Тәрбие тал бесіктен басталса...

Менің айтарым, сыбайлас жемқорлықпен күресу талбесіктен басталуы қажет. Өйткені жастайғы тәрбие мен санаға сіңірілген түйсік ғана кәдеге асады. Дұрыс тәлім алған жас өрен терең білім нәрімен сусындайды. Осындай ұрпақ ешкімге тәуелді болмай өмір сүреді. Ата-анасы адамгершілікке, әділдікке бала кезден баулыса «мен неге, не үшін пара беріп қызметке тұруым керек?» деген ұстаным, қабілет-күші, білім-білігі, ерік-жігеріне деген сенімі оянып, орнықты ұғым қалыптастырады. Мұндайда кадрлық әлеует күшейіп, халыққа адал қызмет ету мүддесі алға шығып, сыбайластық – жең ұшынан жалғасу азайып, тамыр-таныстық әлсіреген болар еді.
Мықты білім – жүйелі ізденген жанда ғана болады. Жоғары білім алып келген жас тамыр-таныс іздемей-ақ, сауаты арқылы қызметке тұрса, жемқорлыққа бой алдырмайды. Оның саналы тірлігі ешкімге пара бермей, ешкімнен алмай бұралаң-бұлтақсыз өтеді. Қызметке аларда кадрдың тегі мен нәсіліне қараумен бірге оның деңгейі мен біліміне аса мән берілуіне мұқият болуымыз керек. Бұл қоғамның әділдігі болып саналады. Жоғарыда «көкем отыр ғой» деген түсінік маманның ой-санасынан алыстап, дұрыс пікір қалыптасқаны жөн. Сонда билік пен байлыққа қызықпай, өз жолын табуға құлшынысы артып, сеніммен өмір сүруіне сеп болар едік деген пікірдемін. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте – жастайғы тәрбие мен білімнің орны бөлек деп отырғанымыздың себебі де осы.
Әділғазы ТОМАЕВ,
Аранды ауылдық округінің әкімі
Аранды ауылдық округінің әкімі