Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық сыйлық жеңімпазына құрмет көрсетті

Ұлттық сыйлық жеңімпазына құрмет көрсетті

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Ахмет Қазақстанның баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» Ұлттық сыйлығы байқауында «Жылдың үздік репортажы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған сырбойылық Нұрсұлтан Мықтыбайды қабылдап, айтулы жеңісімен құттықтады.

Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Нұрсұлтанның жеңісі – Сыр бойы журналистикасы үшін ғана емес, тұтас облыс үшін үлкен жетістік екенін ерекше атап өтті.
– «Үркер» Ұлттық сыйлығының жеңімпазы атануыңыз – қасиетті Сыр елінің даңқын асырып, абыройын асқақтатқан мерейлі сәт болды. Бұл – Сыр журналистикасының тарихында бұрын-соңды болмаған жеңіс! Оның үстіне, Ұлттық сыйлық – аймақтар арасынан алғашқы болып Қызылорда облысына бұйырып отыр. Әлемді әбігерге салған пандемия кезінде күні-түні ерекше еңбек еттіңіз. Облыс тұрғындарына шынайы ақпарат ұсыну жолында тер төктіңіз. Сол еңбегіңіз ақталып, бүгін биіктен көрініп отырсыз. Сізге алдағы күндері де шығармашылық табыс, мықты денсаулық, жеңістер тілеймін. Сыр журналистикасының даңқын асыра беріңіз, – деді Серік Әбжәлиұлы.
Жалпы, ақпарат саласындағы Ұлттық сыйлық биыл төртінші рет табысталып отыр. Айта кетерлігі, 2020 жылдың 2 қазаны мен 5 қарашасы аралығында ұйымдастырылған «Үркер» ұлттық сыйлығының 11 номинациясына үміткерлерден 470 өтінім келіп түсті. Ұлттық бәйгені ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры ұйымдастырды. Ұлттық сыйлықтың үздіктерін мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, еліміздің танымал журналистері және Ұлыбритания, Израильден арнайы келген сарапшылардан құралған қазылар алқасы анықтады.
Қызылорданың абыройын асқақтатқан Нұрсұлтан Мықтыбайға «Үркер» естелік мүсіншесі мен оның арнайы куәлігі және бір миллион теңге ақшалай сыйлық табыс етілді.
Қабылдау соңында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Ахмет Нұрсұлтан Мықтыбайға ескерткіш сыйлық табыстап, құрмет көрсетті.
Өз кезегінде Нұрсұлтан Ертуғанұлы Ұлттық байқауда өзіне қолдау көрсетіп, тілекші болған облыс басшылығы мен әріптестеріне алғысын жеткізді.
18 қараша 2020 ж. 476 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 58

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930