Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Азық-түлік бағасы шарықтап кетті

Азық-түлік бағасы шарықтап кетті

Жыл басында Үкіметтің экономикалық блогы нан, макарон өнімдері, қарақұмық жармасы, тазартылған күріш, сиыр еті, жұмыртқа, күнбағыс майы, тұздың шекті бағасын белгілеп, Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері бірлескен бұйрыққа қол қойған болатын. Бағалар әр аймаққа жеке белгіленеді.

Нұр-Сұлтан қаласында бі­рінші сұрыпты ұннан пісірілген 1 кило нан 150 теңге, Алматы мен Шымкент қалаларында 146 теңге тұратын болады. Осы­лай­ша нан бөлкесінің құны Нұр-Сұл­тан қаласында – 82,5 теңге­ден, Алматы және Шымкент қала­ларында – 80,3 теңгеден ас­пайды. Ал қарақұмық жарма­сының бағасы Алматы мен елордада бірдей – 339 теңге. Сиыр еті Нұр-Сұлтанда 2 113 теңге болса, Алматыда 2 169 теңгеден аспайды. Шекті бағаларды Сауда және интеграция министрлігінің сайтынан көруге болады.
Бұл тауарлардың шекті баға­сын қымбаттатқандар 265 100 теңгеден 530 200 теңгеге дейін айып­пұл төлейтіні сол кезде бел­гілі болған. Қымбатшылықтың қыспағына түскен қарапайым халық Үкіметтің немесе Ұлттық банктің бірлескен мәлімдемесіне сенерін, я сенбесін білмей отыр. Өйткені бүгінгі таңда түрлі қа­уіп қылаң беріп тұр. Тәуелсіз са­рап­­шылар жыл соңына қарай инфляциялық үдерістер күшеюі мүмкін екенін айтып жүр.
Биыл тамыз-қыркүйек айларында азық-түлік өнімдері баға­сының өсуі байқалады. Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, елде 9 айда азық-түлік 7,4%, азық-түлік емес тауарлары 3,9%-ға қымбаттаған. Елде жұмыртқа – 4,4%, қант – 1,5%, макарон өнім­дері – 1%, ұн, сиыр еті, шай, мұздатылған балық – 0,9%, жылқы еті – 0,8%, шұжық өнімдері – 0,7%, қой еті, сары май, ірімшік – 0,6%, нан, күріш 0,4%-ға қымбаттаған. Те­мекі өнімдері – 0,5%, алкогольді сусындар 0,4%-ға өскен. Бағаның төмендеуі жеміс-жидектер мен көкөністерде байқалады.
Баға дес бермей тұр. Үкіметтің ақталуға себеп таппай қиналған жері де осы. Қазақстанда әлеумет­тік маңызды өнімдердің бағасы жыл басынан бері 4,2%-ға өсті. Бұл туралы Сауда және инте­гра­ция министрлігі ішкі сауда де­партаменті директорының орын­­­басары Ерлан Ешназаров онлайн-брифингте ашып айтты. «Министрлік 19 әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасына мониторинг жүргізеді. Жыл басынан бері бағалар 4,2%-ға өсті. Бұл – 1 қазандағы мәліметтер. Бірақ мамырдан қыркүйекке дейін бағалар біртіндеп құлдырай бас­тады, ал мамырда олар 0,1%-ға өсті, маусым мен шілдеде мүл­дем болған жоқ. Тамыз айында бағалар 0,3%-ға, қыркүйекте 0,4%-ға тө­мендеді. Жалпы, төмен­деу 1,3%-ды құрады», деді Е.Еш­назаров.
Бағаны реттеу үшін министрлік тұрақтандыру қорларын құра­ды. Қазір Қазақстандағы тұрақ­тандыру қорында 25 мың тонна азық-түліктің резерві қалып­тасқаны осы жиын барысында белгілі болды.
– Төтенше жағдай кезінде ба­ғалар көтерілді. Бұл жеміс-жидек пен көкөністердің бағасы өсіп жатқан мезгілге сәйкес келді. Бір жарым ай ішінде наурыз айының ортасынан сәуірдің аяғына дейін бағалар шамамен 2%-ға өсті. Яғни, жалпы өсімнің шамамен 90%-ы елдегі төтенше жағдай кезеңіне түсті. Бірақ мамыр айынан бастап бағалар тұрақтана бастады, – деп қосты ведомство өкілі.
Қазақстан отандық азықпен өзін өзі қамтудың 80%-дық меже­сінің ауылы алыс екенін көріп отырмыз. Жер табиғаты аграрлы-индустриялы ел ата­ну­ға мүмкіндік берсе де, өсім­дік өсіру, агроөнім өндіру, мал ш­а­­руа­шылығын дамыту сияқ­ты салалар әлі қожырап тұр. Көк­өнісімізді Қытайдан, ағар­ға­нымызды Қырғызстаннан жет­кізіп отырмыз. Қазірге дейін өнім­ді шаруаның қолынан тікелей ба­зарға шығаратын сату жүйесі қа­лыптаспағандықтан, ауылдағы ағайын күнкөрістен артылған ет-сү­тін өткізетін жер таппай делдал­дар­­дың қызметіне тәуелді болып отыр.
