулы қылаң бермес үшін. Заңның 5-бабының 1-бөлігінде мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі (магистратура) оқу бағдарламасы бойынша білім алуға қолданылатыны жазылған. Ал осы баптың 2-ші бөлігінде көрсетілгендей, мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушылар – салымшы, қатысушы банк, енгізуші, оператор, білім беру ұйымы осы саладағы уәкілетті орган болып табылады. Бір сөзбен түйіндесек, жүйеге қатысушы оператордың міндеті, салым шарты, банк пен мемлекеттің сыйлықақысы – бәрі-бәрі осы заңға негізделеді.
Ең бірінші бұл жүйенің жұмысын «Қаржы орталығы» АҚ үйлестіріп отыр. Депозитті Қазақстан Республикасының кез келген азаматы кемінде 3 жыл мерзімге ашады. Салым шартын жасасқан тараптардың бірі оның мерзімін тоқтатуға ниеттенсе, шарт мерзімі ары қарай автоматты түрде ұзартылады. Жалпы, салым шарты 20 жыл мерзімге жасалады. Сонымен қатар бөгде банкте басқа мақсатқа ашылған депозитке төленетін бастапқы жарна мұнда да бар. Тіпті оның өзін кез келген адамның қалтасы көтеретін дәрежеде. Яғни жарна құны – 7215 теңге. Сондай-ақ «Aқыл» депозитін білім беру жинақтау жүйесіне қатысушы болып табылатын банктердің барлық аймақтық деңгейіндегі бөлімшесіне барып аша аласыз.
Жасыратыны жоқ, кез келген ­банктен жинақ ашып, қаржы жинауды бастайтын жанды ең бірінші салымға берілетін сыйлықақы қызықтырады. Оның үстіне қай банктің сыйлықақысы көп болса, оның салымшылары да мол болатыны сөзсіз. Ал сол жинаққа банктен бөлек мемлекет сыйлықақы беретін болса, бұл депозитіңіз мемлекет тарапынан сақтандырылатынын білдіреді. «Aқыл» депозитіне жиналған салымға банк 10,5% мөлшерінде сыйлықақы береді. Бұл туралы «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы заңының 10-бабының 1-бөлігінде «Қатысушы банк ай сайын капиталдандыра отырып, салымшыға салым шартында айқындалған мөлшерде салым сомасына сыйақы төлейді» деп көрсетілген. Ал 13-бапта мемлекет беретін сыйлықақының мөлшері көзделген. Ол бойынша салымшыға 5 процент сыйлықақы беріледі.
Аталған депозитті зерттей келе онда мемлекет сыйлықақы беруде белгілі бір әлеуметтік басым санатқа жататындардың мүддесін ескеріп, оларға 5 емес, жылдық 7% мөлшерде сыйлықақы төлеуді қарастырғанын көрдік.
Атап айтсақ, олар жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға, мүгедектерге, кәмелетке толмаған көпбалалы отбасылардың балаларына, жан басына шаққандағы орташа табысы азық-түлік себетінің құнынан төмен отбасылардан шыққан балалар.
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін іске асыруда «Халық банк», «Нұрбанк», «Цеснабанк» және ВТБ секілді қаржылық ұйымдар серіктес болып табылады. Баласының болашақ білім алуын қаржылық тұрғыдан осы бастан қамтамасыз етуді ойлаған кез келген азамат осы банктердің бөлімшесіне барып, «Ақыл» депозитін аша алады. Оған қажетті құжаттар да көп емес. Бар болғаны ата-ананың жеке куәлігі мен баланың туу туралы құжаты жеткілікті немесе куәліктің орнына төлқұжат ұсынсаңыз болғаны. Ал салымды 3, 5 және 10 жылға жасау мүмкіндігі бар.
Жоғарыда мемлекет беретін сыйлықақының жылдық мөлшеріне тоқталдық. Одан бөлек білім депозитінен көрсетілетін қолдау түрі мемлекет сыйлықақысына табыс ретінде салық салынбайтыны. Сондай-ақ бұл депозит түрлері 10 миллион теңгеге дейін мемлекет атынан сақтандырылады. Мұның өзі «Ақыл» депозитін басқа салым түрінен даралауда.
Оның үстіне алдағы уақытта бастапқы мақсатыңыздан айнысаңыз, мұнда жинақталған салымыңызды білім алудан басқа да қажеттілікке жұмсай аласыз. Тек бұл жерде мемлекет сыйлықақысы кері қайтарылатынын ұмытпаңыз. Бір жағынан өзіне немесе балаға ашқан бұл салымдағы жинақталған қаражат үшінші тұлғаға, яғни басқа да баланың атына ашылған депозитке аударылады. Оқу орнын таңдауға да шектеу жоқ. Тіпті шетелдегі оқу ақымды осы арқылы төлеймін десеңіз де болады.
Жасыратыны жоқ, ең үлкен һәм қайырлы инвестиция – баланың болашағына, оның ішінде білім алуына салынған капитал екенін сөз етуден жалықпаймыз. Бірақ айтылған сөз сол жерде қалып қойып жатады. Оны әрі қарай үйлестіретіндер бірен-сараң. Сондықтан балаңыздың келешегі үшін керекті қаражатты қажетті орында сақтап, кез келген уақытта бүлдіршіннің пайдасына асыру сіз үшін де жаман болмасы сөзсіз.

А.БАҚЫТҰЛЫ
21 қараша 2020 ж. 464 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930