Карантин режимі жеңілдейді
Елдегі коронавирустың таралуына тоқтау қойылғанымен бұл індет толық ауыздықталды деген сөз емес. Сондықтан сақтық шараларын, карантин ережелеріне мән бермеуге болмайды.
Осыған байланысты кеше Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №12 қаулысы жарыққа шықты. Онда инфекцияның таралуының алдын алу мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сәуір айының басында енгізілген шектеу шараларының мерзімі ұзартылатыны айтылған. Алайда карантин режимі күн өткен сайын кезең-кезеңімен жеңілдейтін болады.
Ең алдымен дүйсенбіден бастап азық-түлікке жатпайтын тауарларды саудалайтын дүкендер жұмысына рұқсат берілді. Енді олар кешкі сағат 17:00-ге дейін тұтынушыларды қабылдай алады. Сонымен бірге «салондағы орындықтардан жолаушылар саны артық болмауы керек” деген шартпен қоғамдық көліктер де сағат 21:00-ге дейін халыққа қызмет көрсетеді. Қоғамдық моншалар таңертеңнен қас қарайғанша адам саны мен нысан аумағының көлеміне сай жұмыс істей бермек. Бұдан бөлек сағат жөндеу шеберханасы, химиялық тазалау, фотосалон мен жарнамалық агенттіктер және сұлулық салоны ұсынатын барлық қызмет түрлерін көрсетеді. 11 мамырдан басталатын карантинді жеңілдетудің бірінші кезеңіне аталған кәсіп иелерімен қатар көрерменнің қатысуынсыз 30 жұмысшыдан аспайтын талаппен мәдениет, жаттығу жасау үшін 30 спортшыдан аспайтын спорт нысандары қызметіне кірісті. Ал құрылыс материалдарын сататын кәсіпкерлер таңғы 10:00-ден 18:00-ге, жұмыспен қамту орталықтары 17:00-ге дейінгі кестеге бағынады. Айта кету керек, қасиетті айда тұтынушылар мал базарына сәрсенбі және сенбі күндері таңғы сағат 4:00-ден 9:00-ге дейін ғана бара алады.
Шектеу шараларын жеңілдетудің төртінші кезеңі осы айдың 18-нен басталады деп жоспарланып отыр. Бұл ретте балабақшаның кезекші топтары, көрерменсіз мәдениет нысандары мен алдын ала қабылдауға тіркеу жүргізген халыққа қызмет көрсету орталықтары әдеттегі ісіне кірісуі тиіс. Мұнда да қызметкерлердің 50 адамнан аспауы қадағалануы шарт.
25 мамырда басталатын бесінші кезең бойынша қонақ үй кешендері келушілерді қабылдай алады. Бұл күннен бастап сауда, ойын-сауық орталықтары, балаларды түзету кабинеттері мен ломбард есіктері де клиенттер үшін айқара ашылады. Алайда жаңа ережеде фут-корд, балалардың ойын алаңдары мен кинотеатрлардың жұмысына, әзірше рұқсат берілген жоқ.
Індеттің ел экономикасына тигізген зардабы орасан екені белгілі. Десек те “Жаным – арымның, арым – малымның садақасы” деген тәмсілді ұстанған қазақ жұрты карантин ережелері ел амандығын көксейтінін ұмытпағаны жөн. Сондықтан әлі де болса тұрғындар адам көп шоғырланатын жерге бармай, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауы керек.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