Сарапшылар осы кемшілікті жоймай, Орталық Азияның азық-түлік хабы атанамыз деп ертерек айтып қойғанымызды айтады. Ха­лық көп тұтынатын қой мен сиыр еті күрт қымбаттап кетті. Айталық қой етінің бағасы былтыр 16%-ға өссе, сиыр еті 17%-ға қым­баттаған. Бұл еліміздегі инфляция деңгейінен 3 есе жоғары.
Бір жылда 26 мың тонна ет пен ет өнімдерін экспорттасақ, есесіне 252 мың тоннасын сырт­тан тасығанбыз. Қаңтарда Қазақстан­дағы инфляция көрсет­кіші 5,6%-ды құрағанымен, азық-түлік баға­сы орта есеппен 9,2%-ға қым­­бат­тап, ет пен ет өнімдері – 13%, құс етінің бағасы 14,7%-ға өскен.
Ет өнеркәсібі – еліміздің агро­өнеркәсіптік кешенінің басым бағытының бірі. 2017-2021 жыл­дарға арналған АӨК-ті дамыту бағдарламасында ет өндірісіне ерекше назар аударылған. Аталған са­ланы дамытуға жыл сайын 116 млрд теңге бөлінеді, оның ішінде: асыл тұқымды мал басын көбейтуге – 60 млрд теңге, мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге – 56 млрд теңге.
Бұл ретте ет өнімдері өндірі­сінің артып келе жатқанын айта кеткен жөн. 2020 жылдың қаңтар айында ғана 21,2 млрд теңгенің өнімі қайта өңделген. Ал 2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстанда жалпы құны 269 млрд теңгенің ет өнімдері өндірілген. Нақты өсім 8,1%-ды құраған.
Дегенмен бұл салада ши­кі­зат тапшылығы қатты сезіледі. Ауыл шаруашылығы минис­трлігінің ақпаратына сүйенсек, қайта өң­деумен айналысатын кәсіп­орын­дардың өндірістік қуаты тек 30-40% пайдаланылады. Шикізат тапшылығына ет экспорты себеп.
Экономист Тоқтар Есіркепов­тің түсіндіруінше, Үкімет экс­портқа ет шығарудан бұрын, ал­дымен ішкі нарықты етпен қамтамасыз етуге назар аударуы тиіс. Азық-түлік тауарларының стандарттары бойынша Кеңес өкі­меті кезінде ғалымдар анықтаған норма адам басына шаққанда жылына 82 килограмм екен. Ал 2000 жылдардың басында біздің үкімет 82 килограмды 41-ге түсірген. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мәліме­тінше, қазақтардың ет өнімдерін тұтыну көрсеткіші бұдан да төмен көрінеді. Олардың есебінше, 2017 жылы жан басына шаққанда әрбір қазақстандық орта есеппен 36,5 кило еттен тұтынған екен. Соның өзінде бұл әлемдегі орта деңгейден әлдеқайда жоғары. Бірақ жыл сайынғы төмендеп келе жатқан көрсеткіш жақсылықтың нышаны емес. Мәселен, биыл жыл бас­тала салысымен Қазақстан қа­­лаларында ет бағасы тағы қымбаттады.
Ұлттық тұтынушылар лига­сы­ның төрайымы Светлана Ро­мановская пандемияның өр­шіп жатқан шағында 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік­тің тек 9 түрінің ғана бағасы шарықтамай, қолдан ырықтан­дырып тұрғанын айтады. Бірақ соған қарамастан сүт, сүт өнім­дерінің құны аспандап кетті. Ал шекара асып келетін өнімдердің құны 70%-ға шарықтаған.
Сарапшылар апта басынан бері инфляцияны ауыздықтау үшін тек Ұлттық банк пен Үкі­мет­тің бірлескен әрекеті аз­дық ететінін ашық айтып отыр. Ин­фляциямен күрес жөніндегі комиссия да мәселені шеше алмайды. Азық-түлік тапшылығы мен қымбатшылықты мемлекеттік бағдарлама арқылы шеше алмаймыз. Бұған мемлекеттің әлеуеті жұмылдырылуы тиіс. Пандемия мен дағдарыс қос өкпеден қысқан қазіргі заманда халықты кедей­ші­ліктің қамытымен жалғыз қал­дырып қоюға болмайды. Ұтқыр шешім керек.
Қаржыгер Бейсенбек Зиябеков инфляцияны бірер комиссия немесе жұмыс тобының күшімен ауыздықтай алар болса, Қазақстан әлдеқашан Еуроодақ елдеріндегі инфляциялық стандартқа жақын­дайтынын айтады. Бірақ іс жүзін­де олай болмай отырғанын айт­қан экономист осы көктемде Үкімет­тің азық-түлік қоймаларын көптеп салу туралы идеясынан үміт­тенгенін айтады. Егер бұл идея жүзеге асар болса, халық ауыл ша­руа­шылығы өнімдерін өндіріп, бау-бақша өсіруге мүмкіндік алар еді. Б.Зиябековтің түсіндіруінше, бағаны тұрақтандыратын фактор – Үкіметтің шешімі емес, азық-түлік қоры. Қара күз аяқталмай жатып, баға қымбаттаса, ертеңгі қыста қандай боларын ойлаудың өзі қорқынышты.
26 қазан 2020 ж. 495 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031