Карантиннен – тіршілікке
Ал Қазақстандағы жағдай тұрақталып келеді. Бұған дейін оқшауланып, қатынас тоқтаған үлкен қалалардың қақпасы ашылды. Тағы бірқатар халыққа қызмет көрсету орындарының жұмысына рұқсат берілді. Ал жексенбі күні әлеуметтік орындар мен бірқатар кәсіпкерлер жұмысын бастады.
25 мамыр күні сауда ойын-сауық орындарының қызметі қалпына келтірілді. Бірақ кешкі сағат 21:00-де есіктері жабылады. Әлі де болса балалардың ойын алаңдары мен кинотеатрлардың келушілерді қабылдауына болмайтынын айта кетейік. Оның орнына фитнес клуб, тренажерлік залдар мен бассейндер ғимарат ішіне жиырма адамнан аспайтын шартпен жұмыс істейді. Сауналар мен қоғамдық тамақтану объектілеріне баруға 30 адамнан асып кетпесе ешкім кедергі жасамайды. Тек кешкі сағат 21:00-ге дейін саунадан шығуыңыз керек. Мейрамханада ауқаттанушыларға да 22:00-ден кейін қызмет көрсетілмейді.
Сонымен бірге осы дүйсенбіден бастап ауданда санитарлық-дезинфекциялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ете отырып, 6-11 сынып оқушыларына қосымша білім беру орталықтары жұмыс істейді. Бірақ жеке дайындықтағы бала саны біреуден, топпен өтетін қосымша оқыту он оқушыдан аспауы қатаң бақылауда болады. Оған қоса әрбірінің арақашықтығы 1,5 метрден кем болмауы тиіс. Орталықтарға сағат 17:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді.
Бұдан бөлек халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы сағат 18:00-ге ұзартылды. Алайда аса маңызды қажеттілік болмаса әлі де үйде онлайн қызмет алған дұрыс. Коронавирус түптамырымен жойыла қоймағанын есте ұстап, сақтық шараларын босаңсытпауға шақырамыз.
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