Алдағы мақсатымыз – әлемдік деңгейдегі университетке көшу
Бүгінде 90 жылдық даму тарихы бар Қазақ ұлттық аграрлық университеті еліміздегі жетекші аграрлық жоғары оқу орны ретінде нарықта сұранысқа ие кадрларды дайындау бағытында жұмыстар жүргізуде. 2010 жылдан бастап ЖОО ұлттық зерттеу университетіне трансформациялануда және осы жолда қомақты нәтижелерге жетуде. Жоғары оқу орнының бүгінгі сапалы дамуындағы жаңа кезең – ол әлемдік деңгейдегі университет позициясына көтерілуі.
Қазіргі уақытта 2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасының өзектілігі технологиялық қайта жарақтандыруды талап етуде. Оны ғылым мен білімсіз іске асыру мүмкін емес. Аталған бағдарлама аясында отандық аграрлық ғылым мен білім жаңа форматқа көшірілуде.Сондықтан оқу орнында әлемдік деңгейдегі зерттеу университетінің өзіндік тұжырымдамасы әзірленген. Осының аясында «ғылыми таланттарды» (оқытушылар мен студенттер) тарту, білім алу және АӨК басым бағыттары бойынша ғылыми-зерттеулер жүргізу үшін қажетті ресурстарды шоғырландырып, тиімді менеджмент қолдану қажет.
ҚазҰАУ отандық ауылшаруашылық білім мен ғылымды жан-жақты дамытуда жүйелі жұмыс жүргізіп, елдің мамандарға сұранысына сәйкес білім беру бағдарламалары спектрін тұрақты түрде кеңейтуде. Мамандар дайындаудың сапалық деңгейін арттырып, тек Қазақстанда емес, шет мемлекеттерде де өзін мойындатып келеді.
2017 жылы университет Webometrics Ranking of World Universities рейтинг көрсеткіштері бойынша қазақстандық жоғары оқу орындары арасында 3-орынды иеленді. Бұл рейтинг Мадридте орналасқан Испания ұлттық зерттеу кеңесінің (CSIC) Cybermetrics Lab базасында жарияланған. Рейтинг көрсеткіштерінде интернетте ғылыми қызмет нәтижелері ашық жарияланады және әлем бойынша 12 мыңнан астам университеттің веб-индикаторларын қамтамасыз етеді. UI Green Metric ғаламдық рейтингісі бойынша университет 423 орынды иеленіп, әлемдегі 500 топ-университеттер қатарына енді. Индонезия университетінде негізі қаланған бұл рейтингтік платформа «экологиялық таза» саясатты енгізуге және білім беру кеңістігінде іс-әрекет өзгерістерін басқаруға арналған.
2018 жылы QS Quacquarelli Symonds (Англия) рейтингісінде университет 651 орынды иеленді. Бұл бағалау жүйесіне сай, жоғары оқу орны ғылыми-зерттеулер саласындағы беделділік, оқытушылар құрамының студенттер санына қатынасы, сілтеме жасау индексі, шетелдік студенттер мен шетелдік оқытушылардың үлесі секілді көрсеткіштер бойынша бағаланады.
Бүгінде университет елдің АӨК саласына қажетті жоғары білікті мамандарды дайындауда көшбасшылардың біріне айналды. Отандық жоғары оқу орындарының ішінде алғашқылардың бірі ретінде университет 2010 жылдан бастап жобалық басқарудың халықаралық стандарттарын пайдалана отырып, әлемнің ғылыми орталықтары мен жоғары оқу орындарының 13 халықаралық сарапшыларымен бірлесе отырып ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 2015 жылы университет еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі болып тәуелсіз басқаруды іске асыру мақсатында жаңа ұйымдастыру-құқықтық формада қайта құрылып, БҒМ қарамағынан АШМ құзырына өтіп, сол жылы университетте 8 инновациялық орталығы, 6 ҒЗИ, 31 инновациялық зертханадан тұратын үздік халықаралық тәжірибелер мен технологиялар тарту үшін Агротехнологиялық хаб құрылды.
