Әнұранды асқақтатып, Көк Туды желбіреткендер
Әнұранымыз бен Көк Туымыз туралы әңгіме болғанда көп жағдайда спортшыларымыз еске түсетіні анық. Өйткені ел намысын арқалаған оғландарымыз халықаралық додаларда атой салғанда еліміздің Әнұраны шырқалып, Көк Туымыз көкке көтеріледі.
Жаһандық бәсі биік бәсекелерден әлем және Азия біріншілігі, Азия ойындары және тағы басқа да халықаралық додаларды айтпағанның өзінде, еліміздің спортшылары төрт жылда бір келетін Олимпия ойындарында Әнұранымыз 16 мәрте шырқалып, 54 рет туымыз көкте желбіреді. Қазақстан Гимні ең алғаш 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XIX қысқы Олимпия ойындарында шырқалды. Бұл еліміздің тәуелсіз ел ретіндегі қатысқан бірінші Олимпиадасы еді. Көкшетау облысының тумасы Владимир Смирнов бір өзі Қазақ елінің Әнұранын шырқатып қана қоймай, тағы үш мәрте туымызды биікке көтерді. Ақ Олимпиадаға жиналған 62 мемлекеттің өкілдері бірінші рет Қазақстанның Әнұранын тыңдап, көк байрағымызға куә болды. Кейінгі жылдары көк мұз, ақ қардағы ойындарда туымыз 5 рет қана биікте желбіреді. 1998 жылы Наганода Людмила Прокашева мен Владимир Смирнов жүлдегерлер қатарынан көрінді. 2010 жылы Ванкуверде Елена Хрусталева күміс, 2014 жылы Сочиде Денис Тен және 2018 жылы Пхенчханда Юлия Галышева тұғырдың үшінші сатысынан көрініп, Көк Ту әуеде қалықтады.
Жазғы Олимпиадаларда Әнұранымыз шырқалмай, Көк Туымыздың көтерілмей қалған кезі болған жоқ. Мәселен, 1996 жылы мұхиттың арғы бетінде ұйымдастырылған Атлантадағы жазғы Олимпия ойындары мен кейінгі Рио Олимпиадасына дейінгі аралықта Әнұранымыз 15 рет әлемнің төрт құрлығында әуелеген екен. Атап айтар болсақ, АҚШ төрінде балуан Юрий Мельниченко, бессайысшы Александр Парыгин мен «Балқаш жолбарысы» деген лақап атқа ие былғары қолғап шебері Василий Жиров, ғасырлар тоғысындағы Сидней Олимпиадасында марқұм Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибраимов және желаяқ Ольга Шишигинаның арқасында Әнұранымыз жасыл құрлықта шырқалды. 2004 жылы Грекияның бас шаһары – Афинада өткен Олимпиадада боксшы Бақтияр Артаевтың құрметіне Қазақстанның Әнұраны орындалды.
2008 жылғы Бейжіңдегі жазғы Олимпия ойындарында сөзін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Жұмекен Нәжімеденов, әнін вальс королі Шәмші Қалдаяқов жазған Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы екінші Әнұранның Олимпиада төрінде тұңғыш рет шырқалуына Бақыт Сәрсекбаев себепкер. Тұла бойыңды шымырлатып, ерекше қуат беретін Әнұранымыздың әуені шырқалғанда Қытай көшелерінде қазақ жанкүйерлерінің қуанышында шек жоқ еді. Осы додада ауыр атлет Илья Ильин де топ жарып, Қазақстанның көк байрағын желбіреткен-ді. Алайда Халықаралық Олимпиада комитеті Ильинді допинг қолданды деп айыптап, алтын медалін кері қайтарып алған болтын.
2012 жылғы Лондонда алауы тұтанған XXX жазғы Олимпия ойындарында қазақстандық спортшылар 7 мәрте тұғырдың биік сатысынан көрінген-ді. Жарыстың алғашқы күнінде велоспортшы Александр Винокуров Олимпиада чемпионы атанып, барша Қазақ жұртын қуантқаны есімізде. Жарыс жолына шыққан ауыр атлеттеріміз Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова және Илья Ильин ел қоржынына алтын жүлде салып, әнұранымызды әуелеткен. Бірақ тағы да сол допинг мәселесі көтеріліп, ХОК Лондонда бас жүлде алған зілтеміршілеріміздің нәтижелерін жоққа шығарып, еңсемізді түсіргені рас. Дегенмен кез келген жарыста орғып та, қарғып та секіріп жүлде алатын Ольга Рыпакова бұл жолы да жүрісінен жаңылмай, Лондонда Көк Туымызды биікке көтерді. Ал Олимпиаданың соңғы күнінде боксшы Серік Сәпиев жарыс қожайыны Фредди Эванстан алтын жүлдені жұлып алып, Қазақ елінің абыройын Тұманды Альбионда асқақтатты.
2016 жылы Рио төрінде өткен Олимпия ойындарында да үш спортшымыз дара шықты. Бразилияда еліміздің көк байрағын ең бірінші жүзу спортының өкілі Дмитрий Баландин желбіретіп, Әнұранымыз әуеледі. Оның ізін ала Ниджат Рагимов жүрегіне қолын қойып, Әнұранымызды аренаға жиналған барша жұртпен бірге шырқап тұрып қуаныштан көз жасын тыя алмады. Одан кейін Әнұранды асқақтатып, Көк Туымызды даңқты боксшы Данияр Елеусінов көтерді. Марапаттау рәсімінде Әнұранды тебірене шырқаған Елеусіновтің қуанышы Алаш жанкүйерлерінің қуанышына ұласқан-ды.
Жазғы Олимпия ойындарында байрағымызды екі рет желбіреткен оғландарымыз да жетерлік. Мәселен, боксшылардан Болат Жұмаділов Атланта (1996) мен Сиднейде (2000), Әділбек Ниязымбетов Лондон (2012) мен Рио (2016), нысана көздеуден Сергей Беляев (Атланта) Олимпиадасында екі рет күміс жүлде, ал Иван Дычко 2012 және 2016 жыл қола медаль олжалап, екі Олимпиадада туымызды көтерген. Ал тағы екі саңлағымыз, яғни боксшы Ермахан Ибраимов (1996, қола) пен велоспорт өкілі Александр Винокуров (2000, күміс) төртжылдықтың басты додасында алғаш туымызды биікте көтерді. Төрт жылдан кейін Е.Ибраимов Сиднейде, 12 жылдан соң Винокуров Лондонда Әнұранымызды Олимпиада аренасында шырқатқан-ды. Бұдан бөлек, тағы 37 спортшымыз Қазақстанның Көк Туын Олимпиадада желбіреткенін айта кетейік.
Әрине Қазақ елінің оғландары келесі жылы Жапон елінде өтетін жазғы Олимпия ойындарында да Көк Туымызды биікте самғатып, әсем Әнұранымыздың әуенін Күншығыс елінде де шырқатады деп сенеміз.