Коронавируспен үй жағдайында қалай күресуге болады?
Коронавирус жұқтырғандардың 80 пайызға жуығы жеңіл түрде ауырып жатқандықтан, жұқпалы аурулар стационарына жатқызу талап етілмейді. Ал олардың үй жағдайында емделуге болатыны – жақсы мүмкіндік. Дегенмен, науқас жағдайының нашарлауына жол бермеуі үшін бірқатар талапты сақтауы тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы Жазира Ембердиева үй жағдайында қалай емделу керек екенін айтты, деп хабарлайды Informburo.
№1. Бойыңызды үрейге билетпеңіз
Егер сізде коронавирус инфекциясының алғашқы белгілері байқалса, бірден қорқынышқа бой алдырмаңыз. Жұмысқа бармай, үйде қалып, басшыңызға хабарлаңыз, отбасы мүшелерінен оқшауланыңыз, тұрғылықты мекен жайыңыздағы емхана немесе 1406 нөмірі арқылы Call-орталыққа хабарласыңыз. Учаскелік дәрігерге өзіңіздегі коронавирус инфекциясының симптомдары туралы айтыңыз.
№2. Ауру симптомдарын қадағалаңыз
Аурудың ең жиі байқалатын белгілері: жалпы әлсіздік, тамақтың жыбырлауы, құрғақ жөтел, иісті, дәмді сезбеу, дене қызуының 38-39 градусқа дейін және одан да жоғары көтерілуі, қалтырау, бас пен бұлшық еттің ауыруы. Кейде ауру ас қорытудың бұзылуымен – құсып, іштің өтуімен де жалғасады. Кейде 4-8 күнде кеуде қуысы ауырып, демікпеге ұласады. Тыныс алу қиындайды. Мұндай кезде учаскелік дәрігерді шақырып, жедел жәрдем қызметіне хабарласқан жөн.
Вирустың симптомдары үйреншікті суық тию не тұмауға қарағанда айтарлықтай ұзақ (аурудың жеңіл түрде өтуі кезінде 10-14 күннен бастап, күрделі жағдай кезіндегі бірнеше аптаға дейін) байқалады. ЖРВИ, тұмау кезінде ауру 5-7 күнге дейін орташа деңгейде өтеді.
№3. Учаскелік дәрігерге қаралыңыз
Коронавирус инфекциясына күдігіңізді растау үшін учаскелік дәрігерге қаралыңыз. Дәрігер симптомдарды айқындап, сілемейлі қабықшада вирус бөлшектерін ПТР әдісімен анықтау үшін мұрыннан және аңқадан алынған жағындыны Covid-19-ға тексеруге жібереді.
Оқшаулау орнын дәрігер белгілейді. Емхана дәрігері клиникалық картинаның негізінде шешім қабылдайды. Егер сіздің хал-жағдайыңыз субъективті түрде нашарлай бастаса, яғниауыр дем алып, кеуде тұсыңыз ауырса, төсектен тұра алмасаңыз және әлсірей бастасаңыз, онда сіздің ауруханада емделгеніңіз дұрыс.
№4. Ағзаңыздың вируспен күресуіне жағдай жасаңыз
Амбулаториялық жағдайда коронавирус инфекциясы тек қана қолдаушы терапияны талап етеді. Бұл вирустың өзіне әсер ете алатыны дәлелденген медикаменттер әзірше жоқ дегенді білдіреді. Сондықтан, Covid-19 кезінде ең маңыздысы – ағзаның ауруға өздігімен төтеп беруіне көмектесу. Сұйықтықтарды – суды, шәйді, морсты көп мөлшерде ішу, жоғары (38,5 ℃-тан жоғары) температураны түсіру және жеке бөлмеде оқшаулану керек.
Дәрігермен келіскен жағдайда мына дәрілерді қабылдауға болады:
Парацетамол, аспирин, нимесулид таблеткасы – температураны түсіру үшін;
Ингавирин 90 мг күніне 1 капсула – 5 күн;
Тамифлю 75 мг-нан күніне 2 рет, 5 күн;
АЦЦ 600 мг-нан күніне 2 рет, 5 күн;
Тамақты фурацилин ерітіндісімен күніне 4-5 рет шаю.
Егер сізде созылмалы аурулар бар болса, базисті терапияны жалғастырыңыз.
№5. Нәрлі тамақ ішіп, ұйқыны қандырыңыз
Коронавирус инфекциясының симптомдары басқа ЖРВИ кезіндегідей емес, 2 есе уақытта байқалуы мүмкін. Науқастар тағамның иісін және дәмін сезбеген кезде қуат алу үшін тамақ жеуге өзіңді көндіру қаншалықты қиын екенін айтады. Нәтижесінде жағдайы нашарлаған кезде олар сусызданған және әлсіреген күйде ауруханаға түскен. Сондықтан үйде дұрыс тамақтану керек, негізінен, ботқа, қышқыл сүт өнімдері, балық, жеміс-жидек және көкөніс сияқты жеңіл қорытылатын калориялы тағам тұтыну қажет. Дене белсенділігін шектеу керек, ұйқыны жақсылап қандырудың да маңызы зор.
№6. Дұрыс жатыңыз
Егер сіз ауыр дем алсаңыз, онда ішіңізбен жатқаныңыз абзал. Іш қуысындағы органдардың диафрагманы қыспауы және өкпенің ауамен, қанмен қанығуына кедергі келтірмеуі үшін кеуде қуысыңызға және жамбасыңызға жастықша төсеңіз. Бұл тыныс алуды жеңілдетіп, кеуде қуысыңыздың ауыруын аздап басады.
№7. Учаскелік дәрігермен байланысты үзбеңіз
Үйде емделген жағдайда өзіңіз тіркелген мекен жайдағы аумақтық емхананың бақылауында боласыз. Сізге учаскелік дәрігер немесе медбике хабарласып тұрады. Олар халіңізді бақылайды, температураңызды тексереді, жалпы көңіл-күйіңізді қадағалап, кеңестер береді. Сондықтан, олармен тығыз байланыс орнатып, бар жағдайды ашық, дұрыс түсіндіріп айтыңыз.
№8. Өз жағдайыңызды бақылауда ұстаңыз
Егер демікпеден әдеттегі үй жұмысын атқару (мысалы, тамақ дайындау), сөйлеу қиындық келтірсе және қарапайым гигиеналық процедураларды жасай алмасаңыз, тез арада емдеуші дәрігерге хабарласу керек немесе медициналық жедел жәрдемді шақырыңыз.
Сондай-ақ, сұйықтық көп ішіп, уақытымен тамақтануды ұмытпаңыз. Күніне екі рет дене қызуын, пульс, тыныс алу жиілігін, артериалды қысымды және зәр бөлу жиілігін тексеріңіз. Емхана дәрігерімен үнемі хабарласып тұрыңыз. Хал-жағдайыңыз нашарлаған кезде және демікпе симптомдары артып, тыныс алу қиындаса – стационарға жату үшін жедел жәрдем шақыру керек.
kyzylorda-news.kz