Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Онлайн-ауызашар: карантин кезіндегі мешіттер жұмысы

Онлайн-ауызашар: карантин кезіндегі мешіттер жұмысы

Қазақстанда төтенше жағдай режимі ұзартылды. Ал карантин шараларын жеңілдетіп жатыр. Дегенмен, мешіттер әзірше ашылмайды. Мүфтият діни рәсімдерді онлайн режимде атқарып келеді. Соның ішінде құран бағыштау, уағыз-насихит, Құран хатым мен діни дәрістер бар. Тіпті, ауызашарға да онлайн түрде тапсырыс беруге болады.

"Батамен ел көгерер"
"Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы Ерболат Нұрылдаұлының айтуынша, карантинге байланысты жамағатпен бірге намаз оқуға мүмкіндік болмаса да, батаға онлайн режимде қосылуға болады. Мәселен, Instagram желісіндегі muslim.kz парақшасы арқылы имамдар әрбір он бес минут сайын құран бағыштап, дұға жасайды. Халық онлайн режимде қосылып, іштен қайтыс болған туған-туыстарын атай алады.
"Әрбір мұсылман садақа бергенде құран оқылып, дұға бағышталғанға үйренген ғой. Біз осы олқылықтың орнын толтырып, еліміз дұғасыз, батасыз қалмасын деп, онлайн "Батамен ел көгерер" деген үлкен жобаны қолға алдық. Діни басқармаға қарасты Hikmet TV арқылы асыр намазынан кейін Құран хатым оқылады", - дейді Нұрылдаұлы.
Бұдан бөлек, "30 күнге – 30 уағыз" жобасы аясында күніне үш рет имамдардың дәрістері ұйымдастырылады. Оны мүфтияттың Youtube арнасынан және Instagram парақшасынан көруге болады.

Ауызашар қалай ұйымдастырылады?
Төтенше жағдайға байланысты мешітте бұрынғыдай көп адам жинап, ауызашар ұйымдастыруға болмайды. Дегенмен, тапсырысты онлайн түрде беруге мүмкіндік бар. Онымен "Әзірет Сұлтан" мешітінің жанындағы "Sharapat" еріктілер орталығы айналысады. Оған наиб имам Естай Айтуғанұлы жетекшілік етіп жүр. Айтуынша, ауызашар тағамдары тегін таратылады. Осы жұмысқа 50 ерікті тартылып отыр.
"Әрине, бұның барлығы – демеушілердің көмегі. Олар өздері хабарласып, осыншама адамға ауызашар тағамдарын таратайын деп тапсырып береді. Бір пакеттің бағасы – 1 800 теңге. Біз әрбір ауызашар тағамын мешітімізде тіркелген және ауыз бекіткен адамдарға таратып отырамыз", - дейді Айтуғанұлы.
Оның сөзіне қарағанда, "Рамазан шуағы" қайырымдылық акциясы аясында ауызашар тағамдары көпбалалы отбасыларға, мүгедектер мен зейнеткерлерге де таратылады.
"Көптеген демеушілер біздің акциямыз туралы енді-енді естіп жатыр. Қазір хабарласып жатқандардың саны күн сайын артып келеді. Соған қарағанда, айдың ортасына қарай немесе аяғына қарай мыңдаған отбасына таратамыз", - деп атап көрсетті Айтуғанұлы.
Биыл қасиетті Рамазан айы төтенше жағдаймен сәйкес келді. Осыған байланысты жұқпалы індеттің алдын алу үшін мешіттерде жұма, тарауық, күнделікті жамағат намазы уақытша оқылмайды. Сонымен қатар, мешіт пен қоғамдық орындарда ауызашар берілмейді. Ал пітір садақаның мөлшері 370 теңге деп бекітілді. Оны онлайн түрде аударуға болады.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, ораза кезінде антисептікті қолдануға болады. Себебі елімізде төтенше жағдай жарияланған. Ал антисептиктің құрамында спирт болса да, адамның денсаулығын қорғайды. Шариғат бойынша адамның денсаулығын қорғайтын заттарды қолдануға болады. Одан ораза бұзылмайды. Ал ауызашарды жасаудың бірнеше жолы бар.
"Ауыз бекіткен жандарға азық-түлік жеткізіп берсеңіз де, ауыз аштырғанның сауабын аласыз. Тіпті, көмекке мұқтаж отбасыларға ауызашарға кететін шығынды беріп, қаржылай қолдау көрсетсеңіз де, мол сауапқа кенелесіз. Осы ретте барша отандастарымды көмекке мұқтаж отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетуге, еліміздегі мешіттер арқылы ораза тұтқан отандастарымызға ауызашар тағамдар таратуға шақырамын", - дейді Тағанұлы.

28 сәуір 2020 ж. 907 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031