Музей қоры – халық қазынасы
Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы мемориалдық музейі – өлке тарихын бойына жинаған киелі шаңырақ. Музей қоры мен экспозициясында ауданның іргетасы қаланған уақыттан бергі тарихи деректерден сыр шертетін және Ғани Мұратбаевтың өмір жолын баяндайтын жәдігерлер мен құнды құжаттар жинақталған. Сонымен қатар Тәуелсіз Қазақстан және әр жыл сайын тақырыпқа сай дайындалатын көрме залы бар. Қазіргі таңда қорда тіркелген экспонаттар 5000-ға жуықтайды.
2019-2020 жылдары акциясы барысында музей қорына бірнеше құнды дүниелер қосылды. Атап айтсақ, қолөнер шеберлері, әкелі-балалы Молдахмет, Бейсенбай Дүймановтардың өмір жолына арналған «Ұлы даланың ұлттық дәстүріндегі өнер иелері» атты республикалық шарада 100-ден астам қолөнер бұйымдары, сондай-ақ емшілік және ақындық қасиетіне арналған материалдар, жеткен жетістіктеріне берілген марапаттарын Әйтеке би кенті, Ә.Тыныбаев тұйығы №19 үйде тұратын қызы Мадина Молдахметқызы Дүйманова музей қорына сыйға тапсырды. Бұйымдар ұлттық құндылықтарымызды сипаттайтын туындыларға, оның ішінде қазақы ою-өрнек арқылы бедерлене жасалған Жанкент қорғанына, Жанқожа, Ақтан, тағы басқа батырлардың ерліктерін сипаттайтын бейнелерге, тазалықтың символы Бегім-ана анамызға, Ашабай ханның жорығына арналған серияларға құрылған.
Қазақ халқының бір шегесіз жиналып, құрылатын, қыста жылы, жазда салқын, көшіп-қонуға ыңғайлы тұрмыстық үйі – киіз үйдің жабдықтарына шашақ, басқұр, аспа бау жатады.
Осындай ұлттық құндылықты аталмыш акция барысында ата-бабадан бері сақтап, музей қорына сыйға берген Майдакөл ауылының тұрғыны Шынтас Жәдиев ағамыздың отбасы, тапсырушы келіні Гаухар Жәдиева. Сондай-ақ, күбі, келі-келсап, диірмен, кітап сөресі, шөген ыдыс музей төрінен орын алғанын мақтанышпен айта аламыз.
Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 75 жылдығына орай «Ұлы жеңіс ел мен ердің жеңісі» атты акция барысында, сұрапыл зұлмат ардагерлері Ақайдар Аймағанбетов, Бекмағанбет Жакенов, Жақсылық Сүлейменов, Нұрғали Айтжанов, Әбдуали Ұлманов сынды майдан шебінде от кешкен аталардың құжаттары да музей төріне сыйға қабылданды. Оны бізге ұрпақтары Гүлсім Ақжігітқызы, Мирамкүл Жакенова, Темірбек Сүлейменов, Эльмира Айтжанова, Гүлсара Ұлманова табыс етті.
Аудан тұрғындарын халқымыздың рухани-материалдық болмысын танытатын тарихи жәдігерлерді, бұрын қолданыста болып, қазір пайдаланудан қалған ескі дүниелерді Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейіне өткізуге шақырамын. Тапсырылған жәдігерлер ондаған, жүздеген жылдар өтсе де ұмыт қалмай, болашақ ұрпақтың өшпес мұрасына айнала береді.
Әлібек СЕРАЛЫ,
Ғани Мұратбаев атындағы, мемориалдық музейдің қор сақтаушысы