Қазіргі таңда ҚазҰАУ ғылыми-білім беру франчайзингі трансферті негізінде әлемдік деңгейдегі университет моделін құруды жоспарлауда. Бұл бағытта шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының тәжірибесі зерттелді. Қазақстанда мұндай франшиза тәжірибесі бар. Мәселен, Назарбаев Университеті Дьюк Университетімен (АҚШ) бизнес білім беру бойынша жұмыс істейді.
Бүгінде ҚазҰАУ өзінің инновациялық даму жолында әлемдегі аграрлық жоғары оқу орындары арасында 1-орында тұрған Вагенинген университетінің (Нидерланды) және QS рейтингінде 8-орында тұрған Мичиган университетінің (АҚШ) тәжірибесіне сүйенеді. Жуырда біздің ұжымның ғалымдары Вагенинген университетінде болып, өзара тиімді ынтымақтастық туралы келісімге келіп, білім алушыларды бірлесе оқытудың негізгі бағыттарын айқындады.
Қазіргі уақытта қос дипломдық бағдарламаларды іске асыру мақсатында Александрас Стульгинскис университеті (Литва), Брест мемлекеттік техникалық университеті (Белоруссия), Путра университеті (Малайзия), Нитрдағы Словац аграрлық университеті (Словакия), Вайнштефан университетімен (Германия) бакалавриат пен магистратура деңгейінде «Су ресурстары және суды пайдалану», «Тағам қауіпсіздігі», «Биотехнология», «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы», «Қайта өңдеу өндірістерінің технологиясы», «Аграрлық техника және технология», «Экономика», «Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау», «Аграрлық менеджмент» мамандықтары бойынша келісімдер жасалуда. Бұқаралық ашық онлайн-курстарды дамыту бойынша жұмыстар қолға алынып, «жаңа мамандықтар атласы» негізінде білім беру бағдарламалары әзірленуде.
Университеттегі Агробизнесті стратегиялық зерттеу орталығында студенттер екінші курстан бастап агроқұрылымдардың нақты деректері бойынша бизнес-жоспарлар әзірлеп үйренеді. Дипломдық және өзіндік жұмыстары өндіріске енгізілетін стартап-жобаға айналады. Биыл ғана 200 стартап ұсынылып, 10 жоба 150-ден 1000 АҚШ доллары көлеміндегі сыйақыға ие болды.
Студент, магистрант, PhD докторанттарды оқыту барысында, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірінде елдегі барлық 177,5 мың шаруа (фермер) қожалықтарының 80% шоғырланғандықтан, АӨК мамандарын қайта дайындауда заманауи цифрлы технологияларды пайдалану мақсатында Ситуациялық орталық ашылды. Ситуациялық орталықты қосымша жабдықтау ауыл шаруашылығы салаларының тиімділігін арттыруға, аграрлық сектордағы ақпараттық-сараптау және болжауды жақсартуға, GIS технологиялар, бағдарламалық талдау және үлкен деректердің аналитикасы негізінде жедел басқару шешімдерін тиімді, әрі дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні ҚазҰАУ алдында әлемдік деңгейдегі университет құру міндеті қойылған. Бұл мақсаттағы жобаларымызды жүзеге асыру білім сапасын арттырып, озық шетелдік тәжірибелерді университетке және Қазақстанның басқа да жоғары оқу орындарына енгізу барысын жеделдетеді. Осының нәтижесінде түлектерді жұмыспен қамтамасыз ету көрсеткішін 95%-ға жеткізу, ал еліміздің АӨК-тегі еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру жоспарланып отыр. Біздің ұжым осы маңызды міндеттің табысты орындалуына барлық күш-жігерін жұмсайтын болады.
Тұрғанбаева Г.Е, Ахметова Г.Д
Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетінің Биология
қауіпсіздік кафедрасының қауымдасқан профессорлары
Лицензия №KZ42LAA00006720
25.03.2016 жылы берілген